freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Астанада екі облыстың ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті

Қоғам •
Астанада екі облыстың ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті
Фото: Malim.kz

Астанада 10-11 қазан күндері Түркістан және Батыс Қазақстан облыстарының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Екі өңірден келген шаруалар мен тауар өндірушілері елорда тұрғындарына 600 тоннадан астам азық-түлік өнімін ұсынды, деп хабарлайды Malim.kz.

Екі күнге созылған жәрмеңке "Қазанат" ипподромына қарама-қарсы, Қарқаралы тас жолының бойында өтті. Сауда алаңында ауыл шаруашылығы өнімдерінің кең түрі ұсынылып, астаналықтар еліміздің әр өңірінен жеткізілген азық-түлікті тікелей өндірушілерден сатып алуға мүмкіндік алды.

Жәрмеңке сөрелерінде ет және ет өнімдері, сүт өнімдері, көкөністер мен жеміс-жидектер, балық, жұмыртқа, бал, кептірілген жемістер және күнделікті тұрмысқа қажетті өзге де азық-түлік тауарлары сатылды.

Елорда әкімдігінің мәліметінше, Түркістан облысынан 60 тонна ет және ет өнімдері, 260 тонна көкөніс пен жеміс-жидек, 60 тоннадан астам сүт және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдері жеткізілді. Ал Батыс Қазақстан облысының тауар өндірушілері 50 тоннаға жуық ет өнімдерін, 80 мың дана жұмыртқа, 11 тонна балық және өзге де азық-түлік түрлерін ұсынды. Жәрмеңке барысында тұрғындар сауда сөрелеріндегі өнім түрлерімен танысып, қажетті азық-түліктерін сатып алды. Әсіресе күнделікті тұтынатын көкөністер, ет және сүт өнімдері сауда алаңында кеңінен ұсынылды. Әр өңірдің шаруалары өздері өндірген тауарларын таныстырып, сатып алушылармен тікелей сауда жүргізді.

Елорда тұрғындарының ішінен осындай жәрмеңкелердің бірін де қалдырмай, тұрақты баратын жандар да табылды. Астана тұрғыны Гүлайым Әшекова аталмыш жәрмеңкелер қала тұрғындарына өте тиімді екенін атап өтті.

"Осы жақта ұйымдастырылатын жәрмеңкелердің бірінен қалмауға тырысамын. Баға жағынан да бізге тиімді. Қарасаңыз, бүгін адам саны өте көп. Бұл дегеніміз – осындай жәрмеңкелерге халықтың сұранысы жоғары", – деді қала тұрғыны.

Ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері – отандық өнім өндірушілерді қолдаудың маңызды тетіктерінің бірі. Мұндай сауда алаңдары шаруаларға өз өнімдерін делдалсыз өткізуге, ал тұрғындарға азық-түлік түрлерін салыстырып, таңдау жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар өңіраралық жәрмеңкелер еліміздің әр облысындағы ауыл шаруашылығы өндірісінің ерекшеліктерін таныстыруға ықпал етеді. Мәселен, Түркістан облысы көкөніс және жеміс-жидек шаруашылығымен ерекшеленсе, Батыс Қазақстан облысында мал шаруашылығы мен ет өндірісі маңызды орын алады. Бұл жолғы жәрмеңкеде аталған өңірлердің өнімдері бір сауда алаңында ұсынылды.

Азық-түліктің қолжетімділігін қамтамасыз ету және отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету еліміздегі аграрлық саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып саналады. Осыған байланысты өңірлерден ауыл шаруашылығы өнімдерін тікелей жеткізу және жәрмеңкелер ұйымдастыру тұтынушылар мен өндірушілер арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған.

Мұндай іс-шаралардың тағы бір ерекшелігі – қала тұрғындарының отандық өнімдермен жақынырақ танысуына жағдай жасалуы. Сауда орындарында тұтынушылар тауардың шыққан өңірін біліп, өнімді ұсынған шаруалардан қажетті ақпарат ала алады.

Айта кетейік, өңірлік ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін ұйымдастыру елордадағы азық-түлік ұсынысын толықтыруға, отандық фермерлерді қолдауға және ауыл мен қала арасындағы сауда байланысын дамытуға бағытталған.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу