Ермек Қаныкейұлы. Алакөлдегі демалыс: өң мен түс-2

Malim Админ

  • 11.08.2021

Басы. Ермек Қаныкейұлы. Алакөлдегі демалыс: өң мен түс

Алакөлдің бетін тілгілеп, қайықтар жүйткиді. Бірақ, оған тыртық түспейді. Алакөлдің беті теп-тегіс, онда өр мен еңіс жоқ. Алакөл аралдардан тұрады. Үлкен Тас арал көзге көрініп тұр. Алакөлдің ең биік нүктесі сол. Шыңмын деп тұрған жоқ, шың екеніне кім шүбә келтіреді? Ол Алакөлдің реликті шағаласы ұя басып, ұшқан жер. Үлкен әріппен жазылуға тиіс Алакөлдің Шағаласы! Мен оны (реликті шағаланы) көзіммен көргем жоқ, көрсем деп армандаймын. Оны көрген, бақташыдай баққан, ғылым жолымен зерттеген, өмірін арнаған адам бар. Ол да үлкен әріппен жазылуға тиіс Тұлға! Ол – Әуезовтің Ернары!

Көзіммен көріп отырмын, аралға демалушылар ақысын төлеп, барып кеп жатыр. Не көрді білмеймін, көргенін айтқан адамдарды да көріп тұрғам жоқ. Олар Алакөлдің Шағаласын, Әуезовтің Ернарын біле ме екен? Білмейді және білуге де міндетті емес. Ал біз оларға осы білмейтінін неге айтпаймыз? Қателік осында сияқты. Көріп тұрмын, қарапайым ғана қадам – Алакөлдің Шағаласы мен Әуезовтің Ернары туралы дерек беретін бір де бір белгі жасалмаған, жоқ. Халыққа қағазға жазып болса да олар туралы мәлімет берші, ары қарай өздері-ақ іздеп табар еді, қызығар еді, барған жерінде айтып жүрер еді. Көріп жүрмін, жағалаудағы демалыс үйлері, ресторандар, кафелер, асханалар мен ойын-сауық орталығының бәрі де қожайындардың өздеріне қатысты атаулармен айшықталған. Қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса. Бұл енді соңғы жылдарда тіпті дандайсып кеткен мінез. Қасірет емес әрине, бірақ қасиет деп кім айтты? Айталық, Жасұлан, Қабанбай, Үржар, Бақты, Ақмарал, Махаббат, Жолымбет, Астана, Пәтигүл, т.б. болып, кете береді. Арасында орысша, ағылшынша аталатындар да кездеседі. Мәдениет пен өркениетті бұларсыз елестетіндер нақұрыстар ғана болу мүмкін. Енді, осыдан адамды, жерді, руды ажыратып көр. Ал «Алакөлдің Шағаласы» деп кәуапханаңа атау берші, намыстанбай-ақ басымды иер ем, одан да артығы көрген жұрт сенен сұрар еді, саған назар аударар еді, ары қарай өзің де ойланар ең, идея туып, соны насихаттап, шағын кітапша шығарып дегендей... кәуапханаң бір басқа, өзгеше мәдени-рухани табыс көзін ашар ма едің. Қиялдап кеттім-ау. Десем де, атап айтуға тура келеді, мұны жергілікті әкімшілік ойлануы керек. Алакөлді екі обылыс екі жағынан (тегін) еміп жатыр, рахметі қайда? Алакөлді тек қана сауда-саттық, ойын-сауық, бір сөзбен айсақ, пайдакүнемдікті көздейтін мекенге айналдыру пиғылынан арылуымыз керек. Табыс – бүгінгі ұранымыз демей-ақ қояйын, девизімізге айналғалы қашан, алайда демалыс орны дегеніміз де – мәдени-рухани кеңістік. Әсіресе, Алакөл өзінің зоологиялық жаңалығымен, әлемде сирек кездесетін реликті шағаласымен және оны зерттеген заңғар жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің баласы, орнитолог-ғалым Ернардың есімімен байланысты. Ол – «Алакөл» мемлекеттік табиғи қорығы (1972 жылы Ернардың араласуымен Алакөлдің Орта, Тас, үлкен Аралтөбе аралдарында «Реликті шағала» атты орнитологиялық қорықша ұйымдастырылды, бұл кейін «Алакөл» мемлекеттік табиғи қорығының» ашылуына себепкер болды (1998 жылғы 21 сәуірдегі ҚР Үкіметінің Қаулысымен).  Өзіміз де, өзгелер де білуге тиіс ардақты Алакөл (тарихы).

