Журналист Думан Мұхаммедкәрімнің Қызылордада отырғанына 10 ай болды. Құқық қорғаушылар Қызылордаға барып Думан Мұхаммедкәрімнің жағдайын білді. Бүгін жақтастары арнайы баспасөз мәслихатын ұйымдастырып, Мұхаммедкәрімнің жазған хатын оқыды, деп хабарлайды Malim.kz Orda.kz сайтына сілтеме жасап.
Айта кетейік, «тыйым салынған ұйымның ісіне араласу» және «экстремизмді қаржыландыру» деген айыптар тағылған Думан Мұхаммедкәрім 405-баптың 2-бөлігі және 258-баптың 1-бөлігі бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Әбіләзовтен сұхбат алғаннан кейін журналистке осындай айып тағылды. Думан Мұхаммедкәрім бұған дейін де бүйрегі, бауыры, қуығы және белінің қатты ауыратыны және денсаулығы нашарлай бастағанын айтып, өзін қатаң ұстайтын, бірақ үй жағдайы бар камераға ауыстыруды сұраған еді.
Осы жолы өз хатында Қызылордада отырғанда қысым күннен-күнге күшейгені туралы айтты. Бүгінгі күні белсендінің жазған хаттары мен арыздары мекемеден шығарылмай отыр. Ол Қызылордадан Алматы қаласына көшіруді талап етеді. Әкесі Алмас Тілепов ұлының хатын оқып шықты.
«Заңға сәйкес Алматы маңына ауыстыруды талап етемін. Өйткені, маған қарсы ұйымдасқан жүйелі қысым байқалады. Алтыншы қыркүйек атылған оқ, мені балағаттаған, шыққан тегіме тіл тигізген Фархат Сейтімовке қатысты және жазған шағымдарымның мекемеден шықпауына байланысты, қапас, дәліздердегі бейнематериалдар зерттелсін» деп жазды Думан Мұхаммедкәрім.
Сондай-ақ ол журналистің 29 тамыздан бері наразылық белгісі ретінде аштық жариялап отырғанын атап өтті. Саясаткер Рысбек Сәрсенбайұлы мен құқық қорғаушы Маржан Аспандиярова адвокат Ғалым Нұрпейісовпен бірге Қызылордаға барған. Алайда Думан Мұхаммедкәріммен кездесе алмаған. Олар Думаннан аштықты тоқтатуды өтінгенін айтты. Дүйсенбі күні Мұхаммедкәрім аштығын тоқтатты.
«Осы күнде хат жазу түгілі, кітап оқуға күйім жоқ. 29 тамыз – тоталитарлық конституция күніне қарсы жариялаған аштығым әлі тоқтаған жоқ. Содан бері 12 келі салмақ тастаппын. Тәуелсіздіктің 34 жылдығына дейін шыдасам, салмағым, бәлкім, сол 34 келіге дейін барып қалар» деп жазды Думан Мұхаммедкәрім.
Адвокат Ғалым Нұрпейісов қорғауындағы Думан Мұхаммедкәрімнің жағдайын «өте ауыр» деп бағалап, оны көрген кезде шошығанын баяндады. Аштық басталар алдында оның салмағы 69 келі болса, қазір 57 келіге дейін төмендеген.
Фото: Орда