Әліпбидің әлегі

Malim Админ

  • 24.03.2020

Профессор Ә.Жүнісбек

Көп болып, күшке салып, асармен  бітіретін іс болады, мысалы, өзенді теріс ағызып жіберуге болады, тауды қақ жарып жол салып өтуге болады... Енді қара күшке көнбейтін, ғылыми дәйекпен, қаламның үшымен, жеке ғұлама ғана бітіре алатын іс болады, ол – әліпби (А.Байтұрсынұлы қазақ әліпбиін бір өзі құрастырса, Ә.Қайдари латын әліпбиін бір өзі құрастырды). Мұны айтып отырған себебіміз – соңғы кезде «Тіл қазына» орталығы «орфографиялық топ» деген атты иеленіп, әліпби мәселесін аламан дауға айналдырып, қол жинап, дауысқа салып шешетін болды.

Сөзіміздің басын сол «орфографиялық топ» талқыға салып отырған соңғы әліпби үлгісін талдаудан бастағалы отырмыз. Өйткені «Тіл қазынаның» қарқынына қарағанда осы үлгі «умлаут» әліпби деген атпен жоғары биліктің алдынан бірақ шығатын сыңайлы. Шынына келсек, әліпби құрамындағы өрескел кемшіліктер бұл нұсқаны да алысқа жібермейді. Біз өзбек ағайындарға күлеміз, «10-15 жылда әліпбиін үш рет өзгертті» деп. Ал өзіміз болсақ, бір жылда әліпбиімізге 3 рет жарлық шығарттық. Егер «умлаут» нұсқа осы күйінде жоғары жаққа жететін болса, онда төртінші жарлыққа дайын болуымыз керек.

«Умлаут» әліпбидің негізгі 99 пайызы академик Ә.Қайдари алғаш үлгісін салған, академиялық «Қазақ грамматикасында» ғылыми тиянақталған, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты дайындаған «Ұлттық әліпбиді» түгелдей қайталап, сай келіп отыр. Сондықтан әліпбидің бұл бөлігіне тоқталып жатпаймыз (әліпби құрамындағы кірме таңбаларға да алаңдамаймыз).

Ал «Тіл қазына» «жекешелендіріп» алған «орфографиялық» топ ендірген «жаңалықтарды» айналып өтуге болмайды.

Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» латын әліпбиін оқытуға қатысты шара өткізіп жатыр. 2019 жыл, қазан. Фото: inbusiness.kz

Сонымен,

-9 нөмір: біріншіден, дауысты дыбыстың «і» таңбасымен дауыссыз «й» дыбысын белгілеуге болмайды, бұл – «саудаласуға» жатпайтын ақиқат; екіншіден, орыстың «и» дауысты дыбысы мен қазақтың «й» дауыссыз дыбысын бір таңбамен белгілеуге тағы болмайды, бұл – талассыз ақиқат. «Тіл қазына» «қысқа й» дегенді жиі пайдаланады екен, қазақ тілінде «созылыңқы/қысқа дыбыс» деген жоқ деп сендіре алмай келеміз. Орыс тілінде бар екеніне таласымыз жоқ, шамасы орыс тілінде болса, бізде де болу керек деген басыбайлы ұғым-ау.

Сөйтіп, бір таңбаның төңрегінде екі, жұмсартып айтқанда, олақтық (турасын айтсақ – фонетикалық сауатсыздық) кетіп отыр. Осы бір «ақ пен қараны будандастырғандай» қиянатқа «Тіл қазынаның» «бетке шығар» сауатты деп жинаған 20-30 адамының бірі шүбә келтірмей, түгел құптап, үстін-үстін топтана дауыс беріп келгені «Тіл қазынаға» ұғынықты шығар, бізге түсініксіз таңқаларлық жайт.

-10 нөмір: қазақтың жіңішке әуезіне атам заманнан тән «і» дауысты дыбысын «ɪ» деп таңбалап бірақ тыныстапты. Апырай, орыс әуеніне төңкеріліп, көз үйреніп, қол жаттыққан төл таңбамызды төл дыбысымызға да қимағаны ма? Сонда не «кɪм», «тɪс» деп жазып, қалайша «кім», «тіс» деп оқыта алар екенбіз. Әліп таяқша үстіндегі нүкте жіңішке әуездің ғылыми-әдістемелік белгісі ғой, ғылыми дәйекке де тоқтамағанымыз ба?

