Ақтөбеде шетелдік инвесторлар, қазақстандық ірі бизнес өкілдері және орталық мемлекеттік органдардың басын біріктірген «AQTOBE INVESTMENT FORUM – 2025» халықаралық инвестициялық форум өтті.
Форум ауқымы биыл ерекше кеңейді: шараға 20 мемлекеттен делегациялар және 7 елдің елшісі қатысты.

Форумның ашылуында Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров қатысушыларды құттықтап, бұл алаң өңір мен шетелдік серіктестер арасында тиімді диалог орнатып, жаңа бірлескен жобалардың басталуына жол ашатынын атап өтті.

«Біз кез келген инвестормен ұзақмерзімді және өзара тиімді серіктестік орнатуға дайынбыз. Ақтөбе - ресурсқа бай, білікті кадрлары бар, географиялық тұрғыдан қолайлы өңір. 19 мыңнан астам кәсіпорын, арнайы экономикалық аймақ және агроөнеркәсіп саласындағы жобалар біздің өңірдің инвестициялық тартымдылығын күшейтеді», —
деді өңір басшысы.
Әкімнің айтуынша, жыл басынан бері облыс экономикасына 892 млрд теңге инвестиция тартылып, бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 129% өскен. 2025 жылы құны 110 млрд теңгеден асатын сегіз жоба іске асырылып, оның ішінде - жаңартылатын энергия көздері бағыты бойынша ірі нысан пайдалануға берілді.
Шара пленарлық отырыстар мен тақырыптық сессиялармен жалғасты. Талқыланған негізгі бағыттар: тұрақты даму, өнеркәсіп кооперациясы, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және жаңа технологиялар.

Форумға 40-тан астам шетелдік компания, оның ішінде халықаралық ұйымдар мен технохабтар қатысты. Қытайдан келген 25 компания ерекше белсенділік танытып, жоғары технологиялар, өндірістік индустрия, ғылымды қажет ететін әзірлемелер мен АӨК жобаларына қызығушылық білдірді.

Халықаралық сарапшылар ақтөбелік өнімдердің сапасы жоғары екенін және экспорттық мүмкіндігі зор екенін атап өтті. Әкімдік өңірде инвестициялық мәселелерді жедел әрі бюрократиясыз шешуге жағдай жасалғанын жеткізді.
Форумға қатысқан өнеркәсіптік компаниялар машина жасау, металлургия, цифрлық өндіріс және медицина салаларында жаңа технологиялық шешімдерін ұсынды.
Шара қорытындысында 448 млрд теңге көлеміндегі 17 меморандум мен келісімге қол қойылды. Негізгі жобалар - мыналар:
- Хромтауда 100 МВт жел электр станциясының құрылысы (SUNGROW, Қытай)
- СТГ зауыты (Condor Energies, Канада)
- Ақтөбеде сусын шығаратын зауыт (Coca-Cola Almaty Bottlers, Түркия)
- Металл бұйымдары зауыты (Союз Металлсервис, Қытай)
- Агроөнеркәсіптік кластер (Harvest Agro Holding, Швейцария)
- 180 МВт газ электр станциясы (MUREL, Түркия)

Сонымен қатар, «Ақтөбе» АЭА басқарушы компаниясы Қытайдың Үрімші қаласындағы «Ганьцюаньбао» экономикалық аймағымен әріптестік жөнінде келісімге қол қойды.
Қатысушыларға өңірдің инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылып, жергілікті тауар өндірушілердің көрмесі мен өндірістік нысандарға экскурсия ұйымдастырылды.