Украинаның Сумскі қаласына жасалған соққыдан 100-ден аса адам жараланды
Журналист Нұргелді Әбдуғани Украинадағы Сумскі қаласына жасалған соққы туралы айтты

Журналист Нұргелді Әбдуғани Украинадағы Сумскі қаласына жасалған соққы туралы айтты, - деп хабарлайды Malim.kz тілшісі.
Ресей кеше Украинаның Сумскі қаласына балистикалық зымыранмен соққы жасады. Әскери нысанға емес, азаматтық нысанға соққы жасалды. 119 адам жараланды. 34 адам қаза тапты. Жараланғандар да, қаза тапқандар да бейбіт халық пен бейкүнә балалар. Соққы Сумскі қаласындағы шіркеудің маңына, тапа-талтүсте жасалды.
Зеленский: "Путин АҚШ-тың ұрысты тоқтату туралы ұсынысын құлағына да ілмей отырғалы екі ай болды. Мен Путинді 100 пайыз жек көремін. Тіпті, 99,9 пайыз емес, толық 100 пайыз! Бірақ біз ұрысты тоқтатып, келіссөзден бас тартпадық. Ал Путин ше? Путин соғысты тоқтатқысы келмейді. Егер біз Путинді қазір тоқтатпасақ, мұның ақыры үшінші дүниежүзілік соғысқа ұласады", - деді.
Әлемнің өркениетті елдері Ресейдің бұл соққысын қатаң айыптап жатыр. Тіпті, АҚШ билігінен мемхатшы Марко Рубио, арнайы өкіл Кит Келлогтер айыптап сөйлесе, президент Трамп мұны: "Өрескел қателік", - деп сылап-сыйпап қойды.
Сумкі қаласы – Ресейдің потенциалды көз тіккен аумақтарының бірі. 260 мыңға жуық адам өмір сүріп жатқан қала. 2022 жылғы 24 ақпанда Ресей соғыс ашқан алғашқы күннен Ресей әскері Сумкіні алуға тырысты. Күн сайын шабуылды тоқтатпады, қаланы қоршап алуға тырысты. Бірақ, Сумкі табандап тұрып, қарсылық көрсетті. Ақырында, 8 сәуірде Ресей Сумкіден шегінді.
Әуелгі шабуылдар Сумкі облысындағы Ахтырка және Конотоп қалашықтары үшін жүрді. Глуховтен өткен басқыншы әскерді Украина әскері Уж өзенінде тоқтатты. Жалпы осы уақыт аралығында: Сумскі облысының Лебедин, Ромны, Кролевец, Шостка және Тростянец қалашықтары мен Великой Писаревки, Солдатское, Бобрик, Скрипали, Великий Самбор, Дептовка, Голинка, Белополие, Буринское, Путивловское, Новое Слобода ауылдары басқыншылардың шабуылына төтеп беріп, ақырында басқыншы әскерді кері шігіндірді.
Ал өткенде Украина пзеиденті: "Ресей әскері Украинаның Сумкі және Харьков облыстарын жаулап алуды көздеп отыр", - деп мәлімдеген.
Фото: hromadske.ua
Авторы: Нұргелді Әбдуғани