Мағжанның ұлы депрессиясы. Қазақстандағы аштықты Мәскеуге дәлелдеген кім?

1921-22 жылдардағы алапат ашаршылықта 30-ға толмаған Мағжан Жұмабаев пен 25 жастағы Мұхтар Әуезовтің қандай ерлік істегенін білесіз бе?

Malim Админ

  • 31.05.2022
Биыл 1921-22 жылдардағы ашаршылыққа 100 жыл

Осы күні 1921-22 жылдардағы қасірет көбіне 1931-33 жылдардағы ашаршылықтың көлеңкесінде ғана аталады. Асса бір он жылдықтың ішінде қайыра соққан екінші ұлы аштықтың алғышарты іспетті ғана. 21-22 жылдары Еділ бойын жайлаған Ресей тарапы құрғақшылыққа ұшыраса да, аман-сау отырғанда Сарыарқада қазақ екі жыл бойы қырылған. Оның басты себебі – Мәскеудің Қазақстандағы аштықты мойындамауы еді. Алаштықтар соны дәлелдеу үшін қаншама әуреге түскен. Сол кезде бар болғаны 24-25 жастағы Әуезов бастап, 30-ға жетпеген Мағжан Жұмабаев қолдап, Ахмет Байтұрсынұлы бас болып, Сталин үкіметіне дәлелдеуге тырысып баққан. Қаншама жүйке құртқан, жаға жыртысқан тартыстан кейін, 1921 жылы басталған аштыққа көмек ұйымдастыру бір жылдан кейін ғана, 1922 жылы қазақ жүз мыңдап қырылып, босып кеткенде ғана қолға алынған. Алаштықтар болмаса оның өзі болмас еді.

Мағжанның 1921-22 жылғы ұлы аштықта екі ай бойы ел аралап, оны аштыққа ұрынған елге таратып бергенін де көп ешкім білмейді. Біздің бұл тарапта білеріміз – 1931-33 жылдардағы ашаршылықтағы Жүсіпбек Аймауытовтың сапары. Бұл жерде де біз бірінші аштықты көлеңкеде қалдырып алғанбыз.

Бір деректерде 1921-22 жылғы ашаршылықта 1,5 миллион қазақ харап болғаны айтылады. Одан да көп болуы мүмкін. Бірақ, зерттеушілердің көпшілігі миллионға жеткізбейді...

Осы кезеңде Мағжан Жұмабаев «Мир труда» газетіне мақала жариялайды. Мақаланы жариялаудың қаншалықты қиын болғаны өз алдына, бұл жерде ақынның басын үлкен қатерге тіккенін де айта кету керек. Жалпы, бұл ұлы ашаршылықтың Мағжан шығармашылығына әсері зор болыпты. Мағжанның дәл осы сапарынан кейінгі шығармаларында оның қатты ширыққанын байқау қиын емес. Ташкентте Әуезовтің пәтерінде, бір түнде жазылған «Батыр Баян» поэмасы оның осы қасіретті сапардан соңғы ұлы шығармасы. «Батыр Баян» сияқты эпикалық поэманы бір түнде жазу үшін ақынның қаншама уақыт ширыға толғанғанын іштей ғана болжай аласың. Көз алдында құрдымға кетіп бара жатқан халқын, кісі етін жеп адамдық кейіптен ажырап қалған елін, қайыр тілеп жүрген тобырды көру – Мағжанды ұлы депрессияға түсіріпті.

Біз Мағжанның «Сарыарқадағы аштық» деп аталатын мақаласын назарларыңызға ұсынамыз. Орыс тілінде жазылған мақаланы қазақшалаған М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры Зарқын Тайшыбай екенін ескерте кетейік.


Сарыарқадағы аштық

«Еділ тоңса, кім кешпес? Едіге өлсе, кім келмес? Әзір Еділ тоңбайды, әзір Едіге өлмейді, Еділдің ханы Едіге өлсе күн сөнеді, ай тұтылады».

Тарих тереңінен ұмытылмай келе жатқан осы бір қанатты тіркестер қазақ халқының тағдырында Еділдің қандай орын алатынын, қазақтың Сарыарқасы мен мол сулы Еділ дариясының үзілмес байланысын көрсетеді.  Еділ жағасында басталған алапат аштық алып өзеннің алабындағы қалың елді жайпап, Сарыарқаның маң даласына келіп жеткелі де бірталай болды. Қазақтың тұтас өңірі Орынбор мен Бөкейлік, Ақтөбе мен Орал, Қостанай губернияларындағы қазақ ауылдары аранын ашқан аштықпен алысып, діңкесі құрыды. Бұл елдердің бір кезде қазы мен қарта шайнаған қазақтары тышқан аулап, иттің етін азық қылатын жағдайға жетті, сапырылған сары қымыз көзден бір-бір ұшып, құрттап кеткен құдықтың, сасыған шалшықтың борсыған суымен сусындауда.

