Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров өңірдегі денсаулық сақтау мен білім беру салаларындағы атқарылған жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды Malim.kz.
Әкімнің айтуынша, ауыл тұрғындары үшін медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігі басты назарда.
- Облыс тұрғындарын сапалы және қолжетімді медициналық қызметпен қамту мақсатында ауылдық жерлерде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірде 29 жобаны іске асыру көзделген, - деді Асхат Шахаров Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында.
Оның мәліметінше, бүгінге дейін 22 нысанның құрылысы аяқталып, қажетті медициналық жабдықтармен, мамандармен қамтамасыз етілген.
- Нәтижесінде 13 мыңға жуық ауыл тұрғыны медициналық көмекке қол жеткізді. Сонымен қатар жыл соңына дейін 7 нысан құрылысы аяқталып, тағы 4 мыңнан астам адам медициналық қызметке қол жеткізеді, - деді Шахаров.
Сондай-ақ облыс әкімі әлеуметтік саланың маңызды бағыттарының бірі білім беру екенін атап өтті.
- Заманауи оқу ортасын қамтамасыз ету үшін биыл 8 жаңа мектеп халық игілігіне берілді. Оған қоса, жыл соңына дейін тағы 12 білім нысанын пайдалануға береміз, ал қолданыстағы 3 мектепте қосымша спортзал құрылыстарын аяқтау жоспарланған, - деп толықтырды.
Әкім биылғы басты жобалардың бірі туралы да мәлімет берді.
- 9 100 орынға арналған 12 мектеп «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылып жатыр, - деді Шахаров.