Аргентинадағы парламент сайлауында ел президенті Хавьер Милей басқаратын билеуші партия La Libertad Avanza («Алға жылжып келе жатқан еркіндік») жеңіске жетті, деп хабарлайды Malim.kz Анадолу агенттігіне сілтеме жасап.
Дауыс берудің 96% бюллетені саналғаннан кейін, Милейдің партиясы 39% дауыс жинап, сайлауда 1-орынға шықты.
Ал оппозициялық перонистік блок Fuerza Patria («Отан күші») бар болғаны 29,4% дауыс алған.
Милей партиясы Буэнос-Айрес, Кордова, Санта-Фе және Мендоса сияқты маңызды аймақтарда басым түсті. Бұған дейін 7 қыркүйектегі аймақтық сайлауда жеңіске жеткен оппозиция бұл жолы Буэнос-Айрестегі қолдауын жоғалтты.
Бұл нәтижелер билеуші партияға реформаларды жүзеге асыру мен оппозицияның президент жарлықтарын бұғаттау әрекеттеріне қарсы тұруда елеулі артықшылық беріп отыр.
Соған қарамастан, La Libertad Avanza Сенаттағы 8 сайлау округінің 6-ында жеңгенімен, қатаң үнемдеу саясатын жүргізу үшін қажет үштен бір орын санын әзірге иелене алған жоқ.
Сайлауға қатысу деңгейі 67,85% болды — бұл 1983 жылы Аргентина демократияға қайта оралғаннан бергі ең төмен көрсеткіш.
Фото: Natacha Pisarenko/AP