Сарыарқа ауданында 5 жасар баланың жоғалып кеткені туралы хабарлама полицияға түскен, деп хабарлайды Malim.kz.
Әкесінің айтуынша, олар аулада серуендеп жүрген кезде ол бір сәтке алаңдап, сол аралықта баласын көзден тасырып алған. Өзі іздеп таппаған соң, дереу құқық қорғау органдарына жүгінген.
Хабарлама бойынша оқиға орнына жеткен жедел топ бірден іздестіру шараларын ұйымдастырды. Ювеналдық полиция қызметкерлері, учаскелік инспекторлар, патрульдік нарядтар және жедел уәкілдер аумақты шолып, бейнебақылау камераларының жазбаларын тексерді.
Камералардан баланың әуелі аулада жүргені, кейін жақын маңдағы подъездердің біріне кіргені анықталды. Полицейлер оны осы бағыт бойынша іздеп тауып, аман-есен әкесіне жеткізді.