«Ұлттық қор – балаларға» мемлекеттік бағдарламасы аясында есептелген ондаған миллион доллар қаражат пайдаланылмай, сұраусыз қалып қойған. Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) жүргізген талдау нәтижесі көрсеткендей, бағдарламаның тиімділігін арттыру үшін осы бос тұрған жинақтарды зейнетақы активтері секілді қосымша инвестициялық айналымға салу қажет, деп хабарлайды Malim.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.
Аудиторлық мәліметтерге сүйенсек, 2025 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша, 2024 жылы балаларға есептелген жалпы соманың 84,9%-ы игерілмеген. Бұл – бөлінген 30,6 миллион доллардың шамамен 26 миллион доллары шоттарда қозғалыссыз тұр деген сөз. Ал егер 2023–2024 жылдардағы жалпы көрсеткішті алсақ, есепке қосылған қаражаттың 70%-ы, яғни 74,6 миллион долларға жуығы ешбір бағытқа жұмсалмаған.
Жоғары аудиторлық палата бұл қаражаттың құнсызданбай, қатысушыларға қосымша табыс әкелуі үшін оны зейнетақы активтерінің үлгісі бойынша инвестициялау тетігін қарастыруды ұсынып отыр. Аудиторлардың пайымдауында, егер бағдарламаның қазіргі механизмі өзгертілмесе, миллиондаған доллар жылдар бойы бос тұрады және бұл жағдай балалардың болашақ жинағының өсуіне ешқандай пайда әкелмейді.
Еске сала кетейік, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында еліміздегі кәмелетке толмаған балалардың шотына жыл сайын Ұлттық қордың инвестициялық табысының бір бөлігі аударылады. Бағдарлама қатысушылары бұл жинақталған қаражатты 18 жасқа толғаннан кейін ғана тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе білім алу ақысын төлеуге пайдалануға құқылы.