Алакөлдің аспанында ұшып жүрген құсты да аз байқадым. Бір-ақ рет шағалаға ұқсастау құсты көрдім. Тым кішкентай және қағаз құсқа ұқсайды. Қалбаң-қалбаң етіп ұшып жүрді. Айыра алмадым. Біреу-міреу білер ме екен деп, үлкен кісілерден сұрасам, айта алмады. Олар да өзім сияқты ғой. Содан күнге тотыққан, өзімше осында көп жүрген және жергілікті тұрғындар шығар деп шамалап, тағы екі-үш адамнан Алакөлдің шағаласы, Әуезовтің Ернары туралы сыр тартып көрсем, ештеңе білмейді. Байқасам, олар жайында білмек тұрсын, өзімнен сұрайды, ал бәзбіреулер тіпті де бұл жердікі емес екен, Астана, Алматы, Талдықорған жақтан маусымдық жұмыс іздеп келгендер болып шықты. Сондықтан, мұндағы демалыс үйлерінің қожайындары мұнда өмір сүрмейді деп ұғуға тиіспіз. Біреу сізге, олар Мальдив аралдарында Алакөлдің ақшасымен демалып жатыр деп сыбырласа, сенбеңіздер.

Аралда Алакөлдің шағаласы бар ма екен? Оны зерттеп жүрген зоолог мамандар бар ма? Ұя баса ма екен? Ауып кеткен жоқ па? Мені осы сұрақтар мазалады. Білгім кеп, аралға барғым бар, бірақ сорақы бірдеңелерді көріп, көңілім қылып жүрер деп тәуекел етпедім десем өтірік болады, қорықтым. Терең судан және балконнан төменге қараудан қорқам. Фобия.

«Қарай-қарай өзіңе көзім талды» деп өлеңде айтпаушы ма еді, шын екен, арасында суға түсіп, мызғып ап, қыздырынып жатсам да ойға тосқауыл жоқ екен. Біздің тілімізде «жатыр» деген қалып етістігінің жүрмейтін жері жоқ қой, «ұйықтап жатыр», «сөйлеп жатыр», «жұмыс істеп жатыр» деп кете береді. Мен де «қарап жатсам» айналадағы көрініс қызық екен. Тағы да мен түсінбейтін бір жайт, жағажайда жұрттың бәрі неге бірдеңе ішіп-жеп отырады. Таңғы асты (түскі) жаңада ғана ішіп келген жоқпыз ба? Әсіресе, сыра мен кептірілген балықтың «басына су құяды» екенбіз. Оған балмұздақ, піскен жүгері, тәтті сусындар, тіпті пиццаны қосыңыз. Бұлар өз «аяқтарымен» келеді. «Капченная рыба», «кукуруза», «мороженное», «семечки» деп азан шақырғандай үзіп-үзіп әндетіп жүргендер түгел қазақтар. «Горячая пицца» деп қасымнан өтіп бара жатқан қара бала, осыған өзі сене ме екен? Мына ыстықта «горячая пицца» жесең не болады? Егер алда-жалда соны жеуім керек болса, кем дегенде төрт-бес «белсендіргіш көмір» ішіп алып, барып қана тәуекел етер ем. «Қымыз», «айран», «сүт» дегендердің атын естіген емеспін. «Балмұздақ» пен «пицца» сатуға болса, олар неге сатылмайды және де мұндағылардың бәрі де қазақтар ғой. Сосын, неге қазақша айтпайды (сатып жүргендерінің атын), мұнда орыстар жоққа дерлік. Ал енді сыраны еркегі де, әйелі де құтысымен төңкеріп жатқандарын көріп, бір жыл бойы түшкіріп, жөтеліп қалсақ жаппай ішкен дәрілер, антибиотиктер көз алдыма тізіліп келе қалды. Адам организімін немен салыстыруды білмедім.  