Қазақтың «і» дауысты дыбысы жиі кездеседі екен, оқығанда таңба үстіндегі нүкте көзді шаршатады-мыс, апырай, бұған дейін қалай оқып, қалай көзден айрылып қалмағанымыз-ай десеңізші.

-23 нөмір: тағы да «бүйректен сыйрақ шығарып» орыстың «у» дауысты дыбысы мен қазақтың ауа, тау, сұу, бұу дегендегі дауыссыз «у» дыбысын бір «u» таңбасымен белгілепті. Жоғарыдағы жайды тағы қайталауға тура келеді: дауысты таңбамен дауыссыз дыбысты, сондай-ақ орыстың «у» дауысты дыбысымен қазақтың «у» дауыссыз дыбысын бір таңбамен белгілеу фонетикалық сауатсыздық болып табылады. Орыс тілінде қазақтың «у» дауыссыз дыбысы жоқ. Орыс тілінде оған арналған таңба да жоқ, кездесе қалса өздерінің үйлесімді «в» таңбасымен алмастыра салатыны сондықтан.

Бізді шатастырып жүрген орыстың «у» дауысты дыбысы мен қазақтың «у» дауыссыз дыбысының  естілімінің бір-біріне ұқсастығы болып табылады, алайда бұл басы бірікпесті біріктіре салатын фонетикалық уәж емес. Өз алдына меншікті таңбасы жоқ дыбыс өзінен-өзі жойылады. Қазақтың «й[y]», «у[w]» дауыссыз дыбыстарының басына төніп тұрған қауып осы болады. Дауыссыз «й[y]» орыстың «и[i:]» дауыстысының, дауыссыз «у[w]» орыстың «у[u:]»  дауыстысының қанжығасында кетіп жоқ болады. Қырғыз ағайындар «қ» дауыссызынан айрылып, түрік ағайындар «қ», «ң», «ә» дыбыстарынан айырылып, бармаған тістеп отыр ғой.

24 нөмір: орыстың «у» дауысты дыбысын «u» деп сақтап қаламыз деп тырысқаннан қазақтың «ұ» дауысты дыбысының таңбасы бүлінді. Дауысты «ұ» дыбысының таңбасын орысқа берген «u» таңбасынан ажыратып алу үшін сызықша дәйекшімен «ū» деп беріліпті. Кирилдегі «ұ» таңбасының бағдар белбеуінен айрылмаған дұрыс деп, көпшіліктің қамын ойлап отырғанын алға тартады. Кирилдегі «ұ» дыбысының белбеуі «u» таңбасының төбесіне шығып, дауыстының «ұ» екенін көрсетіп, мен мұндалап тұрады-мыс. Солай-ақ болсын, бірақ әліпби құрамында құранды таңбалар көп болмау керек, мүмкін болса тіптен болмау керек.

25 нөмір: тәңір жарылқап, әзірге «ү» дыбысының латын таңбасы қос нүкте дәйекшісімен аман қалыпты. Бірақ әдістемелік тұрғыдан әліпби құрамында тұрқы бірдей үш әріптің болуы – u ū ü – тиімсіз екенін кез-келген ұстаз біледі, өйткені бала да, басқа да үштің қайсысын таңдарын білмей әбіржитін болады. Әрі қарай әдіскер мамандар ойлана жатар, тек «ū» таңбасы жасанды ендіріліп отыр, ал жасанды таңбаның болашағы болмайды. Себебі «ü» таңбасымен қабаттасып, көзтанымды ауырлатып, қолдағдыны қиындатады.

Әліпби құрамына жаңсақ енгізілген таңба тілдің дыбыс құрамын бір бұзса, тілдің дыбыс жүйесін екі бұзады. Соңғы ұсынылғалы отырған әліпбидің «әттеген-ай» деген тұстарын атап өттік, енді сол «әттеген-айлардан» құтылудың жолы не болмақ. Құтылудың амалын алыстан іздеп керегі жоқ, марқұм академик Ә.Қайдари дайындап беріп кеткен әліпби жобасы  мен Тіл білімі институты ұсынып отырған «Ұлттық әліпбиде» дайын тұр. Тек соны бұзып-жармай пайдалана білейік. Әттең, Әбекең ең болмағанда 4-5 жыл аман тұра тұрғанда бүгінгідей ары-тарт бері тарт болмайтын еді.

