Қазақ тілін дамыту: Төрт порталға қысқаша шолу

Қазақ тілін дамыту Қазақстанда сонау ХХ ғасыр басынан басталады. Тіпті, патша үкіметі кезінде алғашқы жазылған заңдарға қатысты да мәселелер жиі көтеріліп тұрған.

  • 17.02.2023

 

ХІХ ғасыр соңында қазақ балаларын оқыту мәселесінде балаларымыз қай тілде, қалай оқу керек деген мәселелер көтерілген. Бірақ, күні империяға қарап қалған, тоталитарлық басқару жүйесіндегі Қазақстанда тіл мәселесі күн өткен сайын күрделене берді, күрделене берді.

Тіліміздің таза сақталмауына бүкіл сала бойынша жүргізілген орыстандыру саясаты көп кесір тигізді. Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін қазақ тілін сақтап қалуға Алаш арыстары бастаған жалпы қазақ оқығандары аз еңбек сіңірген жоқ. Қазақ тілі үшін күрестің басында Әлихан Бөкейханов тұрды. Ахмет Байтұрсынов бастаған ғалымдар тобы қазақ тілінің ерекшеліктерін ғылыми тұрғыда бекітіп, оқыту құралдарын жазды, қазақ тілін оқытуға күш салды. Одан арғысы белгілі, репрессия, одан соңғы соғыста қатары сиреп қалған қазақ оқығандары және жалпы жұрт көп уақытқа дейін есін жия алмады. Тың игеру жылдарында Қазақстанға көптеп қоныстанған жат жұрттықтардың келуімен қазақ ұлты өз жерінде азшылықта қалды. Бұл жағдай тілдік мәселені тіпті күрделендіріп жіберді. Ғылым, іс қағаздар, мемлекеттік саясатты айтпағанда, қоғамда орыс тілінің басымдығы айқын көрінді. Қазақ интеллигенциясының естеліктерінен: «Қалада, қоғамдық көлікте немесе басқа қоғамдық орындарда қазақша сөйлеп қалсақ, қалт-құлт еткен өзге ұлт өкілеріне дейін: «жабайылардың емес, адамның тілінде сөйлеңдер», деп ескерту жасайтын», - деген сөздерді жиі оқимыз. Бұл қазақ тілінің ең бір құлдырап кеткен кезінің көрінісі.

Одан кейін Тәуелсіздік келді. Тәуелсіздік алған күннен бастап тіл туралы сөз еркін айтыла бастады. Бұрнада «Қазақ тілі» қоғамдары жұмыс істесе, енді жекелеген азаматтар мәселе көтере бастады, Жоғарғы кеңес, Парламент қабырғасында айтылды. Мемлекеттік іс қағаздар қазақ тіліне ауыстырылсын, билік тарапынан талап етілсін деген талап-ұсыныстар көлденең қойылды. Бірақ, әу бастан-ақ көп ұлтты мемлекетпіз деген ұстанымды жарияға жар салған мемлекеттік құрылымдар мұндай қатаң талап қоюға бара алмайтыны түсінікті еді. Енді осы сәттен бастап қазақ тілін оқыту, қазақ тілін дамытуға мемлекет көңіл бөле бастады. Қыруар қаржы бөлінді, форумдар, іс-шаралар ұйымдастырылды, тегін курстар ашылды. Бірақ, Қазақстан түгелге жуық қазақша сөйлеп кете қоймады. Дегенмен, уақыт жылжыған сайын қазақ тілі еңсесін тіктеп, қатарға қосылғаны байқалды. Әсіресе соңғы жылдары қоғамда тілге байланысты көптеген оқиғалар, келіспеушіліктер болып қалып жүр. Азаматтар қазақ тілін талап етіп, әр түрлі мекемелер ғана емес, сервистік қызмет көрсету орталықтарымен келіспеушіліктер жиі көзге түсіп жүр. Осындай жағдайда ендігі қазақ тілін дамыту мәселесі қалай болу керек, жалпы Қазақстандағы тіл саясаты қай бағытты ұстану керек деген мәселе күн тәртібіне көтеріле бастады.

Қазақ тілін оқыту ғана емес, жалпы дәл осы салаға қатысты қандай проблема бар, қандай шара қолданылып жатыр деген мәселелермен жүйелі айналысатын интернет порталдары жұмыс істейді. Біз солардың бірқатарына шолу жасап, олардың қоғамға ықпал ету мүмкіндігін саралап көрсек дейміз.

«Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл» деген ұстанымды қақ маңдайына жазып қойған «Tilalemi.kz» сайты жалпы тіл саясатынан бастап, тіл тазалығы, лингвистикадағы мәселелерге дейін, тіпті, тілге қатысты өтетін іс-шашалар мен түрлі деңгейдегі конкурстардың өту ережелеріне дейін талқылайтын портал. Тіл ғана емес, ұлттық мәселелердің барлық саласына қатысты ғалымдардың пікірі, Алаш арыстарын ұлықтау, елдік жолында күрес, тіл үшін күрес жолында шаһид кешкен тұлғалардың еңбектерін, оларға мемлекеттің қалай көңіл бөліп жатқанын, жалпы, тіл мәселесі ғана емес, тіл ғылымы мен әдебиет саласындағы соңғы жаңалықтар, олардың кемшілігі мен жетістігі, тағы да басқа осы төңіректегі мәселелер туралы кеңінен жазуға тырысатыны байқалады. Одан бөлек, порталда порталда кітаптар, мультимедиялық бағдарламалар, сөздіктер мен журналдар орналастырылған. Сілтеме арқылы өтіп, қызыққан адам қазақ тілін оқудың барлық деңгейін зерттеуге, өзін дамытуға мүмкіндік алады. Мультимедиялық бағдарламалардың мақсаты да сол – тіл үйренем деушілерге мүмкіндік беру.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысы бойынша шығарылған мультфильмдердің біріне назар аударайық. «Сөз қазынасы» анимациялық фильмінің 14-бөлімі. Мультфильмнің сапасы, әрине, ең жоғарғы деңгейде емес, дегенмен, тілге қызығушылық арттыру мақсатында жасалған соң, одан да жақсы сапада жасалса қарсы болмас ек. Дегенмен, мұндағы басты мақсат қазақ тілінің тазалығын көрсету екенін ескере отырып, бұл жағын қатты тәптіштемей-ақ қояйық. Сценарий, әрине, ата-әже, немере арасындағы диалог. Бәлкім, әбден таптаурын болған осы жүлгеден қашуы керек пе еді деп те ойладық. Қысқасы, немересі футболға арналған аяқ киім әкеп береді, әжесі оны мақтайды. Потбол (путбол?) деп сөйлейді, оны немересі «футбол» деп түзейді. Көршілерден байғазы сұрау мәселесі көтеріледі. Кішкене ғана немересі «байғазыны кім береді, ондайдың бар екенін ұмытып та қалған шығар», деп үлкен ой айтады. Әрине, оның ара-тұра баяғы өткен заман – ертегілер еліне саяхат жасап тұратынын ескерсек, ырым-тыйымдар мен мұндай сөздердің мағынасын білуі жарасымды да көрінеді. Бұл жолы ертегілер еліндегі Абыз атасы оған мың жыл болған қанжар сыйлайды.

Бұл бөлімде байғазы сөзінің мағынасын түсіндіреді. «Бұл ырымның басты міндеті, әлбетте, бірдеңе беру керек». Кішкене сыйлық болса да беруге болады. Айдар батыр атасы берген сыйлық қанжарды сауыт-сайманына байғазы сұрап келген Таусоғарға байғазыға береді. Міне, осы көрініс арқылы байғазы сөзінің мағынасын ашуға талпынады. Ары қарайғысын қызыққан көрермен өзі көре жатар деп осымен тоқтайық.

Сайт бірнеше айдар бойынша жүйелі түрде жұмыс істеуге тырысады. «Тіл райы», «Кітапхана», «Толғаныс», «Тарту», «Әдіскерге көмек», «Ғалымнан көмек» сияқты жобалар бойынша жарияланған материалдар аз емес. Оқылымы орташа деуге болады. Ескерте кетер бір мәселе – «Толғаныс» айдары бойынша берілген Сәбит Иманғалиевтің «Қазақ тілінде сөйлемесе, ол менің балам емес» деп аталатын мақаласына қатысты. Мұндай тақырып қою – ескірген, өзін ақтамаған әдіс. Ескі сорап. Мұндай тақырыптар қазақ аудиториясының буын шығарғаны болмаса, орыс тілді ортаға өтпейді. Рас, намысын қамшылап, ұлты мен тілін ұмытпау мақсаты айқын. Мақаладан көретініміз бұл сөз Мұхтар Шахановтікі екен. Шаханов Тәуелсіздік алғалы тіл мәселесін көтеріп келеді, бірақ, мұндай ғылыми тұрғыда ешқандай әдістеме ұсынбайтын, нақты зерттеуге негізделмеген материалдар мен болыпты-мыс оқиғалар бұған дейін өзін ақтаған жоқ. Ылғи доңайбат, ылғи төмен тұқырту, ылғи биіктен қарау. Тарихи жағдайға байланысты тілдік проблема пайда болды, соның кесірінен өз тілін білмейтін буын қалыптасты. Және ешқандай проблемасыз-ақ Қазақстанда өмір сүріп жатыр. Бірақ, оларға өз тіліңді ұмыттың деп дүрсе қоя беруге болмайтыны, тілдік проблемаларға тілді білмейтіндерді кінәлау тұрғысынан емес, масштабты түрде келу керек екені жайлы соңғы уақыттарда аз айтылып жүрген жоқ. Сайтта осындай материалдар көптеп жарияланса дейміз. Әйтпесе, қазақ тілінің арқасында үлкен аттаққа жеткен Асылы Осман сияқты көптің көзі үйреніп кеткен тұлғалар қазіргі тіл саясатын жүргізуге немесе насихаттауға толықтай ықпал ете алмайды. Олар белгілі бір деңгейде өз функциясын атқарып шықты, демек, алдағы уақытта мүлде басқа деңгейдегі сөз айтатын, жаңалығы мол, заманауи әдіс-тәсілдерді, тың деректерді ұсынатын спикерлерге көптеп орын берілсе дейміз.

