Бас прокуратура терроризмді насихаттағаны және террорлық актілер туралы көрінеу жалған хабар таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік бар екенін ескертті. Қадағалау органы жаза тек тікелей үндеулер үшін ғана емес, терроризмді қолдаудың өзге де түрлері үшін қарастырылатынын атап өтті, деп хабарлайды Malim.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Қылмыстық кодекстің 256-бабы («Терроризмді насихаттау немесе террорлық акт жасауға жария түрде шақыру») бойынша 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлікті тәркілеу жазасы көзделген. Ал егер бұл әрекеттер бұқаралық ақпарат құралдарын, телекоммуникация желілерін немесе онлайн-платформаларды пайдалану арқылы жасалса, жауапкершілік едәуір күшейтіліп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғуы мүмкін.
«Қылмыстық жауапкершілікке тек тікелей үндеулер ғана емес, терроризмді қолдаудың өзге де түрлері жатады. Атап айтқанда, жасалған террористік актіні мақұлдау немесе қолдау, соның ішінде әлеуметтік желілердегі пікірлер немесе өзге жарияланымдар арқылы білдіру де терроризмді насихаттау ретінде бағаланады», – деп ескертті Бас прокуратурада.
Сонымен қатар қадағалау органында Конституциямен кепілдік берілген сөз бостандығы конституциялық құрылысты күшпен өзгертуге, аумақтық тұтастықты бұзуға, мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге, соғысқа, сондай-ақ қатыгездік пен зорлық-зомбылықты дәріптеуге жол бермейтінін атап өтті.
Интернетте және әлеуметтік желілерде мектептерді, сауда орталықтарын, әуежайларды, вокзалдарды және басқа да әлеуметтік маңызы бар нысандарды миналау туралы көрінеу жалған хабарламалар жиі тарайды. Мұндай әрекеттер үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қоса алғанда, қылмыстық жауапкершілік көзделген.
«Өткен жылы жалған терроризм фактілері бойынша сотқа 25 қылмыстық іс жолданды. Соның бірінде 11-сынып оқушысы өзгенің атын жамылып, дауысын өзгертіп және IP-мекенжайды ауыстыру бағдарламаларын қолдана отырып, Жетісай қаласындағы мектептердің біріне жарылғыш құрылғы қойылғаны туралы полицияға хабарлаған. Жеке басын жасыруға тырысқанына қарамастан, қоңырау шалған адам анықталып, 1 жылға бостандығын шектеу жазасына сотталды. Тағы бір жағдайда Ақтау қаласының тұрғыны білім беру мекемелерінің бірінде бомба бар деген жалған хабар үшін 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды», – деп хабарлады Бас прокуратурада.
Ведомство әрбір осындай хабарлама ТЖМ, полиция, ҰҚК бөлімшелері мен жедел жәрдем бригадаларын тарта отырып, ауқымды тексерулер жүргізуге әкеп соғатынын еске салды. Бұл жұмыстарға жұмсалған күш пен қаражат та кінәлі тұлғалардан өндіріліп алынады.
«Бас прокуратура азаматтарды саналы болуға, ал ата-аналарды балалардың интернеттегі және әлеуметтік желілердегі мінез-құлқы мен белсенділігіне ерекше көңіл бөлуге шақырады. Тіпті зиянсыз көрінетін “әзілдің” өзі ауыр құқықтық салдарға әкеліп, адамның тағдырын біржола өзгертуі мүмкін», – деп қосты қадағалау органы.