Академик Әбдуәли ҚАЙДАР

Сонымен,

-жоғарыда «й» дауыссызын дауысты дыбыстың таңбасымен белгілеуге болмайтыны айтылды. Ендеше оның дауыссыз екенін көрсететін артикуляциялық анықтамасына (тіл ортасы/тілшік, жуысыңқы, үнді) лайық өз таңбасын табу керек. Халықаралық фонетикалық әліпби құрамындағы оның өз таңбасы [Уу] болып табылады. Қазақтың кейбір сөздерінің құрамындағы «ы» дауысты дыбысының ағылшын емілесімен «у» деп жазылып жүргені жаңсақ болып табылады (оның түсініктемесіне тоқталып жатпаймыз).

-қазақ тілі - жуанды-жіңішкелі үндесім әуезді тіл, сондықтан оның дыбыстарының таңбалары жұптасып келеді. Жіңішке әуезді төл «і» дауысты дыбысымыздың дәстүрлі нүктелі әліп [İi]  таңбасына тиіскеніміз қиянат болады. Ал оның жуан әуезді сыңары «ы» дауысты дыбысы үшін тұрқы [İi]  таңбасына ұқсас нүктесіз әліп [Ιɪ] сұранып тұр. Сонда жуанды-жіңішкелі «ы-і» дыбыстарының таңбалары [Aa-Ää], [Oo-Öö], [Uu-Üū] тәрізді [Ιɪ-İi] болып, жүйені бұзбай жұптаса кетеді. Жазылымға да, танымға да жеңіл. Ал осы төл егіз дыбыстарымызды «Ιɪ-Yy» деп айқыш-ұйқыш жұптастыруға қалай қолымыз барады?

-қазақ жазуының әліпбиі мен емілесінде жолы болмай жүрген екі дыбыс бар, олар кирилше айтқанда – «й» мен «у». Осы екі дыбыстың дауыссыз екенін өзгелер түгілі, тіл иесі қазақтардың өзі мойындай алмай келеді: бірде дауысты, бірде дауыссыз деп өзімізді өзіміз алдап келеміз. Көпшілікке кінә тағудан аулақпыз. Егер бірінші сыныптан бастап «су», «ту», «бу» дегендегі «у» дауысты дыбыс деп үйретіп келсек (маған сенбесеңіз ӘЛІППЕНІ бір ақтарып шығыңыз), олар үшін дауысты болмағанда не болады. Бұл бір адамның немесе бір автордың кінәсі емес, бәріміздің кінәміз, мүмкін ортақ күнәміз де шығар. Сондықтан да мен, өз басым, «Тіл қазына» жүргізіп жатқан сауалнамалардың нәтижесін жалған (қазіргі сәнді тілмен айтқанда нелегетимный) деп қараймын.

Қазақ тілінің «у» дауыссыз дыбысының кешенді академиялық анықтамасы:

Анықтамасы: ерін-еріндік  жуысыңқы үнді;

Мәртебесі: жүйеқұрауыш;

Қызметі: тұйық рай көрсеткіші;

Тіркесімі: тек дауыстының соңынан тіркеседі;

Шеп  орналасымы: сөз басында кездеспейді;

Жиілігі: жиі кездеседі;

Ұқсастығы: орыс тілінде жоқ, ағылшын тілінде бар;
ХФӘ бойынша таңбасы – Ww.

Кешенді зерттеу нәтижесі «у» дауыссызының дербес және ақиқат қазақ дыбысы екенін көрсетеді. Ендеше оның өзіне тән меншікті таңбасы мен емілесі болу керек.

Алайда академиялық еңбектердің нәтижесі әзірге оқулықтар мен оқу-құралдарына жетпей жатыр. Сондықтан да, көпшілікті шатастырмас үшін у таңбасының іргесіне w таңбасын қосақтап у(w) деп немесе «у дауыссыз» деп көрсетіп отыруға мәжбүрміз.

Енді неге «шала дауысты» немесе бірде дауысты, бірде дауыссыз болып жүргеніне тоқталайық. Өйткені: бірінші, оның жасалымы (артикуляциясы) дауыстыға ұқсайды, себебі ауыз қуысында айшықты кедергі жоқ; екінші, оның тілдегі қызметі дауыссызға ұқсайды, себебі буын құрай алмайды. Тіл жүйесінде оның екінші қызметі басым болып есептеледі, сондықтан да ол дауыссыз дыбыс болып саналады.