Манағы жылжымалы саудагерлер қасыңнан сағатына әлденеше рет өтеді. Солардың ішінде апа да жүр. Құмда аяғын ауыр басып, «семечки», «курт» сатып жүреді. «Семечкиі» мен жақсы көретін ала пісте. Қазақтың арық қара кемпірлері бір-біріне қатты ұқсас болады. Бұл кейуана да маған таныс, тіпті жақынымдай көрінеді. Мынадай ми пісіп кетер ыстықта мына апаны табыс табуға итермелеген не екенін білер ме еді. Үкіметті айыптамай-ақ қоялық, аздаған зейнетақысы бар болуға тиіс, жоқ болса оның да бір себебі бар шығар, ал бала-шаға, немерелер қартайған жасында анасы, әжесінің су жағалап, құрт сатып жүргенінен ұялмай ма екен? Ұят жоқ жерде намыс та жоқ. Әлде... бұны айтқым келмейді. Мен апаны танып алдым. Амандасып қоямыз. Пістесін де шақтым, құртын да малтадым.

Бір жастау келіншек отбасымен осында жүреді. Өзі «пирожки», «сосика в тесте», «кукуруза» сатады. Күйеуі катамаранды жалға береді. Сағаты 2000 теңге. Төрт баласы бар екен. Қайсысы ұл, қайсысы қыз екенін айыра алмайсың. Қайыстай қап-қара, тетелес, бәрі де тырыли арық. Әке-шешесі етжеңді, демек бұлар үлкейгенде үлкен болады деп ойлап қоям. Бәрі де жемге үймелеген балапандар сияқты бір қолшатырдың (күннен қалқалайтын қалтқысы) астында анасының «пирожкиін», «сосикасын» жеп отырады. Мамасы қолдарын қақпайды екен. Оның сатып жүргенінен отырғаны көп. Аяғы ауыр сияқты. Күйеуі де жұбайының қасында көбірек болуға тырысатыны байқалады. Катамаранға мінушілер болмай қалса, балалары мәз-майрам боп, үстілеріне үлкендердің қорғаныш бешпентін киіп ап, оған өрмелеп жүреді. Ерлі-зайыпты оларға қарап отырады. Әкеміздің атына таласып жүретін кезім есіме түсті. Менің әке-шешем жанымда отыр, балалық шағым қасымда асыр салып жүр...

Сонымен, қайтатын уақыт та келді. Демалыс үйінде теледидар қазақ каналдарын «ұстамайды» екен. Спутник орысқа «қарап қапты». Еуропа чемпионатының финалға дейінгі бірнеше ойындарын көре алмай қалдым. Жанкүйер емеспін. Өзімше Белгия мен Данияға тілекші болып жүр едім. Дания 1/2 финалға шығыпты. Футболдан Италия мен Англия онсыз да әр жылдары, әр деңгейде (әлем және европа) чемпион болған елдер ғой деп бірдеңені қисындағым келеді. Демалыс үйінің шағын футбол алаңы бар екен, олқылықтың орнын осы толтырды. Ата-аналар кешкісін жиналып ап, чемпионат көргеннен ары боламыз. Балалардың футболды жап-жақсы ойнағанын көріп, қуанып жүрміз.