Өңсіз-түссіз, өңінен қаны қашқан тірі аруақтар шетсіз-шексіз далаға қаңғып кетті, олар саршұнақ аулап, әлі біткен жерде құлап жатыр, сол саршұнақтарға өздері де жем болуда. Тамақты таңдап, талғап ішетін қазақ малдан жұрдай болып, өлексеге таласуда. Бірінің етін бірі жеуден тайынбайды. Аранын ашқан аштық ақырын жылжып, біздің губернияның шебіне кірді.

1921 жылдың күзінен біздің Ақмола губерниясы  аштықтың қанды шеңгеліне ілікті. Екі жылдан бері жоғарыда айтылған губерниялардағы бауырларымыздың басындағы қасірет бізге де келді. Менің алдымда Петропавл және Көкшетау уездеріндегі қазақ болыстарынан келген ресми хабарлар жатыр. Еменәлі болысының төрағасы жазады: «Біздің болыста аштық 1921 жылдың қарашасына қарай тіпті асқынып кетті. Күзге дейін тігерге тұяғы қалмаған халық ұрлыққа бет қойды. Былтырғы алапат жұттан малдың үштен екісі қырылып қалған болатын. Адамдар ісіп-кеуіп өліп жатыр. Қарашаның қысынан мамыр, көктемге дейін 270 адамның аштан өлгенін қағаздадық…»

Сарыайғыр болысынан: «Қаңтардан мамырға дейін 72 адам өлді, аштық күннен-күнге қысып барады. Сәуірдің сары аязында қалған мал қырылды. Ұрлық белең алып кетті».

26-қазақ мектебінің мұғалімі Ізбасаров Петропавлдан 18 шақырым жердегі Байғабыл ауылының жайы туралы былай деп жазыпты: «Байғабылда 40 шақты түндік кедей-жатақ бар еді, былтырғы жұт оларды тұралатып кетті. Бір қыста 17 адам аштан өлді. Малсыз ауылдың адамдары босып қалаға кетті, қаңғып жүріп көшеде өліп жатыр…»

Көкшетау уезінің Бәйімбет және Айыртау болыстарынан да осындай суық хабар алып отырмыз.

Ақмола және Атбасар уездерінен әзір хабар жоқ. Тек таяуда Ташкенттің «Ақ жол» газетінде Ақмола уезі Шу ауданының екі қазақ болысы Түркістан республикасының Әулиеата, Шымкент және Түркістан уездеріне тік көтеріліп ауып келді деген ақпар басылды.

Осы айтылғандардың өзі-ақ қырдағы қазақтардың қайғылы халін көрсетеді. Жалғыз Семей губерниясын қоспағанда Каспийден Ертіске дейінгі аралықтағы бүкіл Сарыарқа өңірі аштыққа ұшырап отыр. Мал қырылып, елдің берекесі кетті, бұлай бола берсе, бірнеше миллион қазақ құрып бітер күн де алыс емес. Алайда, осы жағдайды басқа жұрт біле ме? Өкінішке қарай қалың қауым нақты жағдайды білмейді.

Ал, енді осындай қанды қырғынның себебі неде? Былтыр, Еділ бойы ашыққанда  бүкіл Ресей дабыл қақты. Кең арналы Еділ бүкіл елді дүр сілкіндірді. Өйткені, Еділ орталыққа жақын, екіншіден, Еділ бойы халқының қазақтардан гөрі көзі ашық, әлбетте, мәдениетті халық басқаларға өз сөзін тыңдата алады. Ал, бұған керісінше, қасіретке мойын ұсынып, үн шығармай жатқан Сарыарқа, сол аштықпен арпалысуда, қауқары біткен соң жеңіліп, тұяқ серіппей жан тапсыруда.

Аштық қабырғаға батқанда адамның есі кетеді, шырқырап жан даусы шығады, осындай кезде басқалар Сарыарқа ұлының ыңырсып қана жан тәсілім бергенін байқамайды. Мәдениетті қала адамы айқай-шу көтеруге бейім, ол өзінің осы шуымен Сарыарқаның әлсіз ғана ыңқылын басып кетеді, естіртпейді. Міне, қазақ даласындағы аштық сұмдығын орыс жұртшылығы білмеуінің бір себебі осында.

Әйтеуір, қандай себеп болса да, нақты жағдай осындай, басқаша емес. Аштықтың ауыртпалығынан ауыл құрып барады, ал қазақ халқы  адам кейпінен ажырап барады.