Ал неге қазақ тілінің төл [w] дауыссыз дыбысы осы бір төркіні бөлек у таңбасына байланып қалды? Өйткені, жоғарыда ескертілді, орыс тілінде мұндай дыбыс жоқ, сондықтан кирил құрамында оны белгілейтін арнайы таңба да жоқ болды. Бірақ орыс әліпбиінде  у[u:] дауысты дыбысының «у» деген таңбасы бар. Осы әріп оп-оңай қазақ әліпбиіне көшіп, [w] дауыссызының таңбасына айналып кетті. Сөйтіп қазақ орфографиясының құрамында әбден орнығып алды. Ендігі жерде кирилдің у таңбасы мен дыбысынан құтылу оңай болмай, тіптен, мүмкін болмай отыр. «Тіл қазына» қолдап, қолпаштап отырған әліпби нұсқасынан осы ақиқат төл дыбысымызға (қатарында «й» бар) орын да табылмады: төл дауыссыз дыбыстарды санап көріңізші – екі дауыссыз кем болып шығады; әрі қарай барлық төл дыбыстарды санап шығыңызшы – екі дыбыс тағы кем шығады. Неге екенін әркім өзі ойланып тапсын. Сонда ақиқат дыбыстардың екеуіне таңба табылмай, түсіп қалып отырған мүгедек әліпбиді қалай «қазақ әліпбиі» деп атай аламыз?!

Егер [w] дауыссыз дыбысының жазылым емле-ережесі дұрыс құрастырылса, онда сөздің үндесім әуезі, морфем құрамы, буын жігі, тасымал реті мен сөйлем ырғағы бұзылмайтын болады. Бұлар – қазақ жазуына қойылатын ең басты талаптар. Осы талаптардың бірі бұзылса, онда әліпбиіміз бен емілеміз жалған деген сөз. Әзірге бір «у» дауыссызының ғана төл жазылымына кеңінен тоқталамыз, ал «й» дауыссызының жазылым үлгісі осыған ұқсас.

Жуан әуезді сөздер құрамында:

-жуан әуезді қысаң  Ұ[u] мен үнді жуысыңқы У[w] дауыссызының тіркесі ҰУ[uw] болып жазылады;

-сөз басында[w] кездеспейді, сондықтан сөз ұ[u] дауыстысынан басталады:
у (ұу) [uw], уық (ұ-уық) [u-wuq], уыс (ұ-уыс) [u-wus], уақыт (ұ-уа-қыт)

[u-wa-qɪt];

-сөз ортасында: туыс (тұ-уыс)[tu-wus], суық (сұ-уық)[su-wuq], жуан (жұ-уан)[ju-wan],шаруа (ша-рұ-уа)[şa-ru-wa], оқушы (о-құу-шы)[o-quw-şɪ];

-сөз соңында: ту (тұу) [tuw], су (сұу) [suw], бу (бұу)[buw], алу (а-лұу)

[a-luw], толу (то-лұу)  [to-luw], оқу (о-құу) [o-quw], қару (қа-рұу)[qa-ruw];

Жіңішке әуезді сөздер құрамында:

-жіңшке әуезді қысаң Ү[ü] мен үнді (жуысыңқы) У[w] дауыссызының тіркесіҮУ[üw] болып жазылады::

-сөз басында[w] кездеспейді, сондықтан сөз ү[ü] дауыстысынан басталады: уіл (ү-уіл) [ü-wül], уәде (ү-уә-де) [ü-wә-de], ү-уәж (ү-уәж)[ü-wәj], уәли (ү-уә-лій) [ü-wә-liy],уәзір (ү-уә-зір) [ü-wә-zir];

-сөз ортасында: сурет (сүу-рет) [süw-ret], келуші (ке-ліу-ші) [ke-lüw-şi], сенумен (се-нүу-мен) [se-nüw-men], секіруге (се-кі-рүу-ге) [se-ki-rüw-ge], келуі (ке-лү-уі) [ke-lü-wi];

-сөз соңында: күлу (кү-лүу) [kü-lüw], тілу (ті-лүу) [ti-lüw], күту (кү-түу) [kü-tüw].

Ендеше латын әліпбиіне қазіргі кирил орфографиямыздың үлгісімен өтуге болмайды. Онда кирилдегі тілбұзар ережелерімізді сол күйінде қайталаған болып шығамыз. Сондықтан алдымен қазақ мәтініне «әліпби транскрипция» жасап алуымыз керек. Сонан соң барып қазақ тілінің төл дыбыстарын латын әліпбиіне көшіреміз. Осындай реформаның нәтижесінде қазақ тілінің:

-төл дыбыс құрамы кірме таңбаларсыз таза анықталады;

-төл дыбыс құрылымы (жүйесі) сақталады;

-морфем құрамы бұзылмайды;

-буын тұрқы жаңсақ жіктелмейді;

-тасымал реті сетінемейді;

-сөйлем ырғағы дұрыс сақталады.

