С.Хусейн, Н.Назарбаев… Өз ескерткішінің құлағанын көргендер көп емес
Қазақстанда Қаңтар көтерілісі кезінде Талдықорған қаласындағы Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші құлатылды. Жұрт “көзі тірісінде ескерткішіңнің құлағанын көргеннен артық қандай жаза керек?!” деп жатты. Malim.kz тілшісі әлемдегі осыған ұқсас жағдайларды зерттеп көрді.
Кеңес заманында көзі тірісінде ескерткіш қою ережеден тыс жайт саналатын. Алайда тарихи деректер әр қалада жолдас Сталиннің кемі бір ескерткіші болғанын растайды. Уақыт өте ол ескерткіштің көбі құлатылды.
Саяси тұлғалар
Сапармұрат Ниязов
Ел президенттеріне арналған портрет, көше атауы, ескерткіш дегенде Түркменстанның бұрынғы президенті Сапармұрат Ниязов еске түседі. Оның ескерткіштері көзі тірісінде қаланың түрлі бұрышына қойылған еді. Қайтыс болған соң әйгілі Түркіменбашы алтын мүсіні қайта өңделіп, артынша Ашхабадтың іргесіндегі өңірге көшірілді.
Ирак көшбасшысы Саддам Хусейнге қатысты жағдай әлдеқайда қиындау, 2003 жылы Хусейннің режимімен бірге үлкен топ оның ескерткішін де құлатты.
Ал Кеңес заманынан қалған ескерткіштерді жою үнемі жалғасып жатқан үрдіс. КСРО-ның бұрынғы территориясында қалған Ленин мен Дзержинский ескерткіштері көп емес. Кеңес құлаған соң Балтық елдерінде “Ресей басқыншылығы” аталатын кезеңнен қалған барлық ескерткіштің көзі құртылды. Алайда құлаған тек Ленин емес, Петр I мен кеңестік солдаттар ескерткіштері де келмеске кетті.
Көзі тірісінде ескерткіші салынып, оның құлауы көз алдында болған саяси кейіпкерлердің бірі - Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Назарбаевтың атауы көшелер мен қалаларға, елдегі және шет елдердегі жоғары оқу орындарына беріліп, түрлі қала мен шет елдерде оның ескерткіші бой көтерді. Назарбаевтың жеке басына табыну жайлы ашық айтылады және оның ескерткіштері халық арасында қарсылық тудырып, сынға қалып келгенімен, бұдан ескерткіш саны азайған емес. Соңғы жылдары керісінше, ескерткіш саны асқан жылдамдықпен арта түскендей болды. Тек қаңтар қақтығысында Талдықорған қаласының орталық алаңында орнатылған Назарбаев ескерткіш құлатылды. Бұл туынды 2016 жылы 1 желтоқсан - Тұңғыш президент күніне орай орнатылған болатын.
Айта кетейік, экс-президент оған арнап ескерткіш орнату жайлы ұсыныстарға үнемі “қарсы шығатын”, бірақ тыйым салмайтын.
Өнер
Иосиф Кобзон
Өнер әлемінен өзіне арнап ескеткіш қоюға ұзақ уақыт келісе қоймаған Иосиф Кобзонға 2003 жылы Донецк қаласында ескерткіш қойылды. Бұл туындының ашылу салтанаты қала күні әртістің 66-жасқа толуымен тұспа-тұс келді. Халық әртісін ескерткіш жайлы ұсынысқа көндіру үшін авторлар 1,5 жыл күткен.
Вуди Аллен
Испанияның Овьедо қаласының тұрғындары 2002 жылы режиссерге қоладан құйылған ескерткіш орнатты. Аллен бұл жаңалыққа қатты таң қалғанын жасырмады. “Менің Овьедодағы ескерткішім - батыс өркениетінің ең үлкен сырларының бірі” деп қалжыңдап та алды. “Мен ол қалада өмірімде бір-ақ рет болдым, олар да менен сұрамастан, ескерткішімді орнатты, теңізді құтқарып қалған түгім жоқ, бірақ менің енді ескерткішім бар. Мен мұны әзіл екен деп ойладым” - деді Аллен.
Спорт
Диего Марадона
Тірісінде ескерткіші қойылғандар тізімінде әйгілі футболшы Диего Марадона да бар. 2,2 метрлік монумент Буэнос Айрес қаласында орнатылған.
“Үлкен таңданыс үстіндемін. Бұл маған арналған алғашқы ескерткіш жәе ол мәңгі жүрегімде қалады”, - деді футболист.
Криштиану Роналду
Атақты футбол ойыншысы Роналду да көзі тірісінде екі мәрте өзіне арналған ескерткіштің ашылу салтанатында болды. Бірі оның туған өлкесі Мадейра аралдарындағы Фуншал қаласында орнатылды. Ал екінші мүсін 2017 жылы Португалия әуежайында орнатылып, артынша ол шаржға ұқсайды деген үкіммен Роналдудың мұражайына жіберілді.
Скандинавия елдерінде спортшыларға аса үлкен құрметпен қарайды. 1952 жылғы Олимпиада ойындарының чемпионы Ялмар Андерсон, Пааво Нурми мен Уле Эйнар Бьердален де тірісінде ескерткішке лайық деп танылды.
Көзі тірісінде ескерткіш қойылып, ол өзі барда құлатылған ескерткіш көп емес екен. Әзірге біздің қолға түскені Саддам Хусейн мен Нұрсұлтан Назарбаевты ғана атай аламыз…