А. Мұхамедиұлы: қызымда базар, енемде қонақүй, әйелімде компания, баламда колледж бар...
Бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен оның отбасына тиесілі байлық жайлы аноним видео тарағанда, оны "жала жабу" мен "ақпараттық шабуылға" балап, "аузына май" деген еді экс-министр. Одан кейін Malim.kz зерттеу жүргізіп, Арыстанбек Мұхамедиұлының отбасында қандай бизнес бар екенін анықтап, соқырға таяқ ұстатқандай дәлелдеп берген еді. Содан бері біраз ойланып, дүние-мүлкін түгендеп шыққан А.Мұхамедиұлы енді бастапқы аноним видеода айтылған нысандардың біразы әйелі мен балаларынікі екенін мойындады.
"Qasqa jol" Youtube-арнасына сұхбат берген Арыстанбек Мұхамедиұлы әйелі мен балаларының атында қандай компаниялар мен нысандар бар екенін айтып берді. Экс-министрдің айтуынша, "қазір оны жасыру мүмкін емес".
"Қазір өте оңай, интернетті ашсаңыз енемнің, әйелімнің, балаларымның атындағы фирмалар бар. Оны жасыру мүмкін емес, жасырудың керегі де жоқ. Ол заңды отбасылық бизнес. Егер мен оны жасырсам, офшор компаниясына жаздырар едім. Немесе шетелге алып шығатын едім, егер қашатын болсам. Енді мен ондайға қашып жатқаным жоқ. Нақты жұбайымның, балаларымның атында тұр", - дейді Арыстанбек Мұамедиұлы.
Ақпан айында Арыстанбек Мұхамедиұлының байлығы жайлы тараған аноним видеода экс-министрдің отбасына астанадағы The Family кафесі, "Дипломат" қонақ үйі, Bali SPA wellness & fitness орталығы,"Шапағат" базары, Алматыдағы ат-спорт кешені, жеке меншікке өтіп кеткен "Қазақ энциклопедиясы" ЖШС мен Көктөбе баурайындағы коттедж тиесілі екені айтылған еді. Бірақ экс-министр сол уақытта Facebook парақшасында оны "жала жабуға" балады. "Достар, мұнда бір видео белсенді түрде таратылуда, маған оны бүгін 10 мәрте жіберді. Ауызына май, дегендей... Шамасы, жала жабу мен арандатулар әлі көп болатын сияқты: кезекті ақпараттық шабуыл қарқын алуда. Әдеттегідей, анонимді, жалған... Әр кезде ұмытпайтындарыңызға рақмет", - деп жазады А.Мұхамедиұлы.
Malim наурыз айының басында экс-министрдің отбасына тиесілі компанияларға тоқталып, зерттеу жариялаған болатын. Сол зерттеуде аноним видеода айтылған компанияларды біразы расында да Арыстанбек Мұхамедиұлының әйелі Ғалия Нығметованың атында екенін ашық деректермен дәлелдеген едік. Сондай-ақ оның балаларына тиесілі компанияларға да тоқталдық.
Ал енді кеше Qasqa jol Youtube-арнасына сұхбат берген бұрынғы министр жұбайының атында The Family кафесі, Қазақ-Швейцар халықаралық колледжі, "Қазақ энциклопедиясы" ЖШС, балаларының атында Alem education systems компаниясы бар екенін мойындады. Сонымен қатар видеода айтылған астанадағы "Шапағат" базарының 45 пайызы қызы Айжан Мұхамедиге, ал "Дипломат" қонақ үйінің 71 пайызы енесіне тиесілі екенін айтты.
"Жұбайымның атында The Family деген кафе бар, қазір "Қазақ энциклопедиясын" өткен жылы сатып алғанбыз. Ол нақты жұбайымның атында. Екі ұлымның атында жаңадан ашылған кішкентай компания – Alem education systems бар. Ол білім беру орталығы. Бұл неге керек, сізге айтайын, колледжді де (Қазақ-Швейцар колледжін) алдық. Оның бағыты туризм, аударма ісі, қонақ үй бизнесі, аспаз ісі. Осы салада жүрген соң, туризм саласын өзім біраз уақыт басқарғаннан кейін білеміз, бізде сервис жоқ. Мен ойлап-ойлап, қонақ үй мен колледжді біріктіріп жатырмын. Неге десеңіз, колледжді азаматтар бітіреді, практикаға бір жерге барса, оны ешкім ресторанға кіргізбейді", - дейді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
А.Мұхамедиұлы ары қарай "Дипломат" қонақ үйіне тоқталды: "Дипломат" қонақ үйінің 71 пайызы енемнің атында. Өткен жылы сатып алдық".
