Шыныға келгенде Атамқұлов пен Әбдіқалықова шынын айтты ма?
Жалпы, салынып жатыр делінген осы шыны зауыты туралы әңгімелердің қайсысы шын, қайсысы өтірік екенін айыру қиын.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов кешегі үкімет сағатында «2022 жылы Қызылорда облысында шыны өндірісі жобасын пайдалануға беру жоспарлануда» деп салды.
Ал осыдан бір апта бұрын ғана Қызылорда әкімі Гүлшара Әбдіхалықова бұл зауыт желтоқсан айында ашылады деген еді.
Жалпы, салынып жатыр делінген осы шыны зауыты туралы әңгімелердің қайсысы шын, қайсысы өтірік екенін айыру қиын.
Өйткені, оншақты жылдан бері шенеуніктер бұл зауыт өз уақытында салынады деумен келеді. Уақытында әлі салынбаған бұл зауытты кім салып, кім лентасын қиып тастамады десеңізші!
Азияда теңдесі жоқ зауыт деп бағаланған бұл зауытты ең алдымен ағылшынның «Пилкингтон» компаниясы қолға алмақ болған. Одан «Eurasia Float Glass» акционерлік қоғамы салып тастайды деді. «Бәйтерек» холдингі ірі иран компаниясын стратегиялық серіктестікке тартып, тындырып тастайтындарын айтты. Ол сөзде желге ұшқан соң, Қызылорда облысының әкімдігі, «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС және «Qіnhuangdao Yaohua Glass Machіne Manufacture Co., Ltd» Қытай компаниясы бірлесе қалып, дереу келіссөзге келе қалып, шыны зауытын өз уақытында салып тастамақ еді. Одан кейін аяқ-астынан жобаның инвесторы «STEWART Engineers» атты танымал американдық компаниясы болады деді.
Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа осы шыны зауыты арқылы 1 миллиард теңгені «шығарып» алды деген айып тағылған соң америкалық танымал компанияның көлеңкесі көрінбей кетті.
Экс-министр «Бәйтерек» холдингін басқарған кезде Қызылордадағы шыны зауытының құрылысына бөлінген 1 миллиард теңгені сыбайластарымен бірге ұрлап, осы іс бойынша «OrdaGlass» және «Шымкентхиммонтаж» компанияларының басшылары мен Бишімбаевтың бауыры да ұсталған болатын.
Осыдан кейін орта жолда құрылыстың мердігері ауысты.
Бұл жөнінде инвестиция комитетінің сол кездегі төрағасы Сапарбек Тұяқбаев «Біз механизмін таптық, яғни жаңа компания басты мердігер емес, басты мердігердің консорциум мүшесі болады. Компанияны ауыстыру консорциумының бұрынғы келісім-шартына еш әсер етпейді. Сол себепті механизм бар және сол бойынша осы мәселені шешетін боламыз. Менің ойымша, нысанды уақытында [2017 жылы] өткіземіз. Айлық мәселесі жақын арада реттеліп, құрылыс қайта жанданады» деген болатын.
Сондай-ақ, «Бәйтерек» холдингінің сол кездегі басшысы Ерболат Досаев та Қызылордадағы шыны зауытының құрылысына қосымша қаржы бөлінбей, биыл [2017 жылы] қазан айында пайдалануға берілетіні туралы айтқан.
Бұл зауыттың мерзімінде салынып бітетіні туралы кім не демеді!? Қызылорда облысын басқарып тұрған кезде 18 қазан күні Астана төрінде брифинг өткізген Қырымбек Көшербаев былай деген болатын:
– Қызылордадағы шыны зауыты алғашқы өнімін Астананың 20 жылдық тойы қарсаңында шығарады. Шыны зауытының құрылысы көктемде аяқталып, үш ай бойы пештерді қыздыру жұмысы жүреді. Алғашқы өнім Астана күні қарсаңында дайын болады.
Бұл енді 2018 жыл. 6 шілдеде алғашқы өнімі - шынысы шығуы тиіс зауыт. Содан бері үш жыл өтті. Сол аралықтан бері елде екінші президент шықты, Астана атауы Нұр-Сұлтанға ауысты, ал үш ай пеші қызады деген зауыттан үш жыл өтсе де, бір түйір жылтырақ шыны шыққан жоқ. Арада тек тағы да мердігер ауысты. «Қазақстан Даму банкі» АҚ басқармасы төрағасының сол кездегі орынбасары Арман Әубәкіров «2017 жылдың тамыз айында Orda Glass Ltd мен Қытай компаниясы келісім-шартқа қол қойды. Қазіргі уақытта бұл нысанда жұмыс басталып кетті. Егер барлық жұмыс кестесі қатаң сақталса, 2018 жылдың аяғына дейін бұл жоба аяқталады» деді Д. Әубәкіров. Оның да сөзі қып-қызыл өтірік болып шықты.
Енді, өткен аптада ғана астанадағы дәстүрді брифингте журналистер сұрағына жауап берген Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Енді қалып тұрғаны аула және сыртқы территория жұмыстары. Сосын ішін толық тазалау жұмыстары. Осы жұмыстарды біз 10 желтоқсанға дейін бітіреміз деп жоспарлап отырмыз» деген болатын.
Бірақ, кешегі жиында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов бұл зауыттың іске қосылуы 2022 жылы жоспарлануда деп салды. Министр Атамқұлов әкім Көшербаев үш ай пешін қыздыра алмай қойған зауыттың ішін ізбасары Әбдіқалықова 10 желтоқсанға дейін жуып-шайып тазалай алмайтынын біліп отыр ма? Негізі бұл жиынға Әбдіқалықованың өзі де қатысқан. Ол Атамқұловтың зауытты іске қосу мерзіміне қатысты сөзіне ешқандай ескерту айтқан жоқ. Әлде, Әбдіқалықова зауыттың ішін сыпырып, жуып шыққан соң 16 желтоқсанда «Тәуелсіздік күніне тарту» деп, лента қиюды ғана ойлап отыр ма?
Атамқұлов өз кезегінде зауыттан шығатын алғашқы шыныны жоспарлап отыр ма? Қалай десек те, осы зауытқа келгенде шенеуніктердің сөзіне сенуден қалдық.
Әзірге айтқан сөздерін орындай алмай жүрген шенеуніктердің болжамды есептеріне сенсек, бұл зауыт салынса, жылына 197 мың тонна шыны өнімдерін шығарады. Сөйтіп, ішкі нарықтың қаңылтыр мен шыныға деген қажеттілігінің 98 пайызын өтейді. Зауыт қасынан кемінде 8 ілеспе өндіріс (айна, шыны талшығы, ыдыс, тағы да басқа өндірістер) құрылмақ. Кей мамандардың айтуынша, шыны зауытын салу идеясы 2012 Н. Назарбаевқа Германияға барған сапарында айтылған. Сол жылы немістің «Glas Trоsch-Euroglas» компаниясы қазақ компанияларымен зауыт салуға келіскен.
О баста бұл зауытты салуға Ақтөбе, Павлодар және Қостанай облыстары ыңғайлы деп танылған. Себебі, екі облыс нарығы үлкен Ресеймен шектеседі және Сібір жақта мұндай кәсіпорын мүлдем жоқ. Бірақ, Павлодар мен Қостанайда газдың жоқтығынан таңдау Ақтөбеге түскен. Бұл таңдауға шыны жасауға қажетті құм кеніне жақындығы да әсер еткен.
Ал, Қызылорда облысы есепте жоқ болған. Мамандар бұл зауытқа 400 шақырым жердегі Аралдан құм тасып келу қосымша шығын дегенді де айтып жүр. Ал шенеуніктер осы зауыт арқылы дотацияда отырған облыста жұмыс орындарын ашып, кәсіпкерлікті, отандық өндірісті алға жылжытамыз дейді.