Саяси науқан басталмақ. Үйде тыныш жатасыз ба?

Президент әкімдер сайланып, халық алдында жауапты болсын дейді. Бірақ, Байбектің бастамасы сайланған әкімді аудандық мәслихатқа тәуелді етпек.

Руслан ЕРБОТА

  • 19.05.2021

Елімізде саяси жаңа науқан басталмақ. Бұл науқанды ­- демократияға алып баратын бірден бір төте жол, Орталық Азия елдерінде бұрын-соңды болып көрмеген жаңа бастама, биліктің халық алдындағы жауапкершілігін арттыратын құтты қадам дегендей теңеулер жақын күндері жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптайтыны анық.  

Сонымен көп ұзамай алдағы күндері ауыл әкімдері сайланбақ.  Ал бұл науқан саяси өмірге қаншалықты әсер етпек?

Біраз уақыт бұрын ауыл әкімін сайлауға қатысты заң жобасы мәжілісте мақұлданды. Бұл заңның жобасы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауында көтерілген еді, міне, үкімет пен парламент жолдауды жүзеге асырған болып жатыр. Дегенмен, кішігірім іс көрінген осы бастамада кілем астында үлкен тартыс болып жатқаны байқалып та қалады.  Мәселен, Форбс журналының жазуынша13 сәуірде мәжілістің бір комитетінде ұлттық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыров осы заң жобасын таныстырып, онда 25 жасқа толған, мемлекеттік қызметте бір жылдан кем емес немесе мемлекеттік емес ұйымда екі жылдан кем емес мерзімде басшылық жасаған адам ғана ауыл әкімі болып сайлана алады деген еді. 

Ал о баста, ауыл әкімін сайлау заң жобасы талқылауға жарияланғанда мұндай талап болмаған еді. Жоба жарық көріп, екі ортада парламентке жеткенше Ақорда мен кітапханадан бір қарауға өтіп шыққан болуы керек, әйтеуір, осылайша күшейіп шыққан. Алайда, орта жолда қосылған бұл талап орта жолда із-түзсіз жоғалып кеткендей. Немесе бір жерде тығылып жатыр. Мәжілісте мақұлданған заң жобасының соңғы мәтінін тиісті орындардың сайттарынан таба алмадым, бірақ, мәжіліс отырысында «25 жасқа толуы, мемлекеттік қызметте бір жылдан кем емес немесе мемлекеттік емес ұйымда екі жылдан кем емес мерзімде басшылық жасауы шарт» деген сөз айтылған жоқ. Демек, «мемлекеттік қызметте бір жылдан кем емес немесе мемлекеттік емес ұйымда екі жылдан кем емес мерзімде басшылық жасауы шартын» бір топтар заңға енгізгісі келген, осы талап арқылы әкім сайлауын толықтай қадағаламақ болған, бірақ, түрлі себеп, оның ішінде, халықаралық қауымдастық сынынан сескеніп, бұл шарттарын кейін үндемей алып тастағандай.

Енді мәжілісте мақұлданған жоба сенатта қабылданып, президент қолынан өтсе, 2025 жылға дейін 2345 ауылды округтерде әкім сайланбақ. Және бұл сайлауға 17,6 млрд теңге жұмсалмақ. Әкім сайлауы кезең кезеңмен жүрмек. Мәселен, биыл жыл соңына дейін 800 әкім сайланып, бұл науқанға 4,8 миллиард теңге жұмсалуы тиіс. Көріп отырсыздар, оңай ақша емес. Ал осындай қыруар ақшаға әкім қалай сайланбақ?

Біріншіден, әкім болғысы келген адам жергілікті сайлаушының 1 пайыз қолдау дауысын жинауы тиіс. Сонда ғана үміткер боп тіркеледі. Ал қолдау дауысының 1 пайызы қате толтырылса, онда сайлаудан алып тастайды.