Мен бұл сөздерді жазғанда Сарыарқадағы аштық Еділ бойындағыдан да алапат дегім келмейді, деген болсам, ақиқаттан аттаған болар едім. Айтпағым мынау ғана: Сарыарқа дабыл қақпаса, ол тойғандықтан, немесе жаны жай тапқандықтан емес.

Байлыққа бөккен, қырғыз-қайсақтың берекелі, Екатерина заманындағы, Жиделібайсын өлкесі деп қарамайық оған. Сары қымызы өзендей сарқыраған, сүрленген еті тау-тау болып үйіліп жататын Сарыарқа жоқ.

Сарыарқаның жан күйзелісіне құлақ салып, қазақ халқының ауыр ыңырсыған, азалы үнсіздігін түсінетін кез келді.

Мағжан

11-шілде, 1922 жыл


Мағжан Сарыарқадан оралған соң арнайы баяндама жасайды. Бірақ, бұл баяндама да ұзақ уақыт қаралмай жатып қалады. Тек екі айдан соң ғана осы баяндама арнайы жиналыста қаралып, Сарыарқадағы аштықты болдырмау және салдарын жою туралы қаулы қабылданады. Оқырмандарымызға түсінікті болу үшін бұл баяндаманы да ұсынамыз (мұны аударған да Зарқын Тайшыбай).


Баяннама

Шілденің 1-күні Қияқов жолдас екеуіміз Петропавлдан аттанып кеттік. Маған  Көкшетау және Петропавл уездеріндегі қазақ ауылдарын аралап, аштыққа ұшыраған қазақтар үшін малы бар аймақтардан азық-түлік жинап, тарату және Көкшетау уездік  аштарға көмек комиссиясының жұмысын жолға қою тапсырылған болатын.

Шілденің 9-күні Көкшетауға келдік. Қияқов жолдас сол жерден Атбасар арқылы Ақмолаға жүріп кетті. 14-шілде күні Көкшетауда кезектен тыс жалпы жиналыс өткізіп, жағдайды талқыладық. Қазақ ауылдарынан аштарға арнап жылу жинауға шұғыл кірісу туралы қаулы алынды. Әрбір әкімшілік ауылдан 1 ірі қарадан жинап, жиналған мал мен азық-түліктің үштен-бір бөлігін Петропавлға, губерниялық комиссияның құзырына жі-беруге, қалған үштен-екі бөлігін сол жердегі аштарға үлестіріп беруге ұйғарылды. Сондай-ақ, Көкшетау қаласында жетім қал-ған қазақ балалары үшін арнайы мекеме        ұйымдастыруға келісілді.

16-шілде күні жер-жердегі жағдайлармен танысу үшін және ашарықтарға көмек жасау үшін Шұңғыршы, Қарашы, Мезгіл және Айыртау болыстарына жүріп кеттім. Бұл аталған болыстардағы жағдай, шынында, жан шошырлық екен. Халықтың 90 проценті дала кезіп,жабайы жидек теріп, қоректенуде. Аштықтан дертке ұшыраған көп адамдарды көрдім. Аталған болыстарда 10-11 күндей жүріп, аштарға көмек көрсетуге күш салдым. Бес сиыры мен жылқысы барлардың бір малын алып,  малы жоқтарға таратып, уақытша, қысқа дейін сауып, жүрек жалғайтындай жасадым.

Реті келіп тұрғанда, көрсетпесем болмайды, аштыққа ұшыраған отбасыларға салынған май салығы оларды мүлде тұралатып кетіпті. Мысалы, он жаны бар отбасы жалғыз сиырға қарап отырса да, салық түрінде май өткізуге міндеттелген, сөйтіп жаңағы он адам қайыршылыққа ұшыраған.

Аштарға азық үлестіріп, шілденің аяғына қарай Көкшетауға келдім де, уездік комиссияның мүшесі мұхтасип Айтқожин жолдасты ертіп, аштыққа ұшырай қоймаған шығыс өңірге аттанып кеттім. Көкшетау және Қотыркөл болыстарында болдым, жұртшылық аштарға көмек көрсету жөнінде менің сөздеріме қалтқысыз құлақ түрді. Осы екі болыстың халқы жылу ретінде ірілі-уақты жетпіс мал берді, жүз елу дана мал терісін жинады.

Укомпомголдың қаулысына сәйкес, жиналған малдың үштен-екі бөлігін Көкшетауға жеткізіп, аштыққа ұшыраған батыс болыстарға тарату және қалған үштен-бір бөлігін Петропавлға айдап әкелу жөнінде  мұхтасип Айтқожинға тапсырма бердім, бұл мал таяуда келіп те қалар. Айтқожин менің жұмсауыммен Ақсары, Жауар және Шығыс болыстарына жүріп кеткен. Сол жақтан мал жинап, Көкшетау мен Петропавлға жібереді.

