Аймағамбетов: Олар оқу ақысын қымбаттатпақ...
«Әліппе» оралды деп сүйінші сұраған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов кеше кешкілік Instagram-дағы тікелей эфирінде жоғары оқу орындарының көпшілігі оқу бағасын өсіргелі отырғанын хабарлады.
Соңғы кездері ата-ана мен ақылы бөлімдегі студенттер «оқу ақысын төмендетсе» деген ұсыныстарды көп айтып жүр. Коронавирус төтенше жағдайы мен карантиніне байланысты ел ішінде жұмыс азайған, табыс жоқ. Оның үстіне жоғары оқу орындары да білімді онлайнда беретін болған. Нарықтағы осы жағдайларды ескеріп, білім ақысы арзандауы керек дейді бір тиынды біріне қоса алмай жүрген ата-аналар мен студенттер.
Міне, осы мәселе кеше министрге тағы да айтылды. Ал ел мақтаған Асхат Аймағамбетов болса, бұл мәселені «студент пен нақты бір оқу орны арасындағы азаматтық-құқықтық қатынасқа» ысыра салды. Және жоғары оқу орындары білім ақысын өсіргелі отыр деді.
«Құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Оларды үгіттей алмаймыз, мәжбүрлей алмаймыз. Лауазымды тұлға немесе мемлекеттік органның өкілеті қай жерден басталып, қай жерде аяқталатынын түсінуіміз қажет. Біз өкілетімізді асырмауымыз керек» деді министр.
Сондай-ақ, «оқу орындардың басым бөлігі оқу ақысын төлеуді кейінге шегеруді қарастырып жатыр»,- деп бір қайырды.