freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Атыраудағы қанды оқиға: Күдікті Ақбаян Мұқанғалиеваны Алматыға жеткізді

Оқиға
Атыраудағы қанды оқиға: Күдікті Ақбаян Мұқанғалиеваны Алматыға жеткізді
Видеодан скрин

Атырау облысы Жангелдин ауылында бір отбасының қаза табуына қатысты тергеу ісінде жаңа мәліметтер белгілі болды, деп хабарлайды Malim.kz.

Күдікті Ақбаян Мұқанғалиева Алматы қаласындағы Сот сараптамалары институтына жеткізілді.

«Мұқанғалиева Алматы қаласындағы Сот сараптамалары институтына стационарлық кешенді сот-психологиялық-психиатриялық сараптама жүргізу үшін жолданды. Қорытынды әзірге дайын емес», – деп хабарлады Атырау облысының прокуратурасы.

Бұған дейін Мұқанғалиева сот санкциясымен Атырау облысындағы арнайы медициналық мекемеге орналастырылған. Прокуратура өкілдері наурыз айының соңында күдіктіден психикалық ауытқу белгілері анықталған жағдайда, оны Алматыда қосымша тексеру жоспарланғанын мәлімдеген болатын.

Қазіргі таңда Мұқанғалиеваға нақты айып тағылып, бұлтартпау шарасы әлі таңдалмаған. Тергеу органдары барлық сараптаманың нәтижесі шыққаннан кейін ғана күдіктілердің әрекетіне құқықтық баға берілетінін атап өтті.

Айта кетейік, 8 сәуірде Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов сараптама тағайындауға күдіктінің мінез-құлқындағы күмәнді жайттар негіз болғанын айтқан еді.

Іс бойынша тағы бір негізгі күдікті – отбасының күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты да кешенді сот-психологиялық және психиатриялық сараптама тағайындалған. Алайда оның қай жерде өтіп жатқаны нақтыланбады.

Сәрсемәлиевке Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айып тағылып отыр, атап айтқанда:

екі немесе одан да көп адамды өлтіру;

алдын ала сөз байласу арқылы жасалған ұрлық;

алаяқтық.

Тергеу деректеріне сәйкес, ұрлық пен алаяқтық фактілері қаза тапқандардың мүлкін иемдену және малдарын заңсыз сату әрекеттерімен байланысты.

Еске салсақ, Жангелдин ауылындағы отбасының жоғалып кеткені туралы ақпарат 2025 жылдың желтоқсан айының соңында тараған. Туыстары зейнеткер ерлі-зайыпты мен олардың ересек балаларының із-түзсіз кеткенін хабарлаған. Қазіргі таңда бұл іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.

 

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу