Трамп Ресейден басқа 185 елге баж салығын енгізбек

АҚШ президенті Дональд Трамп шетелден әкелінетін барлық тауарға баж салығы енгізілетінін жариялады, - деп хабарлайды Мalim.kz тілшісі dw-ге сілтеме жасап.
Импорттық өнімге АҚШ әкімшілігі өзара іс-қимыл принципі бойынша кедендік баж салатын 185 мемлекеттің тізімін Дональд Трамп Truth Social желісіндегі парақшасында жариялады.
АҚШ президенті Дональд Трамп шетелден әкелінетін барлық тауарға 10% баж салығын енгізетінін жариялады. Кейбір елдер үшін бұл көрсеткіш одан да жоғары болды: Қытай – 34%, Еуроодақ елдері – 20%. Қазақстанға салынатын баж салығы 27% деңгейінде белгіленді. Ал Ресей бұл тізімге кірмеді.
Импорттық тарифтер туралы жаңа шешім
Трамп сәрсенбі, 2 сәуір күні Ақ үйде өткен баспасөз мәслихатында бұл шешімін ресми түрде мәлімдеді.
"АҚШ-қа қатысты қандай сауда саясаты жүргізілсе, біз де солай жауап береміз. Бұл – Америка тарихындағы ең маңызды күндердің бірі", - деді ол.
Ақ үй кейіннен әлеуметтік желідегі ресми парақшасында әр елге қатысты баж салығының пайыздық мөлшерін жариялады:
Қытай – 34%
Еуроодақ елдері – 20%
Швейцария – 31%
Израиль – 17%
Қазақстан – 27%
Вьетнам – 46%
Камбоджа – 49%
Лаос – 48%
Ұлыбритания, Бразилия, Аргентина, БАӘ, Украина – 10%
АҚШ-қа автокөлік импорттауға жаңа баж салығы
Трамп сондай-ақ 3 сәуірден бастап елге әкелінетін кез келген автокөлікке 25% баж салығы енгізілетінін растады. 3 мамырдан бастап автокөлік бөлшектеріне де қосымша тарифтер қолданылады. АҚШ президентінің айтуынша, бұл шара "ұлттық қауіпсіздікке төнген қатердің" алдын алуға бағытталған.
Фото: White House / Flickr


Ең көп оқылған