Демалыс үйінің қожайынына алғысымызды айтып, тағы келіп тұрамыз деп, баяғы өзімізді әкелген таксисті шақырып, жолға шықтық. Бәрміз де қап-қарамыз. «Достық ˗ Алматы» поезы 17:00 жүруге тиіс. Екі сағат ерте шықтық. Асыққамыз жоқ, шофер баладан оны-мұны сұрап, әңгімелесіп келем. Мандытып ештеңе айтпады. Сөздің емес, істің адамы сияқты. Отырып ап, айналаға тағы да көз салдым. Жол жиегінде оншақты жылқы (құлындар да бар) Алакөлге қарап, желдеп тұр. Келе жатқанда көрген жылқыларымыз болуы керек. Олардың бер жағында, тап жолдың қашықтық бағанының жанында, басын қытайға қаратып жалғыз есек тұр. Күліп жатырмыз. Көңілсіздеу көрініс екен, неге екенін білмеймін, өзімді Монғолиядан есек көргендей сезіндім. Тегі, Алматы облысының тумасы шығар, көлді айналып кеп, қыдырып жүрсе керек. Бұл жақта бұл істейтін жұмыс не? Ол өзі жұмыс істесе де, істемесе де мойны салбырап (құлағы басып кетететін шығар), өмірге наразы боп жүретін жануар ғой. Екі аяқтылардың темір қорапқа отырып ап, жанынан шарқылдап өткенін көре-көре, көңілі қалған сыңайлы. Бұлар өзі бірдеңеге мініп жүрмесе жүре алмайды деп сын айтқысы кеп тұрғандай. Керек болса, баяғы бұлбұл ғайыптан тайып қасына кеп, тағы бір рет шырқап жіберсе де сол (атасы айтқан) айтқан сынына түзету жасайтын түрі жоқтай. Ал жылқылар оған қарап қапты. Олар: «біздің сорымыз ˗  онымен, оның бақыты ˗ бізбен аталас болғанында» дегісі келе ме екен деп, қай-қайдағыны ойладым.

«Жалаңашкөл» бекетіне бір сағатқа ерте келдік. Поезды күтіп отырмыз. Жоңғар Алатауының ар жағында айдаһар лаң салып жатқан сияқты. Аспаны түнеріп, қарақошқыл бұлт қазақ жеріне суық қарайды. Ұялы байланыс, менің бір танысым айтпақшы «қуып» кетті. Астана уақыты 2 сағатқа ілгерілеп, хабарлама қытайша, ағылшынша түсіп жатыр. Түсінсем бұйырмасын. Бірақ, поезд уақытында келді. Орнымыздан қозғалдық. Алакөлдің оңтүстік жағына шыққанда, телефонға өз операторларымыздан қазақша, орысша хабарламалар түсіп, уақыт қайта қалыбына келді. Хабарламада: «Сіз өз аймағыңызға ендіңіз. Қош келдіңіз!» деп қуаныш білдіріпті. Сонда «Жалаңашкөл» кімнің аймағы? Бейтарап аймақ болды ғой деп өзімді-өзім жұбаттым. Анаң қара, айдаһардың көлеңкесі қайда түседі? Ебін тапса, Алакөлге кеп шомылып жату ˗ ғасырлық армандары ғой. Алакөлді сақтайық!

Қайтар жолдың келген жолдан көп айырмашылығы жоқ. Біздің вогон жартылай бос. Титан қайнамайды екен. Жолсерік бұзылып тұр деп кешірім сұрады. Шәугіммен келесі вагоннан қайнақ су әкеп берді. Бәледен аулақ деді ғой деймін. Рахметімізді айттық. Ал, жуынатын жері масқара енді. Жуынып шықсаң, қайта жуынуға тура келеді. Суағары бері, ұяшығы ары орналасқан мұндай қолжуғышты бірінші рет көрдім. Ауылдағы бір бауырым, бақшасына кіріп, гүлдерін жеп қойған сиырды «мал екенсің ғой» деп боқтап жүргенін естігенім бар еді. Мына қол жуғышты жасаған адамға не айтуға болады, білмеймін. Үндегеміз жоқ. Бұл аз болғандай, машинист поезды жұлқып қозғап, солқ еткізіп тоқтатады екен. Әлде составтың бір жерінде ақау бар ма? Бейне бір Алматының автобус жүргізушілері сияқты. Жә, автобустың доңғалақтары ауа толтырылған резіңке ғой, ал мынаныкі өңкей шойын темірлер, шиқылдағанда төбе құйқаңды шымырлатады. Мазам кетіп, тамбурға шықсам, көрші вагонның жолсерігі болуы керек, бұрыштағы пластмасаны аздап ашып, қуысқа басын сұғып қойып, жүрелеп темекі тартып отыр екен. Көрмеген түр көрсеттім. Е, жарандар-ай, десеңізші. Осылардан кейін біздің ұлылығымыз туралы айтатын асқақ сөздердің қадірі қаншалықты (есіме жолсерік айтқан ақысын төлеп темекі тартатын қуыс түсіп кетті). Шындық та кейде сұмдық сүйкімсіз боп кететін сияқты.