Екіншіден, бұл сайлауға саяси партиялар үміткерлерін қатыстыра алады. Саяси партия атынан түсетін үміткерге сайлаушылардан қолдау дауысын жинаудың қажеті жоқ. Мәжіліс депутаттары осы алалауға, дисскриминацияға бұл қалай деп сұрақ қоюға жарамады. Өйткені, мұнда сайлау құқығы, сайлану құқығы бәріне бірдей тең деген негізгі талап бұзылып тұрғандай. Мәселен, саяси партияның мүшесі саяси партияға мүше емес адамнан неге жоғары тұруы керек? Немесе оған неге ерекше мәртебе берілуі тиіс. Оның үстіне ауыл сайлаушысы саяси партия мүшесін сайлағысы келмесе ше? Жеке адам ондай ауылда үміткерлікке тіркеле алмаса ше?

Үшіншіден, егер сайлануға екі үміткер шықпаса, онда аудан әкімі өз адамын кандидаттыққа ұсына алады. Біздегі арқадан қағып тұрып, аяқтан шалып түсіретін саяси өмірде бұл норма «шаш ал десе бас алатындардың» біраз қажетіне жарап қалатындай.

Сосын, мәселен, сайлауда екі үмкіткер бірдей дауыс алса, онда үміткерлікке бірінші боп құжат өткізген адам жеңіп шықпақ. Қайталап айтамын, құжатын бірінші өткізген жеңген болып есептелмек. Біздің мәжіліс депутаттары осындай талапты мақұлдап, демократияға бет алдық деп қол шапалақтап отыр. Бәлкім, мен ақпарат ағымынан қалып қалған шығармын, білсеңіз айтып жіберіңіздерші, бізде не заң жүзінде дүйсенбі бейсенбіден артық немесе сәрсенбі күнгі жазылған құжат жұмадағы құжаттан құны әлсіз деген заң бар ма еді? Қай елдің заңында мұндай талап бар? Мұндай амалға жүгінетін болсақ, бірінші күні сағат тура 9-да құжат өткізген үміткер жеңімпаз болады деп ашық жаза салмай ма? Сайлаушыны әурелеудің, әрбірден соң қорлаудың не қажеті бар?

Сосын, мәжіліс депутаттары бұл заң жобасын қарастырғанда жеңіл желпі талқылағандай болды. Демократия үшін, жергілікті жердегі мәселені оңынан реттеуге ауадай қажетті заң деп бағалады. Бірақ, кез келген заң жобасын мақұлдаған кезде оның жұмыс істеу мүмкіндігін де қарастырып, оған жағдай жасау керек емес пе?

Осы тұрғыдан алғанда сайланған ауыл әкімінің құзыреті қандай деген сұрақты ешқайсысы ашық көтерген жоқ.

Мәселен, Қасым-Жомарт Тоқаев о баста ауыл әкімдерін сайлау керек деген кезде, «Нұр Отан» партиясының төраға орынбасары Бауыржан Байбек жергілікті жердегі әкімдер жұмысын қадағалаушы мәслихаттың құзыретін арттыру, күшейту бастамасын көтерді. Қазір осы екі бағытта да жұмыс кеңінен жүріп жатыр.

Ал енді осы үрдіске көңіл бөліп көрейік. Президент әкімдер сайланып, халық алдында жауапты болсын дейді. Бірақ, Байбектің бастамасы сайланған әкімді аудандық мәслихатқа тәуелді етпек. Яғни, сайланбалы ауыл әкімін жұмыстан алу, оған ескерту беру, оның ауылына қаржы бөлу-бөлмеуді, бюджет өтінішін қолдау-қолдамауды  аудандық мәслихат шешпек (Және бір қызығы, парламенттегі оппозиция саналатын «Ақ жол» партиясы алдағы уақытта билік партиясының жергілікті мәслихаттағы монополиясын жою үшін мәслихат төрағасы мен мәслихат комиссиясының жетекшілері бірдей бір партиядан болмауы керек деген бастама көтеріп жүр. Осындай шарт қабылданса, мәслихатта оппозицияға орын тиіп, елде демократия орнап кетеді екен).   