«Ақпарат» айдары бойынша берілетін тіл, әдебиет, руханият саласындағы жаңалықтарды жаңалық емес, сараптамалық материалдар деуге де болады. Жаңа шыққан еңбекке қатысты аздаған талдаулар ары қарай тереңдей түссе, бұл айдардың атын басқаша атауға да болатыны байқалды. Терминология, латын әліпбиі, жарнамалық қателіктер, аудиожазбалар, т.б. мәселелерді ары қарай дамыта түссе және тіл мәселесіне қатысты нақты бір бағыттарды ұстану керек сияқты. Өйткені, бұл сайттың нақты мақсаты қандай, аудиториясы кім деген мәселенің жауабын табу қиын. Нақты ғылыммен айналысатын орта ма, әлде тіл үйренушілер ме? Сайттың осы жағын ескергенде, бұл порталды қазақ тілін дамыту мақсатынан гөрі ғылыми зерттеу орталығының жұмысына көбірек ұқсап кететін сияқты.

«Аbai.institute» - қазақ тілін Қазақстанда және шетелде оқыту және ілгерілету бағдарламасы шеңберінде әзірленген веб-портал. Портал 7 тілде (қазақ, ағылшын, неміс, француз, орыс, түрік, парсы) ұсынылған және Android, iOS платформалары арқылы жүктеуге қолжетімді». Бұл тағы бір интернет портал – «Аbai.institute» сайтына берілген анықтама. «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының құрамындағы бұл сайттың қамтитын тақырып ауқымы мен аудиториясы да әр түрлі.

«Офлайн сыныптар», «Қазақша үйрену» жобалары бірнеше айдар бойынша жұмыс істейді. Әліпби, Этикет, Сапа, Үйге арналған заттар, Сандар, Менің отбасым деп аталатын айдарлар арқылы берілген қазақ тілін үйрету сабақтарының қандай деңгейде екеніне тоқталып жатпай-ақ қояйық, бірақ, веб-консультант арқылы жүргізілетін сабақтың өзге тіл өкілдері үшін жеңілдетілген нұсқада жұмыс істейтіні, тіл үйретудің қарапайым ережесін таңдап алғаны қуантты. Бірақ, бұл үлкен институт сайтының бір жобасы ретінде ғана сайт ішінде жұмыс істеуі аздау көрінді. Мүмкін, алдағы уақытта сайттың емес, институттың жобасы ретінде жеке портал ретінде ашылса және барлық ақпараттық кеңістікте пиары мен жарнамасы жиі шығып тұрса, осы әдістемесін дамыта түссе, қазақ тілін үйренем деушілерге арналған жақсы бір онлайт платформа болып, жеке отау ретінде өзін ақтап алар еді.

Әйтпесе, «Абай институт» деген атау ешқандай да тіл үйрететін орталық ретінде әсер етпейді, керісінше әлдебір ғылыми орталықтың өзі атқарған шаруалары мен тындырған істерін, шығарған кітапатарын, ашқан жаңалықтарын тізіп жазып қоятын сайты ретінде ғана әсер туғызады. Өзі қазақ тілін білмейтін, енді үйренсем немесе жетіле, детілдіре түссем деген азаматтарды соншалық жолды жүріп өтуге, онлайн тіл үйрену орталығына жету үшін лабиринтке салып шаршату тіл үйретуге қызықтыратын ұтымды тәсіл емес.