Алайда, ұйқы да үш арсыздың бірі ғой. Ұйықтап кетіппін (Бәрінен кемшілік көріп, жақсылық туралы аузын ашпайтын... бір беймаза жан ұйқыға кетті). Түннің бір уағында ұйқыдан түс көріп жатып ояндым. Телефонымды қосып, уақытқа қарасам, 3-тен 45 минут кетіпті. Вогонның терезесінен жап-жарық жалғыз жұлдызды көрдім. Шолпан болуы керек. Аспан терезесіне тиген тас сияқты шытынап(тып) тұр. Әсерлі көрініс екен..

Түс демекші. Түс туралы қазақта қайшылықты тұжырымдар бар ғой. Бірі ˗ оған сенеді, жақсылыққа жорып жатады. Орындалған түстер туралы көптеген аңыз әңгімелер, тәмсіл сөздер ел ішінде аз емес. Түс жоритын кітапшалар да шыққан. Екіншісі ˗ «түс ˗ түлкінің боғы» деп құлақ түбінен бір-ақ қайырған.

Өз басым анаған да, мынаған да қосылам. Шынымды айтсам, З.Фрейд мырзаның ғылыми тұжырымдарына көбірек иек артам. Өңімде ойлаған нәрселер мен кейбір сөздердің түсіме кіруі менде жиі болады. Көрген түсім сондай түс екен.

Түс ˗ тірі екенімді білдіретін сияқты. Түс көруді тоқтатқан кезімді мәңілік біле алмайтын шығармын деп ойлаймын. Бала кезімде оқыған ертегі есіме түсті. Бұл өзі ғибратты әңгіме, тәмсіл сөз. Ол біз білетін «Сүлеймен патша мен байғыз» деп аталады. Құс патшасы Сүлейменге еріккен ерке әйелі маған құс сүйегінен сарай салып бер деп талап қояды. Мың жерден судың, құстың, адамдардың әміршісі болса да Сүлеймен патша тәж киген басымен әйел тілегін (өлім тілеген) орындауға көнеді. Қу жанын шүберекке түйіп, құс біткен жиналады. Жалғыз байғыз жоқ. Ол ой ойлап жүрсе керек. Патша қаршығаны жұмсайды. Ол байғызды, алдап-сулап, ебін тауып, желкелеп ап келеді. Патша байғыздан мына қылығы үшін жауап алады, қатерлі сұрақ қояды. Сөйтіп, құс біткеннің тірі қалуы, тағдыры байғызға байланысты болып қалады. Үшеу ме, екеу ме есімде жоқ. Патшаның екі сұрағы есімде қапты. Ойшыл байғыздың сөзінен өрбіген ол сұрақтың бірі ˗ өлі көп пе, тірі көп пе? Екіншісі ˗ еркек көп пе, әйел көп пе? Ойлап отырсам: «ұйқыдағының, әсіресе түске дейін ұйықтап жүретін бір өлі артық екен», сосын «қатынның тілінен шыға алмаған бір еркек артық екен» депті байғыз. Таяқтың бір ұшы патшаның маңдайына тақ ете қалады. Сөзден жеңілген патша құстарды түгел бостандыққа жібереді. Ал байғыз – ұшатын, ұшпайтын құс біткеннің ішіндегі ұлы сыншы боп кітапқа енеді. Бір әттеген-айы, осы сынынан кейін (адамда да пендешілік болады ғой, сол сияқты) кеш болса соны еске түсіріп, әлі күнге дейін құлаққа тыныштық бермей жүр. 

Мен тәмсілге түзету жасайын деп отырғаным жоқ. Тек түс көретіндер мен түс көрмейтіндердің арасында айырмашылық бардай. Ойсыздық та ұйқы екен. Демек, ұйқыдағының бәрі де өліге жатпайды. Ұйқыдағы адам екі-ақ істі атқарады: тыныс алып, түс көреді. Ал түс көрмей, тыныс алатындар – нағыз ұйқыдағылар. Түс көруді тоқтатқан кезде тіршілік те бітіп қалмас, бірақ ойсыздық осы жерден басталады екен. Тәмсілді әлі де түсіну керек сияқты.

