«5:32» дауы. Асқар Жалдинов  Salem Social Media-ны сотта жеңді

Көпшілік алдында мойындауға міндеттеді

Malim Админ

  • 01.03.2023

«5:32» сериалын түсірушілер мен «Протоколдан тыс. Қазақстандағы атышулы қылмыстар құпиясы» кітабының авторы Асқар Жалдинов дауына қатысты сот шешімі шықты. 

«Сот барлық мән-жайды ескеріп, парасаттылық пен әділеттілік қағидаттарына сүйеніп, талапты ішінара қанағаттандырды. Сондай-ақ жауапкерлерге кітапты пайдалану фактісін аталған сериалдың титрларына қосып, көпшілік алдында мойындауға міндеттеді. Жауапкерлерден талапкер пайдасына 1 000 АЕК (3 млн 450 мың теңге, 1 АЕК – 3 450 теңге) көлемінде өтемақы және 1 млн теңге моральдық залал әрі сот шығындары өндірілді. Ал талап арыздың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылды», - деп жазылған хабарламада.

Жалдинов сотқа жүгініп, «5:32» сериалының режиссері әрі сценаристі Әлішер Утев авторлық құқықты бұзғаны үшін 15 мың АЕК (51 млн 750 мың теңге) өтемақы және 300 млн теңге моральдық залалды төлеуді талап еткен. Сонымен қатар,  сериалдағы деректер оның кітабынан алынғанын көпшілік алдында мойындауды сұраған.

Сот сценарий авторларыны Асқар Жалдиновтың «Протоколдан тыс. Қазақстандағы атышулы қылмыстар құпиясы»  кітабына  «жиендік» еткенін анықтады. Олар бірақ бұл фактіні мойындамады. Себебі кітап әртүрлі уақытта болған нақты қылмыстарға негізделген.

Жалдиновтың пікірінше, аталған сериалдың 12 бөлімінің алтауында жауапкерлер оның кітабындағы деректерді көшіріп алған. Сот тараптардың барлық уәжін саралап,  куәларды тыңдады. Нәтижесінде сараптамалық қорытындыларды талдап, бір қорытындыға келді.

Хабарламада жазылғандай, талапкер бұл кітапты жазғанда ІІМ мен республика соттарының мұрағаттары, қылмыстық істер материалдары бойынша жұмыс істеген. «Сондай-ақ қылмыстарды ашуға тікелей қатысқан бұрынғы құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің естеліктерін авторлық интерпретацияны қолданып пайдаланған. Бұл әрекеттерді ескеріп, сот кітапты шығармашылық жұмыстың нәтижесі деп қорытынды шығарды». 

Сот отырысында талапкер Асқар Жалдинов Азаматтық процестік кодекстің 72-бабына сай жауапкерлердің өзіне тиесілі құқықтарды заңсыз пайдаланғанын дәлелдеді.

Сериалды түсірушілер авторлық құқық объектісіне қатысты жасаған әрекеттерінің заң талаптары шеңберінде жасалғанын және автордың құқығын бұзбағанын дәлелдей алмады.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр тамызда Асқар Жалдинов «5:32» сериалын түсіргендерді сотқа берген болатын. А. Жалдиновтың айтуынша, «5:32» сериалына арқау болған хикаялар оның кітабынан рұқсатсыз алынған. Сотқа дейінгі шағымдар Salem Social Media ЖШС-ға, режиссер Әлішер Утевке және осы сериалда жұмыс істеген екі сценаристке жіберілген.