Латын әліпбиіне өту үстіндегі жазу реформасының басты нәтижесі осы болмақ.

Өкінішке орай, бұл дыбыстың ақиқат [w] (сонымен бірге [y]) таңбасына латын негізіндегі жаңа умлаут әліпбиімізден де, жоғарыда айттық, орын табылмады, қайтадан сол орыс тілінің созылыңқы у[u:] дыбысының u деген таңбасының кебін киіп қалды. Енді қашан және қай ұрпақ оны осы бір шала жансар әліпби тамұғынан аршып ала алар екен, әлде біздің көз алдымызда өшіп құрдымға кете береді ме? Келер ұрпаққа аманат етіп қалдыруға да дәрменіміздің келмегені ғой.

Ескерту. Дауыссыз [Ww] дыбысының емілесі бұрмаланып, tw, sw, bw деп жазып, оны қалай оқимыз деп көпшілікті үркітіп те жатыр. Бұл - [w] дауыссызының академиялық анықтамасынан (тіркесімі тек дауысты дыбыстан кейін) бейхабарлықты немесе қасақана шатастырудың амалы. Ендеше жоғарыдағы сөздердің дұрыс емілесі tuw, suw, buw болу керек. Көпшілікке солай деп түсіндіру керек. Сонан соң бұған дейінгі акут әліпбиде сөз бен буын жазылымында дауысты әріп жоғалып кетіп еді: jýý үш дауыссыз дыбыстың тіркесі. Енді умлаут әліпби бойынша сөз және буынның жазылымынан дауыссыз дыбыс жоғалып кетті: a-UA, a-UU,  ja-UU, sa-UU (осы сөздердің буын құрамынан дауыссыз көріп тұрсыз ба?). Бұл сөздердің дұрыс емілесі a-wa, a-wuw,  ja-wuw, sa-wuw болу керек, дауысты-дауыссыздың бәрі буын тұрқын бұзбай өз орындарында тұр.

Шегініс. «Тіл қазына» «іni» дегендегі «і» таңбасын «и» деп, «sultan» дегендегі «u» таңбасын «у» деп оқып кетеді деп қорқады екен. Сонда қалай, қазақ тілінің оқулықтары әліппеден бастап «і-ні» дегенде «і» деп, «ұ-ны» дегенде  «ұ» деп оқытып жаттықтыруға жарамағаны ғой. Әрине «і-ні» орыстың «и-іне», «ұ-ны» орыстың «у-ына» байлап беріп, «ләппәй құлдық» деп отырсақ сөз басқа. Төл сауат ашу мен соқыр құлшылықтың бірін таңдауымыз керек.

Дегенмен, күрмеуі шешілуі қиын бір мәселе бар. Ол – «і», «u» таңбаларының төл және кірме сөздердің құрамындағы оқылымы. Әзірге төл сөздердің құрамында «і», «ұ» деп, кірме сөздердің құрамында «и», «у» деп оқылады дегеннен басқа амалы жоқ. Бұл ескерту-ереже көз алдымыздан өткен үш әліпби үлгілеріне де, сондай-ақ қолымыздағы умлаут әліпбиге де тән бүгінгі қоғам болмысынан туындап отырған ескертпе. Мұны реттеудің басқа амалы жоқ, шешімін әдіскер мамандардың үлесіне қалдырамыз.

Түрік (түркі) халықтарының қазіргі әліпбиі латын, кирилл және араб графикаларына негізделіп келе жатқан көптекті жазу болып отыр. Соның нәтижесінде дыбыс құрылымының жақындығы мен туыстығына қарамай, түрік тілдерінің әліпбиі және оның орфографиялық үлгісі бір-бірінен алшақ жатыр. Ендеше, түрік тілдерінің жазуын бірегейлендіру өзекті (актуал) мәселелердің бірі болып отыр. Ортақ түрік ӘЛІПБИІ түрік халықтарының басын біріктіретін ұтымды амал болып табылады.

Ескерту: жасанды ендіріліп жүрген түркі атауының орнына табиғи түрік атауын пайдаланғанды жөн көріп отырмыз. Әрі қарай солай жасаймыз, өйткені түрік атауы барлық түрік тілдеріне ортақ сөз.

Ғылыми (теориялық) негіздемесі орнықты әліпби арқылы ғана бүкіл түрік жұртына оқылым/айтылымы түсінікті ортақ мәтін қалыптасады. Ол үшін әр тілдің ғалымдары әліпби өрнектерін бірыңғай белгілеп отыру керек.