Түс ˗ орындалмаған іс пен орындалмайтын істің қосындысы, ол өңіңде іске аспайды, бірақ өңіңде ойға алған істің түсіңде орындалғанын көрсететін белгі-нышандары бар. Мен көрген түс соны ойлатты. Түсті көрген соң айтады, сондықтан оған аздаған кіріспе айтқаным артық емес деп шештім.

Түсімде Алакөлдің Үлкен Тас аралына экскурцияға барыппын. Бір топ адам екенбіз. Араларында таныстар да, таныс еместер де бар. Су бетіндегі аспалы көпір сияқты, шарбақ ағашпен бір зәулім кешенге кіріп келеміз. Құрылысы мешітке де, шеркеуге де, мавзолейге де келеді. Дұрысы мавзолей сияқты екен. Өзімше, Тәж-Махал, Айя-София мешіт-мавзолейлеріне ұқсатам (барып көрген жерім емес, суретінен көргенім шығар). Іші көне шығыстық, готикалық стилдегі бағаналармен шырқау биікке көтерілген күмбезге барып тіреледі екен. Енді бір сәтте өзіме бейтаныс құстар аппақ мамықтың үстінде қатар-қатар ұя басып жатыр. Іштей «Алакөлдің Шағаласы» ғой деп ойлап тұрмын. (Құстардың түрі түсімде көргенімдей, бірақ түстеп айта алмаймын. Мамық та мен мүлде сипаттап айта алмайтын нәрселер, мақтаға да, жүнге де келмейді.) Сөйтіп тұрғанда қасымызға Ернар келді. Әуезовтің Ернары! Өзім ол кісіні өңімде көрген суретінен Марлон Брандоға ұқсатушы едім. Түсімде ойлап тұрмын, Том Харди Ернарға ұқсайды екен ғой деп. Үсінде аса сәнді қара кәстөм шалбар, ақ жейде, галстукпен тұр. Маңдайы ашық, шашы сәнмен бастырылып, таралған. Ол әпкесі, Ләйлә Мұхтарқызымен сөйлесіп тұр. Екеуі де жас көрінеді (өйткені, екеуі де ерте кеткен ғой. Түсімде олардың жас шамалары Ләйлә – 55-60 жас, Ернар – 45-50 жасқа келеді). Ернардың апайына айтып тұрған сөзі маған ап-анық естіліп тұр. ˗ Бұл мемлекеттің шаруасы ғой. Айтып жүрмін. Менің қолымнан келмейді. Жалғыз істеу қиын, ˗ деп Ләйлә апайына мұң шағып емес, есеп бергендей айтып жатыр (кейін Ернардың осы сөздері қалай өңімде естігендей санамда сақталып қалды деп, мен соған таң қалдым). Бір кезде топ ішінен бір қыз бала (журналист деп тұрмын) Ернарға, өзіне қатысты, отбасына қатысты, әйелінің орыс екенін меңзейтін сияқты, сұрақ берді. Ернар бір өткір әзіл айтты (міне, осыны түсіңде естіген кейбір сөздер сияқты дәлдеп айтып бере алмаймын. Санамда тұр, бірақ сөзге түспейді). Ернар мавзолейдің ішіндегі балкон (бенуарға) сияқты жерде құстардың әлдебір заттарын реттеп отырған жап-жас европеоид нәсілге жататын қызды көмекшім деп таныстырып жатыр. Мен бірдеңе айтқым келеді. Бірақ, сөйлеуге кедергі бар: өзімді мына жұрт мүлде көрмейтін сияқты. Тек көрушімін. Жоғарыға қараймын: аспанға созылған күмбез, ұшқан құстар, аппақ қауырсындар төбеде қалықтап ұшып жүр. Құстың иісі. Мен естімеген құстардың дауыстары. Осы жерден оянып кеткем.

