457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Украинада әскери жағдай тағы 90 күнге ұзартылды

Украинаның Жоғарғы Радасы 15 шілде, сейсенбі күні елдегі әскери жағдай мен жалпы мобилизация режимін тағы 90 күнге – 2025 жылғы 5 қарашаға дейін ұзарту туралы шешім қабылдады. Бұл туралы депутат Ярослав Железняк өзінің Telegram-арнасында мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.

Оның айтуынша, №13471 және №13472 заң жобаларын 320 депутат қолдап, біреуі қарсы дауыс берген. Бұл шешім 7 тамызда күшіне енеді.

Бұл – Ресейдің Украинаға толыққанды басып кіруінен бері әскери жағдай режимінің 16-шы рет ұзартылуы. Украина алғаш рет өз тарихында әскери жағдайды 2022 жылғы 24 ақпан күні енгізген болатын. Сол кезден бері бұл режим әр 90 күн сайын ұзартылып келеді.

Әскери жағдай режимі Украина билігіне бірқатар шектеулерді енгізуге құқық береді. Соның ішінде – сайлау өткізуге тыйым салынады. Осыған байланысты 2024 жылға жоспарланған кезекті президент сайлауы өткізілген жоқ.

Сондай-ақ бұл режим аясында мемлекет егемендікке қауіп төндіретін саяси партиялардың қызметіне тыйым сала алады, митинг, демонстрация және басқа да бұқаралық іс-шараларды өткізуге шектеу қоюы мүмкін.

Бұдан бөлек, билік ел аумағында еркін жүріп-тұруға, көлік қозғалысына – украин азаматтарына да, шетелдіктерге де – шектеу енгізе алады. Мемлекет кей санаттағы тұрғындарға еңбек міндеткерлігін немесе қоғамдық жұмыстарды міндеттеуі мүмкін. Әскер қажеттілігі үшін мүлікті мәжбүрлі түрде алу да рұқсат етіледі.

Фото: Press Service Of The President Of Ukraine/AP Photo/picture alliance