Ал сайланбалы ауыл әкімінде дербес бюджет те, құзыр да жоқ (Рас, қазір ауыл әкімдеріне 4 деңгейдегі бюджет құзыры берілген. Бірақ, ол бюджеттің күші ауылдан салық жинау, сол азғантай ақшаны мәслихат шешімімен жұмсау ғана).  Биылдан бастап мәслихат депутаттары тек партиялық тізіммен сайланатынын ескерсек, сайланбалы әкім сонда халықтың алдында жауапты ма, әлде «Нұр-Отан» алдында жауапты ма? Жауабын айтпасам да біліп отырсыз. Мұндай жағдайда әкімді сайлап не керек? Ол бәрібір тағайндалған әкім сияқты жоғарғы жаққа кіріптар емес пе?!

Сосын, ауыл әкімін сайлау 5 жылға созылып барып, одан кейін аудан әкімін сайлап көрмекпіз. Ал облыс деңгейіндегі қала әкімін қашан сайлап, толық демократияға қашан жете қоятынымыз анық емес. Осы жерде неге қазір ауыл халқы ғана әкімін сайлауы тиіс деген сұрақ шығады. Қала тұрғындары да неге әкімдерін қазірден сайлай бермейді? Кейінге созып не керек? Оған не кедергі? Ауыл тұрғынына әкімін сайлатып, қала тұрғынын күттіріп қою демократияға, конституцияға қайшы емес пе? Керек десеңіз, Қазақстан халқы осы күнге дейін бір адамды кемінде 5 рет президенттікке де сайлады.  Жеті рет, оның басым бөлігін тіпті кезектен тыс мерзімде парламентті де сайлады. Енді осындай халық, президентті, депутатты сайлай алған сайлаушы аудан, қала әкімін неге қазір сайлай бермейді? Уақытты бос өткізудің қажеті қанша?

Мәселен, өзім қала тұрғыны ретінде әкімді сайлағым келеді. Өйткені, тағайындалатын әкім бізде не істейді? Тағайындалып алған соң кемінде жарты жыл қаламен танысады. Анда барады, мында барады, бар жұмысы, бар уақыты түрлі проблемамен танысумен өтеді, одан қалса, құттықтап келушілерді, тендер сұраушыларды қабылдаумен өтеді. Сосын, командасын жинап біраз уақытын өткізеді.

Сосын, әйтеуір бір әйдік жоба жасайды. Одан кейін «осындай жұмыс атқарамыз» деп кемінде жарты жыл жарнама жасайды.  Ол жобаларына бюджеттен ақша бөлініп, істің басы басталып, аяғы бітпей жатып, басқа қызметке тағайындалып кете береді. Міне, Қазақстандағы бар проблеманың түбі осы.  

Негізі, қазақ билігі әкім сайлауын бұрын да қозғағысы келмеген, қазір де тереңдеп барғысы келмейтіндей, асықпайды. Иә, Назарбаевтың президенттік дәуірінде әкім сайланды. 2005 жылы 4 ауыл әкімі,  2006 жылы 49 ауыл әкімі және облыстық деңгейдегі 10 қала әкімі сынақ ретінде сайланды.  Бірақ, ол әкімдерге керекті құзырет берілмеді. Олар жұмыс істеп қарық та қылған жоқ. Жемқорлықпен ұсталып кеткендері де бар. Сондан кейін 2013 жылға дейін әкім сайлау тақырыбын жылы жауып қойды. Сосын қайта қозғап көрді. Бірақ, сайлауны тиіс ауыл әкімі кандидатурасын аудан әкімі ұсынды. Мәслихат дауыс берді. Халық далада қалды.   

Ал 2005-2006 жылдары мемлекетшіл оппозиция күш алып тұрған еді. Қанша жерден бастары бірікпейді десе де, ең алғаш бәлкім, ең соңғы рет, ортақ үміткер шығарған мемлекетшіл оппозицияның тегеуіріні мықты боп тұрды. Билік халық көңілінен шығу үшін амалсыздан, көзбояушылыққа барса да ауыл әкімін сайлады. Бірақ, одан кейін, мемлекетшіл оппозицияны тізе бүктіргеннен кейін ауыл, аудан, қала әкімдерін тікелей сайлау процесстерін, заңнамасын жетілдіруге, дамытуға, билік тіпті құлықты болмады. Есесіне ЭКСПО салу, саммит өткізу, форум ұйымдастыру, әлемдік саясатты реттеу, жаһандық мәселені талқылаудан,  ЛРТ сияқты жемқорлықтың симфолын  салудан қолдары босамады.