Сонымен қатар ол аноним видеода көрсетілген SPA орталық осы "Дипломаттың" ішінде екенін айтты.
А.Мұхамедиұлы жастайынан еңбекқор болып, жұмыс істегенін, 2000 жылдары әйелі екеуі Якутиядан қайын ағасы жіберген гаухартастарды сататын дүкен ашып, бизнес жүргізгеніне тоқталды. Сөйтіп, кейін газ компаниясы "ұсыныс білдірді".
Бірнеше жыл бұрын ақпарат құралдары Арыстанбек Мұхамедиұлының әйелі Ғалия Нығметоваға Алматы облысындағы "Тәуекел-Т" газ компаниясы тиесілі екенін жазған. Экс-министр газ компаниясынан ұсыныс түскен соң әйелі қабыл алғанын жеткізді.
"Сонда менің әйелім тек қана үйде отыруы керек пе? Мен айтар едім, әр қазақтың азаматы ауқатты болсын, алдыға қарай жылжысын, мүмкіншілігі болсын", - дейді А.Мұхамедиұлы.
Бірақ экс-министрдің айтуынша, кейін газ компаниясындағы үлесті сатып, басқа нысандар сатып алынған.
А.Мұхамедиұлы видеода көрсетілген Көктөбедегі сарай өзінікі емес екенін жеткізді. Бірақ өзінің тұратын жер үйі 540 шаршы метр екенін айтты.
Экс-министрдің айтуынша, "Шапағат" базары –"сыйлықтың бір түрі".
"Шапағат" базары мен айтайын, интернетте құрылтайшылары бар, бәрі жазылған. Айжан Мұхамеди менің тұңғыш қызым сондай ұсыныс болған соң, жақын араласып жүрген азаматтар болған соң, біз оны бизнес түрінде емес, бір-бірімізге қарым-қатынасымыз, бір-бірімізге жақын болсын деген ырыммен алынған дүние ғой. 45 пайызын сатып алды. Оның бәрін біз 2020 жылы алдық", - дейді А.Мұхамедиұлы.
Бірақ А.Мұхамедиұлы әйелінің атында ат-спорт кешені барын мойындамады. Дегенмен А.Мұхамедиұлының әйелі Ғалия Ысқақованың "Tulpar Resort" компаниясы бар. Компания Алматыдағы Жетісу ауданы Жансүгіров 262/2 мекенжайында орналасқан. Ал тура осы мекенжайда атсүйер қауым жақсы білетін "Тұлпар" ат-спорт кешені тұр. Malim бұл туралы бұрынырақта жазған еді.
Аноним видео тараған бетте "аузына май" деп оны ақпараттық шабуылға балаған А.Мұхамедиұлы енді неге қонақ үй, базар, білім беру орталығы, колледж бен "Қазақ энциклопедиясының" отбасына тиесілі екенін мойындады? Біздіңше, бұған видео тараған соң Malim.kz-тің қолға ұстатқандай етіп, Мұхамедиұлының әйелі мен балаларына қандай компаниялар тиесілі екенін жазған зерттеуі себеп болды. Біз ашық деректерді қолданып, әйелі Ғалия Нығметова мен балалары Жандос Мұхамеди мен Дінмұхамед Мұхамедидің компанияларын тізіп, дәлел ретінде құжаттарды ұсындық. Бастапқыда "аузына май" деген Арыстанбек Мұхамедиұлы енді оны жасыру мүмкін еместігіне көз жеткізіп, қазір "оның бәрі Интернетте бар" дегені содан.
Қарай отырыңыз: Экс-министрдің бизнес империясы
Оқи отырыңыз: “Аузына май”: Арыстанбек Мұхамедиұлының әйелінің байлығы