Бұдан басқа бұл сайт ұсынатын жаңалықтар тақырыбы да тым ауқымды. Ғылыми іс-шаралардан басталып, туризм, көші-қон мәселесіне дейін кетіп қалады. Абайдың аты аталған соң ақынның қара сөздерін жүктеп қойған, оның қандай рөл атқарып тұрғаны беймәлім, әйтеуір іздеген адамға керек болып қалар деген ниетпен салынғаны анық. Одан бөлек «Абай тв» арнасы мен «Абай әлемі» сайтының сілтемесі арнайы батырмамен ұсынылыпты. Бұл мақсатты да онша түсіне алмадық.

Біз тоқталмақ келесі сайт – «Tilqural.kz». Анықтамасында «қазақ тілін кезең кезеңмен оқуға арналған веб-сервис» делініпті. «Tilqural.kz» ересектерге қазақ тілін А1, А2, В1, В2, С1 деңгейлерінде үйренуге мүмкіндік береді. Тіркелгеннен кейін пайдаланушы қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтау үшін тестілеуден өтеді. Тестілеу нәтижелері бойынша жүйе оқу курсын ұсынады. Сайт тіл оқушының сөздік қорын толықтыруға, жаңа сөздердің мағынасын түсінуге және оларды күнделікті өмірде қолдануға, еркін оқуға, өз ойын ауызша да, жазбаша да жеткізуге, сөздерді дұрыс дыбыстауға, сөйлемдерді сауатты құрастыруға мүмкіндік береді. Пайдаланушы жеке кабинетінде орындаған сабақтарының статистикасын көре алады. Сервис Android, iOS платформалары арқылы жүктеуге қолжетімді».

Қазақ тілін үйрету бойынша нақты бір бағыт таңдап алған, арнайы платформа ретінде жұмыс істейтін сайт ретінде осы порталды атауға болады. Қарапайым деңгейден бастап жоғары деңгейге дейін бөлімдерге бөлінген, пайдаланушыға да ыңғайлы форматта, қарапайым әдістемелерді байқадық. Сәлемдесуден бастап, қоғамдық орындардағы (дүкен, сауда орталықтарын, көше, асхана, кеңсе) қолданылатын сөз-сөйлемдер; мінезге, мамандыққа, апта күндеріне байланысты арнайы бөлімдер де тіл үйренем деушілер үшін таптырмас мүмкіндік. Бұл курстан өтем деп ниет еткендердің алдын ала тілді игеру деңгейін анықтап алып, соған сай әдістеме ұсыну да жақсы жүйеге қойылған. 

Дәл осылай тіл үйретумен айналысатын тағы бір сайт – «Tilmedia.kz» сайты. Бұл үштілді сайт әртүрлі тәсілдер арқылы орыс және ағылшын тілді азаматтарға қазақ тілін үйренуге мүмкіндік береді. Тілдерді оқыту әдістемесі аудио және бейне мазмұнға негізделген сайтта латын және араб графикасы қарастырылыпты. Құрылымы тіпті қарапайым. «Тыңда», «Қара», «Оқы», «Өз ойыңмен бөліс» деп аталатын төрт бағытта жұмыс істейтін, тіл үйрететін онлайн орталық біз ең басында тоқталған «Тіл қазынамен» бірге жұмыс істейтіні аңдалады. Өйткені, «сайтқа өту» деген батырманы басып қалсаңыз, өзіңізге таныс материалдарға ұшырасасыз. Өйткені, оны сіз жоғарыда аталған сайттан оқып алғансыз. «Ақпараты» ортақ, әдістемесі ұқсас, бірі кеңірек ауқымда, енді бірі нақты мақсатта жұмыс істейтін екі сайттың құрылтайшысы ортақ болар деп ойладық та қойдық.

Кез келген саланың дамуы үшін бәсекелестік ең басты орында екенін ескерсек, мұндай бір-бірін көшіріп отыратын сайттардың арасында бәсекелестік жоқ екенін байқау қиын емес. Тіпті, дәл осы сала – тіл саясатына қатысты мемлекет бөлетін қаржыны монополиялап алған ба деген де ой келеді. Себебі, қазақ тілін үйрету – тегін, тегін болған соң одан нарық арқылы ақша табамын деу көкейге қонбайды. Ал, ондай орталықтар мен осындай сайттардың барлығы мемлекеттік тапсырыс арқылы жұмыс істейтінін ескерсек, есеп беріп, онлайн платформаны тартымды, қызықты ете түсуге ешкім де онша бір талпына қоймайтыны тағы ақиқат.