Таңға дейін ұйықтай алмадым. Түсті жорыған, жорытқан да емеспін,  бірақ түсімде көрген белгі-нышандарды былайша қисындадым. Ернардың ойға алған, бірақ орындалмаған армандары мен мақсаты – Алакөлде шағала даусымен саңқылдап жүргендей. Үміті ˗ қауырсындай қалықтап Алакөлдің аспанында әлі қалықтап жүр. Ешқайда ұшып кеткен жоқ. Алакөлдің бетіндегі Ернардың қайығының ізін табу мүмкін емес, бірақ ол біздің жүрегімізде бар шындығымен орын алған жоқ па? Кітапқа жазылып, санаға орныққан ғалым мұраты ғой ол!..

 Поезд сырғып келеді. Таңға жуық Қапшағайға кеп тоқтады. Баяғы сол әдеті: солқ еткізіп тоқтады. Вогонда бір бала шыр етіп жылап жіберіп, өзінің наразылығын білдірді. Аздан соң тағы да жұлқып қалды. Сәби тағы да шыр ете қалды. Ол таза, сондықтан өз үнін бірден білдіреді. Күлдірсең ˗ күледі, жылатсаң ˗ жылайды, ұйықтатсаң ˗ ұйықтайды. Үлкендер, керісіншеміз, үндегеміз жоқ.

Қазақта «көзбен көрген ˗ шын, құлақпен естіген ˗ өтірік» дейтін сөз бар. Мен естігенімді, көргенімді, көңілге түйгенімді қағазға түсірдім. Өңіңде естисің де көресің, түсіңде көресің, ал мен – түсімде естідім, бұл сөзге «есту» деген етістікті жалғауға болмайтындай көрінетін.

Алматы ˗ Алакөл ˗ Алакөл ˗ Алматы.

28.06. ˗ 07.07. 2021.          

 

Байланысты жаналықтар

Қыркүйектің басынан елімізде 7 әскери қызметші мерт болды - журналист

14.10.2024

Халықаралық деңгейде ынтымақтастық нығайып келеді

27.09.2024

Президент жүктеген міндет. Қорғаныс саласындағы нәтижелі қадамдар

16.09.2024

Украинаға уәде етілген F-16 ұшақтарының алғашқы легі жеткізілді

05.08.2024

Ресей мен АҚШ сотталғандарды алмасу бойынша бірнеше адамды түрмеден босатты

02.08.2024

Зеленский Ресейдің екінші бейбіт саммитке қатысуы туралы айтты

01.08.2024
MalimBlocks
Қыркүйектің басынан елімізде 7 әскери қызметші мерт болды - журналист

Халықаралық деңгейде ынтымақтастық нығайып келеді

Алты мемлекеттің арнаулы операциялар күштері әріптестік, практикалық іс-қимылдарды пысықтады

Президент жүктеген міндет. Қорғаныс саласындағы нәтижелі қадамдар

Заңның қатаң сақталуы, оны қадағалау, темірдей тәртіпке бағыну сынды ерекше міндеттер жүктелді

Украинаға уәде етілген F-16 ұшақтарының алғашқы легі жеткізілді

Шілде айының соңғы күнінде Украинаға Ресей шабуылынан қорғану үшін АҚШ-тан уәде етілген 79 F-16 истрибелдерінің алғашқы он данасы жеткізілді. Биыл Украина тура осындай тағы 20 ұшаққа қол жеткізбек. Ал олардың қалған бөлігі 2025 жылы елдің қорғаныс саласына беріледі деп күтіліп отыр.

Ресей мен АҚШ сотталғандарды алмасу бойынша бірнеше адамды түрмеден босатты

Президент Байден мақұлдаған алмасу барысында Ресейде түрмеде отырған журналист Эван Гершкович пен Алсу Құрмашева, саясаткер Владимир Қара-Мырза және теңіз жаяу әскерінде бұрын қызмет еткен Пол Уилан бостандыққа шыққан.

Зеленский Ресейдің екінші бейбіт саммитке қатысуы туралы айтты

Ресейді Украинадағы жағдайды реттеуге арналған екінші бейбіт саммитке қатысуы тиіс. Себебі, жағдайды реттеуді әлемнің көптеген елдері қолдап отыр. Бұл туралы Украина Президенті Владимир Зеленский фрациялық журналистерге берген сұқбатында айтты.