Кәсіпкер Айдын Рақымбаев пен оның жұбайы Анар Рақымбаева The Giving Pledge — «Садақа беру антына» қол қойды, деп хабарлайды Malim.kz.
Бұл олардың өз байлығының кемінде жартысын қайырымдылыққа жұмсайтынын білдіреді.
«Біз капиталымыздың жартысынан көбін кезең-кезеңімен қайырымдылыққа бағыттауға міндеттенеміз, ал қалғанын – жартысынан аз бөлігін – балаларымызға қалдырғымыз келеді. Бірақ біз үшін жарты миллиард доллар да шек емес, тоқтауды ойламаймыз: көбірек табыс тапқан сайын, игі істерге де көбірек қаржы бөлеміз. Әрине, біз жүз жылдарға әсер ететін жобаларға инвестиция саламыз деген нақты түсінік бар, яғни пайдасы болашақ ұрпаққа тиеді. Бұған дейін біз әлеуметтік жобаларға шамамен 100 млн доллар бөлдік. Сонымен қатар балаларымыздың бұл бастаманы қолдап, біздің құндылықтарымызбен бөлісетініне қуаныштымын», – деді BI Group компаниясының бас директоры Айдын Рақымбаев.
Айдын мен Анар Рақымбаевтар мамыр айының соңында өтетін The Giving Pledge қауымдастығының кезекті кездесуіне қатысуға шақырылды. Бұл жиында олардың «антқа» қол қойғаны жарияланып, Орталық Азиядан осы бастаманы қолдаған алғашқы өкілдер ретінде таныстырылады.
Сонымен қатар Айдын Рақымбаев негізгі басымдық Қазақстан ішіндегі жобалар болып қала беретінін атап өтті. Бұл қаражат мектептер салуға, балалар үйлерін жабуға, Орталық Азиядағы балаларды қолдауға, ұлттық дәстүрлерді сақтауға және Қазақстан тарихын насихаттауға бағытталады.
Рақымбаевтардың бұл шешімі Қазақстандағы басқа мультимиллионерлерді де өз қайырымдылық бастамаларын қайта қарауға ынталандыруы мүмкін.