Петропавлға қайтар жолда губпомгол өкілі Жақыпов жолдаспен бірге Петропавл уезінің Жамантұз және Тереңкөл болыстарында болдым. Бұл болыстардың халқы аштыққа жартылай ұшыраған. Дегенмен, аз-кем малы барлар менің айтқанымды екі етпей, аштарға көмек көрсетуде.

Тайынша болысынан 20 ірі қара мен 20 тері, Жамантұз болысынан 20 ірі қара және 25 тері, Тұран болысынан 7 ірі қара мен 5 тері жиналды. ( Кепкен мал терісі де адамдарға азық болған.Астағфиралла!-З.Т.) Менің нұсқауыммен, Жақыпов жолдас бұл малдардың бәрін болыстық атқару комитетімен келісе отырып, ашарықтарға таратып берді. Петропавл уезіндегі 4 болыста мал жинау 15 тамызда аяқталды.

17-тамыз күні Петропавл қаласына келдім.

Аштарға көмек жөніндегі губерниялық төтенше комиссия     төрағасының орынбасары М.Жұмабаев.

Петропавл қаласы, 1922 жылғы 20-тамыз.


Бұл баяндамада айтылған цифрлар тек ресми мәлімет үшін жазылғандай көрінеді. Мағжан соншама уақыт ел ішінде жүргенде бұдан көп, әлдеқайда көп мал жиналғаны анық. Бірақ, ол жүріп өткен жолдың бойында тентіреп кеткен қаншама ауыл болды. Соларға жолай үлестіріп отырып, қалған малды комиссияға өткізген сыңайлы. Бұл, әлбетте, үлкен зерттеу арқылы ғана анықталатын ерліктер.

Байланысты жаналықтар

В объятиях государства. Почему казахстанцы не хотят жениться?

26.03.2024

Рост зарплат в два раза ниже реального роста экономики в Казахстане

13.02.2024

Неравенство в Казахстане как в Африке – исследование

26.01.2024

Почему казахстанцы такие бедные – исследование

24.01.2024

Низкое доверие госинститутам в Казахстане зафиксировали социологи

15.01.2024

Центрально-Азиатский союз: возможности или риски?

20.11.2023
MalimBlocks
В объятиях государства. Почему казахстанцы не хотят жениться?

В Казахстане рекордно снизилась статистика создания новых браков, и это при том, что численность молодежи растет. Как сообщают аналитики Ranking.kz, за январь–декабрь 2023 года в стране зарегистрировали брак 120,9 тыс. пар. Это на 6% меньше, чем годом ранее.

Рост зарплат в два раза ниже реального роста экономики в Казахстане

В четвертом квартале 2023 года среднемесячная заработная плата составила 393.6 тысяч тенге, увеличившись на 12% с предыдущего квартала. Но радоваться этому не стоит. Аналитики «Халык финанс» считают, что такой рост связан с выплатами премий в конце ушедшего года.

Неравенство в Казахстане как в Африке – исследование

Почти половина жителей Казахстане имеет среднемесячные доходы на душу населения ниже минимальной заработной платы (85 тыс. тенге). При этом больше половины этих доходов люди вынуждены тратить на продукты питания. Зато 10% наиболее богатых людей в стране владеют почти 60% всех активов домохозяйств, что ставит Казахстан по уровню имущественного неравенства в один ряд со странами Африки. К таким выводам пришли аналитики «Халык Финанс» в опубликованном исследовании «Экономическое неравенство населения в Казахстане».

Почему казахстанцы такие бедные – исследование

Сырьевая направленность экономики и низкая производительность труда мешают казахстанцам больше зарабатывать. Частный сектор, малый и средний бизнес не то что не стали опорой экономики и источником ее эффективности, но и стагнируют. Тем временем государство увеличивает свою роль во многих сферах, позволяя оставаться на рынке низкопроизводительным компаниям. К таким выводам пришли аналитики «Халык Финанс» в опубликованном отчете «Рынок труда Казахстана 2023 - низкая производительность, скрытая безработица, региональный дисбаланс».

Низкое доверие госинститутам в Казахстане зафиксировали социологи

Центр социологических и политических исследований «Стратегия» опубликовал рейтинг управленческой элиты за 4 квартал 2023 года

Центрально-Азиатский союз: возможности или риски?

Ухудшение социально-экономического положения в странах Центральной Азии на фоне войны в Украине снова стало поводом для обсуждения возможности экономической интеграции. В среду, 15 ноября, эксперты Central Asian Think Tanks Forum, организованного PaperLab в Астане, размышляли, как нашим странам стоит объединять усилия, чтобы наконец перестать быть объектом геополитических и экономических интересов мировых держав и становиться самодостаточным регионом.