Ақтау қаласының 7-шағын ауданындағы пәтерлердің бірінен егде жастағы әйелдің мәйіті табылды. Үшінші қабаттағы пәтерден шыққан жағымсыз иісті сезген тұрғындар дабыл қағып, құзырлы органдарға хабар берген.
№27 үй тұрғындарының айтуынша, зейнеткер әйел жалғыз тұрған. Соңғы күндері оны ешкім көрмеген, кейін подъезде мәйіт иісіне тән өткір иіс пайда болған. Көршілер күмәнданып, жедел қызметтерге хабарласқан.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға 3 наурыз күні шамамен сағат 16:00-де болған. Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен құтқарушылар барған. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары пәтердің терезесін ашып, ішке кіріп, құқық қорғау органдары қызметкерлеріне есік ашып берген. Пәтер ішінен 79 жастағы әйел адамның мәйіті табылды.