Ғасыр жасап отырған Рысбек Аманұлы ұзақ өмір сүрудің құпиясымен бөлісті. Бір ғасырға жуық ғұмыр кешкен қария өмір бойы аурухана табалдырығын аттамағанын айтып, денсаулықтың негізі еңбек пен дұрыс ойда жатқанын жеткізді, деп Malim.kz тілшісі Stan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
35 жыл бойы шопан болып, маңдай терімен адал нәпақасын тапқан Рысбек ата бүгінде үлкен әулеттің ақсақалы. Алты баласынан тараған 11 немере, 17 шөбере және екі шөпшегі бар. Табиғатпен етене өмір сүріп, төрт түлікпен бірге көшіп-қонып жүрген еңбек адамы үшін қозғалыс пен төзім өмір салтына айналған.
Қария өзінің ұзақ ғұмырын ең алдымен тынымсыз еңбекпен байланыстырады.
"Мен ешқашан еңбектен қашқан емеспін. Керісінше, жұмыс істемесем, денем құрысып қалады. Қартайдым деп үйде жатып алған жоқпын. Қазір де үйдің алдында қар күреймін, мал қараймын. Ұлым жоқ кезде тірліктің бәрін өзім істеймін", – дейді ол.
Рысбек Аманұлы жеті жасында елдегі ашаршылықты көріп, ата-анасымен бірге Қытайға ауа көшкенін еске алады. Кейін елге оралып, бар болғаны төрт сыныптық білім алған. 25 жасында шаңырақ көтеріп, тағдырдың жазуымен жарына ерте айырылған. Балаларын жеткізу үшін өмірін қой бағуға арнап, ауыр еңбекпен күн кешкен.
Қыстың қаһары мен жаздың аптабында мал соңында жүрген қария денсаулығы ешқашан сыр бермегенін айтады.
"Ұзақ өмір сүрудің құпиясы қымбат дәрі-дәрмек пен ерекше күтімде емес. Адал ас, таза еңбек және жүйкенің тыныштығы", – дейді ғасыр жасаған ата.
Қария бұл жасқа жетуін ең алдымен Алланың қалауымен байланыстырады.
"Осы жасыма дейін ешкімге жамандық жасаған емеспін. Егер адам еңбектен өлетін болса, бірінші мен өлер едім. Қазір жасым жүзге келді. Көзім алысты анық көрмейді, құлағым кейде естімей қалады. Бұл әрине кәріліктен. Бірақ басқа жерім ауырған жоқ. Менімен қатарлас адамдар қазір жоқ, ал жетпіс-сексендегі таныстарым ауырамын деп айтып отырады. Менде ондай жоқ, себебі үнемі қозғалыстамын", – дейді ол.
Рысбек ата жастарға да өмірлік кеңесін берді.
"Қазіргі жастарға айтарым жалқау болмаңдар. Қимылдаңдар, еңбектеніңдер. Дұрыс ойлап, жаман сөзге, жаман іске жоламаңдар. Ашуға ерік бермей, сабыр сақтаңдар. Еріншектік пен уайым адамды ерте қартайтады", – дейді Рысбек ата.
Ғасыр жасаған ата өмірге өкінішім жоқ деп түйіндейді. Оның айтуынша, берілген бір ғана ғұмырды өкінішпен өткізу – ең үлкен қателік. Бүгінде Рысбек атаның қорасында малы бар, үйіне бала-шағасы мен немере-шөберелері жиі келіп тұрады. Қария үшін ең үлкен байлық – ұрпағының амандығы мен елдің тыныштығы.