Енді міне, жарқын демократияның бір көрініс ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында айтқан уәдесінде тұрып, ауыл әкімдерін сайлауды жүзеге асырып жатыр. Бірақ, оның бұл бастамасы бәрібір ұзын арқан кең тұсаудан аспай тұрғандай. Бүгінде қазақ қоғамы, қазақ билігі, қазақ оппозициясы, билік партиясы, аты бар заты жоқ азаматтық қоғамы, жергілікті жердегі мемлекет қызметі жетекші тұлғаларға  жарымай тұрғандай.

Егер кезінде әкімдерді сайлау жүйесін жүйелі түрде енгенде бүгінде шын бәсекеде шыңдалған жетекшілер халық алдында, билік сапында жарқырып жүрер еді. Сонда билік пен халық арасындағы сенім құз басында тұрмас еді. Айтпақшы, ауыл әкімін сайлауға барасыз ба? Дауыс санауға бақылаушы боласыз ба? Әлде, үйде тынып жата бересіз бе? Тыныш жата бергеніңіз билікке керек-ақ.    

Байланысты жаналықтар

Қыркүйектің басынан елімізде 7 әскери қызметші мерт болды - журналист

14.10.2024

Халықаралық деңгейде ынтымақтастық нығайып келеді

27.09.2024

Президент жүктеген міндет. Қорғаныс саласындағы нәтижелі қадамдар

16.09.2024

Украинаға уәде етілген F-16 ұшақтарының алғашқы легі жеткізілді

05.08.2024

Ресей мен АҚШ сотталғандарды алмасу бойынша бірнеше адамды түрмеден босатты

02.08.2024

Зеленский Ресейдің екінші бейбіт саммитке қатысуы туралы айтты

01.08.2024
MalimBlocks
Қыркүйектің басынан елімізде 7 әскери қызметші мерт болды - журналист

Халықаралық деңгейде ынтымақтастық нығайып келеді

Алты мемлекеттің арнаулы операциялар күштері әріптестік, практикалық іс-қимылдарды пысықтады

Президент жүктеген міндет. Қорғаныс саласындағы нәтижелі қадамдар

Заңның қатаң сақталуы, оны қадағалау, темірдей тәртіпке бағыну сынды ерекше міндеттер жүктелді

Украинаға уәде етілген F-16 ұшақтарының алғашқы легі жеткізілді

Шілде айының соңғы күнінде Украинаға Ресей шабуылынан қорғану үшін АҚШ-тан уәде етілген 79 F-16 истрибелдерінің алғашқы он данасы жеткізілді. Биыл Украина тура осындай тағы 20 ұшаққа қол жеткізбек. Ал олардың қалған бөлігі 2025 жылы елдің қорғаныс саласына беріледі деп күтіліп отыр.

Ресей мен АҚШ сотталғандарды алмасу бойынша бірнеше адамды түрмеден босатты

Президент Байден мақұлдаған алмасу барысында Ресейде түрмеде отырған журналист Эван Гершкович пен Алсу Құрмашева, саясаткер Владимир Қара-Мырза және теңіз жаяу әскерінде бұрын қызмет еткен Пол Уилан бостандыққа шыққан.

Зеленский Ресейдің екінші бейбіт саммитке қатысуы туралы айтты

Ресейді Украинадағы жағдайды реттеуге арналған екінші бейбіт саммитке қатысуы тиіс. Себебі, жағдайды реттеуді әлемнің көптеген елдері қолдап отыр. Бұл туралы Украина Президенті Владимир Зеленский фрациялық журналистерге берген сұқбатында айтты.