Олжас Бектенов Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі президент тапсырмаларының орындалу барысын тексерді. Премьер-министр «Атамекен-Агро-Корнеевка» сүт-тауар фермасы, «Қызылжар Жем» шаруашылығы және «Eurasian milk» сүт өңдеу зауытының жұмысымен танысты.
Есіл ауданындағы цифрлық сүт-тауар фермасында 2,5 мың бас ірі қара мал бар. Кәсіпорында өндірістік процестер толық цифрландырылған. Былтыр ферма шамамен 11 мың тонна сүт өндірген.
Кездесу барысында Солтүстік Қазақстан облысындағы мал шаруашылығының дамуы талқыланды. Өңірде 118 сүт-тауар фермасы жұмыс істейді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша мал шаруашылығы өнімінің көлемі 6%-ға өсіп, 208 млрд теңгеге жеткен.
Олжас Бектенов Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығын қолдау және өңделген өнім үлесін арттыру жөніндегі тапсырмаларына назар аударды. Сондай-ақ ветеринариялық қауіпсіздікті күшейтудің маңызын атап өтті.
Үкімет мәліметінше, елімізде бүгінде жылына шамамен 1 млн тонна сүт өндіретін 373 сүт-тауар фермасы жұмыс істейді. Жыл соңына дейін тағы 19 заманауи ферманы іске қосу жоспарланған.