Ақтау қаласында Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының тапсырысымен, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ-тың қолдауымен, «Қолдау» орталығы» жеке меншік мекемесінің ұйымдастыруымен «Жастар EQ 3.0 & Mental Health» жобасы аясында республикалық сарапшыларды тарта отырып 4 компонентті оқыту аясында кезекті оқу өтті.
Қатысушыларға психоанализдің негізгі қағидаларын меңгерту, психологиялық консультация жүргізу дағдыларын жетілдіру және жан жарақаттарының адамның психикасына әсерін тереңірек түсіндіру мақсатында өткен оқытуды психолог, психотерапевт, психоаналитик, Орталық Азиядағы Психоанализ институтының түлегі Сая Бәкімова жүргізді.
Оқыту барысында қатысушылар психоанализдегі сеттингтің маңызын, кәсіби шекаралар мен жұмыс ережелерін құру ерекшеліктерін талқылады. Сонымен қатар түрлі психологиялық жағдайларда психологтың жауабы қандай болуы керектігін тәжірибелік жаттығулар арқылы пысықтап, клиент пен психолог арасындағы өзара келісім қағидаларын меңгерді.
Бағдарлама аясында жан жарақатымен жұмыс істеу техникалары, мұндай клиенттермен тиімді терапиялық байланыс орнату жолдары қарастырылды. Сондай-ақ нәрестелік кезеңдегі психологиялық жарақаттардың ересек өмірдегі көріністері талданып, нақты клиникалық жағдайларға сараптама жасалды.
Аталған оқыту жастармен және халықтың түрлі топтарымен жұмыс істейтін мамандардың кәсіби құзыреттерін арттырып, психикалық денсаулық мәдениетін дамытуға бағытталған маңызды білім беру алаңы болды.