Қазақстанның Бас прокуратурасы iPhone пайдаланушыларына қатысты интернет-алаяқтықтың жаңа түрі таралып жатқанын ескертті, деп хабарлайды Malim.kz.
Ведомство мәліметінше, алаяқтар iCloud бұлттық қоймасының толып кеткені туралы жалған электрондық хаттар, SMS-хабарламалар және хабарландырулар жіберіп, азаматтардың жеке деректерін иемденуге тырысады.
Бас прокуратураның хабарлауынша, мұндай хабарламаларда қолданушыларды әдейі үрейлендіру үшін аккаунттың бұғатталуы, фотосуреттер мен видеолардың жойылып кетуі мүмкін екені айтылады. Соның салдарынан азаматтар ұсынылған сілтемеге өтіп, жеке мәліметтерін өз қолымен алаяқтарға беріп қоюы ықтимал.
Ведомство бұл жөнінде:
«Олар хабарламаларда аккаунттың бұғатталатынын, фото, бейнежазбалар мен құжаттардың жойылуы мүмкін екенін айтады. Бұл хабарламалар бұлттық платформалар мен танымал сервистерден келетін ресми ескертулерге өте ұқсайды», - деп мәлімдеді.