Айтпақшы, аталған төрт сайттан да ақпарат – жаңалықтар қызметі бар екен, бірақ, ешқайсысынан қоғамдағы тілге қатысты келіспеушіліктер жайлы оқи алмадық. Әйтпесе, қазақ тілінде қызмет көрсетуден бас тартқан әкімші мен тұтынушы арасындағы даудың ақ-қарасын айырып, оның қайдан шыққанын, қайда апаратынын, әлеуметтік зерттеулер арқылы ұсынатын нағыз мамандар осы платформаларда отыратын жөні бар еді. Тіл үйрету, қазақ тілін дамыту өз алдына, кез келген тілге қатысты сұрақты осы порталдардан біліп отыратын жөніміз бар еді. Мүмкін, алдағы уақытта көңіл бөлінуге тиіс бір мәселе осында. Өйткені, кез келген саясатты жүргізуде әлеуметтік зерттеулер ең бірінші орында тұруы керек. Мемлекеттік тіл саясаты да осындай орталықтар жүргізген зерттеулерге сүйене отырып жүргізілетін деңгейде болса дейсің...

30 жыл бойы жүргізілген тіл саясатының қандай деңгейде болғанын көзі қарақты оқырман жақсы біледі. «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген бұйрық райлы моральдық сөздің деңгейінен асқан жоқ. Ендігіде мұндай құрғақ дидактика тілді дамыту мен тіл үйренушілерді қызықтырмайтыны түсінікті болды, осыған сай Екінші Республикада тіл саясатына бір реформа керек-ақ.    

Қылыш СЛАМЖАН                    

Байланысты жаналықтар

В объятиях государства. Почему казахстанцы не хотят жениться?

26.03.2024

Рост зарплат в два раза ниже реального роста экономики в Казахстане

13.02.2024

Неравенство в Казахстане как в Африке – исследование

26.01.2024

Почему казахстанцы такие бедные – исследование

24.01.2024

Низкое доверие госинститутам в Казахстане зафиксировали социологи

15.01.2024

Центрально-Азиатский союз: возможности или риски?

20.11.2023
MalimBlocks
В объятиях государства. Почему казахстанцы не хотят жениться?

В Казахстане рекордно снизилась статистика создания новых браков, и это при том, что численность молодежи растет. Как сообщают аналитики Ranking.kz, за январь–декабрь 2023 года в стране зарегистрировали брак 120,9 тыс. пар. Это на 6% меньше, чем годом ранее.

Рост зарплат в два раза ниже реального роста экономики в Казахстане

В четвертом квартале 2023 года среднемесячная заработная плата составила 393.6 тысяч тенге, увеличившись на 12% с предыдущего квартала. Но радоваться этому не стоит. Аналитики «Халык финанс» считают, что такой рост связан с выплатами премий в конце ушедшего года.

Неравенство в Казахстане как в Африке – исследование

Почти половина жителей Казахстане имеет среднемесячные доходы на душу населения ниже минимальной заработной платы (85 тыс. тенге). При этом больше половины этих доходов люди вынуждены тратить на продукты питания. Зато 10% наиболее богатых людей в стране владеют почти 60% всех активов домохозяйств, что ставит Казахстан по уровню имущественного неравенства в один ряд со странами Африки. К таким выводам пришли аналитики «Халык Финанс» в опубликованном исследовании «Экономическое неравенство населения в Казахстане».

Почему казахстанцы такие бедные – исследование

Сырьевая направленность экономики и низкая производительность труда мешают казахстанцам больше зарабатывать. Частный сектор, малый и средний бизнес не то что не стали опорой экономики и источником ее эффективности, но и стагнируют. Тем временем государство увеличивает свою роль во многих сферах, позволяя оставаться на рынке низкопроизводительным компаниям. К таким выводам пришли аналитики «Халык Финанс» в опубликованном отчете «Рынок труда Казахстана 2023 - низкая производительность, скрытая безработица, региональный дисбаланс».

Низкое доверие госинститутам в Казахстане зафиксировали социологи

Центр социологических и политических исследований «Стратегия» опубликовал рейтинг управленческой элиты за 4 квартал 2023 года

Центрально-Азиатский союз: возможности или риски?

Ухудшение социально-экономического положения в странах Центральной Азии на фоне войны в Украине снова стало поводом для обсуждения возможности экономической интеграции. В среду, 15 ноября, эксперты Central Asian Think Tanks Forum, организованного PaperLab в Астане, размышляли, как нашим странам стоит объединять усилия, чтобы наконец перестать быть объектом геополитических и экономических интересов мировых держав и становиться самодостаточным регионом.