Маңғыстау мұнайшылары президент мерекесін талап қоюмен өткізді
Маңғыстауда «Қаражанбасмұнай» АҚ және «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ жұмысшылары еңбекақыларын көтеруді талап етіп деп хабарлайды Malim.kz тілшісі.
Маңғыстауда «Қаражанбасмұнай» АҚ және «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ жұмысшылары еңбекақыларын көтеруді талап етіп деп хабарлайды Malim.kz тілшісі. Өндіріс жұмысында еңбек ететін мұнайшылар талабымызды тиісті тарап ескеріп, шешім қабылдауы керек дейді.
Жұрт бірінші желтоқсан күні тұңғыш президент күні деп жатқанда таң атысымен Қаламқас кен орнында «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ жұмысшылары өз талаптарын білдірді. Кешкілік Қаражанбас кен орнында «Қаражанбасмұнай» АҚ мұнайшылары да талап қойып шықты.
Жұмысшылардың топ болып жиналғанынына қарап жұрт ереуіл басталып кетті әлеуметтік желіде «хабар» таратып жатқан. Бірақ екі кен орнындағы шара бейбіт жағдайда өткен.
«Қаражанбасмұнай» АҚ осы үндеуге қол қоюшылар президен Қасым-Жомарт Тоқаевтың қыркүйек айында Қазақстан халқына жолдаған үндеуінде «қазіргі таңда ең төменгі жалақы 42 мың 500 теңгені 2022 жылдың қаңтар айынан бастап 60 мың теңгеге өсіру туралы ұсынысына сүйене отырып, «Қаражанбасмұнай» АҚ жұмысшыларының еңбекақысы келер жылдан бастап 50 пайыз өсіруді сұраймыз. Қазір азық-түлік, дәрі-дәрмек, киім-кешек, коммуналдық төлемдер жанар-жағармай бағасы бірнеше пайызға өсті. Әрбір қарапайым жұмысшының еңбекақысы отбасының қажеттілігіне байланысты алған банк нисиесінің төлемдерінен аспайды. Әр жұмысшының отбасында кемінде төрт-бес мүшесі бар. Отбасында қариялар, жас балалар, кейбір отбасындағы мүгедек жандар да бар. Бір адам тұрақты жұмыс істесе, жұмыс істеуге жасы жеткен отбасы мүшелерінің тұрақты жұмысы жоқ. Бұл көрсетіп отырғанымыз жалпы жұмысшылардың отбасындағы тұрмыстық жағдайлары жоғарыда көрсетілген президентінің ұсынысын және жұмысшылардың отбасылық тұрмыстық жағдайларын ескере отырып, осы арызымызда көрсетілген айлық жалақыларын 2022 жылдың қаңтар айынан бастап елу пайыз өсіру туралы өтінішімізді шешіп беруді сұраймыз», - деді «Қаражанбасмұнай» АҚ жұмысшылары.
Бұл талаптарға қатысты компанияның кәсіподақ төрағасы Айтбай Кужухов “толық ештеңе айта алмаймыз» дейді.
«Әзірге ештең айта алмаймын. Қаражанбас кен орнында жұмыс тоқтаған жоқ. Жұмысшылар үндеу жолдаған сәтте компания басшылары тегіс қатысты. Басқа айтарым жоқ», - деді ол. Ал «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ жұмысшылары өз талаптарын таңертең жұмысқа шығар алдында білдірген.
«Сәрсенбі күні таңертең 7:00 шамасында таңғы ауысым кезінде «Oil Services Company» ЖШС, «Қаламкасмұнайгаз» өндірістік басқармасы және қосалқы мердігерлік қызмет көрсететін «Бозашы Транс Құрылыс» ЖШС-нің қызметкерлерінен құралған топ айлық еңбекақыны көтеру және кәмелет жасына толмаған балаларға вакцина салудан бас тарту туралы талаптарын жариялады. Дегенмен, бұл кезде Қаламқас кен орнындағы өндірістік жұмыстар тоқтаған жоқ.
«Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасының басшысы Н.Сәрсенбай және мердігер мекемелер басшылары жиналған мұнайшылармен кездесіп, сұхбат өткізді. Енді қызметкерлер өздері жариялаған талаптарды жазбаша өтінішпен береді. Одан ары мұнайшылар өз қызметтік міндеттерін орындауға оралды»,- деді «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ баспасөз қызметі.
Екі компанияның бір күнде қойған талаптарының қаншалықты орындалатыны белгісіз. Себебі, өзге мекемелермен салыстырғанда мұнайгаз компанияларында жоғары еңбекақы алатын мұнайшылардың еңбек ақысын елу пайызға өсіру талабын билік қолдай қояр ма екен?
Оқи отырыңыз: Мұнайшының орташа айлығы үш жарым миллион теңге...
Бір айта кетерлігі: қыркүйек айының соңында Маңғыстау облысына арнайы сапармен барған президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы өңірде еңбек дауы өршіп тұрғанын, елдегі еңбек дауының 80 пайызы осы аймақтан екенін мәлімдеген еді. «Елімізде еңбек дауларының 80 пайызы Маңғыстау облысында болады. Жыл басынан бері өңірде осындай 150 дау туындады. Оның 130-дан астамы мұнай-газ секторында. 8 ірі кәсіпорын дағдарыс алдында тұр. Қазір жұмыс азайып жатыр. Соның салдарынан 1,5 мың адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Бұлардың барлығы мұнай саласында қызмет көрсететін компанияларда істейді. Біз былтыр бірдей қызмет атқаратын жұмысшыларға төленетін жалақы да бірдей болуын заң жүзінде міндеттедік. Оларға өндірісте және тұрмыста тең жағдай жасалуын талап еттік. Әкімдік құзырлы органмен бірлесіп, еңбек заңнамасының сақталуына қатаң бақылау жасауы керек» деген.
Сондай-ақ президент «...Кейбір жеке компания басшылары жұмысшыларын ереуілге әдейі итермелейді. Бұл компаниялардың тізімі менде бар. Мақсаты халықты қалқан етіп, мемлекеттен ақша алу. Біз мұны білеміз. Олар бөлінген қаржыны жұмысшыларға бермей, өз қалтасына басады. Мұндай қитұрқы әрекеттің жолын кесу керек. Осындай компанияларға аудиторлық және тағы басқа тексеріс жүргізу керек. Жұртты арандатып, мемлекетке қоқан-лоқы көрсетуге болмайды. Бәрі заң аясында жасалуға тиіс» деп те айтқан. Ал қарашаның басында президенттің тапсырмасымен үкімет Маңғыстау облысын дамытудың кешенді жоспарын мақұлап, 2025 жылға дейін 2,1 трлн теңге бағыттауды жоспарлаған болатын.
Әліби Ерқосай, Ақтау қаласы