Түрік дыбыстарын өзара үйлестіре талдауға негіз болатын теориялық ұстаным керек. Ондай ұстаным түрік тілдерінің іргелі (фундаментал) заңдылығы сингармонизм (үндесім) болып табылады. Үндесім теориясының нәтижесінде айтылым (орфоэпия) мен жазылым (орфография) өзара үйлесімін табады. Біздің ойымызша «бір дыбыс - бір әріп» болып белгіленген әліпби дұрыс әліпби. Сонда ”Бір дыбыс –бір әріп” ұстанымына орай әрбір әріптің бір ғана оқылым (айтылым) үлгісі болады.

Түрік жазуына қатысты 1991-1993 жылдары әртүрлі деңгейде өткен жиындардың нәтижесінде тәуелсіз түрік мемлекеттерінің ғалымдары (Қазақстан тарпынан акад. Әдуали Қайдари, акад. Өмірзақ Айтбайұлы, проф. Көбей Құсайын, проф. Ерден Қажібек қатысты) 34 таңбадан тұратын ОРТАҚ ӘЛІПБИ үлгісін ұсынды (түпнұсқадағы құранды Ņ ņ таңбасын жазуға ыңғайлы Ŋ ŋ таңбасымен алмастырдық). Әрі қарай осы әліпби үлгісін пайдаланамыз.

Aa, Әә, Bb, Cc, Ҫҫ, Dd, Ee, Ff, Gg, Ğğ,
Hh, Iı, İi, Jj, Kk, Qq, Ll, Mm, Nn, Ŋŋ,
Oo, Öö, Pp, Rr, Ss, Şş, Tt, Uu, Üü, Vv,
Ww, Xx, Yy, Zz

Мұндағы мақсат – егер түрік мемлекеттері латын графикасын қабылдайтын болса, онда қажет әріптерді осы 34 таңбаның ішінен алғаны жөн. Сонда түрік халықтарының жазуы бір ізге түседі (бірегейленеді). Әрине, сөздің айтылымы (оқылымы) әр ұлттың өз тіліне тән әртүрлі бола береді, бірақ сөздің графикалық бейнесі (суреті) барша түрікке таныс болады. Сөйтіп ортақ мәтін қалыптасады, бірінің жазғанын екіншісі оқи беретін болады. Сонымен қатар, тағы бір маңызды мәселе шешіледі, тағы қайталайық, ортақ жазу түрік халықтарының басын біріктеретін ұтымды амалдардың бірі болып табылыды.

Өкінішке орай, ОРТАҚ ӘЛІПБИГЕ қатысты қазақ мамандарының арасында бір теріс түсінік бар. Олар ортақ түрік әліпбиін түрік түрікшесінің әліпбиі деп ойлайды, «сондықтан орыс пен орыстың кирилшесінің «ағалық» ықпалынан құтылып, енді келіп түрік пен түрік түрікшесінің «ағалық» ықпалында боламыз ба» деп қарсылық білдіреді.

Біріншіден, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары барлық түрік тілдері, сондай-ақ орыс тілі де, латын әліпбиіне көшу керек деген ортақ шешім болған. Сол кезде өз егемендігінің арқасында түрік түрікшесі латын әліпбиіне кідірмей өтіп кетті де, Кеңес одағының қарамағындағы түріктер «қызыл саясаттың» салдарынан өте алмай қалып қойды. Содан бері ортақ түрік латын әліпбиінің иесі жалғыз түрік түрікшесі болып қалды. Латын әліпбиін сақтап бүгінгі күнге жеткізген де түрік түрікшесі екенін мойындауымыз керек.

Екіншіден, ортақ түрік әліпбиін ешкім жеке иеленбейді, ол түріктікі де емес, қазақтікі де емес, әзірбайжандікі де т.б. емес, бүкіл түрік жұртының ортақ жазу үлгісі. Сондықтан оны ОРТАҚ жазу үлгіміз деп қабылдау керек, оның иесі - бүкіл түрік жұрты.

Үшіншіден, ортақ латын әліпбиі барлық түрік тілдерінің дыбыс құрамын түгел және дұрыс қамтып отыр, сондықтан да ОРТАҚ әліпби аталып отыр.

Енді осы ортақ әліпбиді қазақ жазуына пайдаланудың жолын қарастырайық. Қазіргі кезде қай тілдің  болмасын әліпбиі тек естілім түйсінім (перцепция) арқылы түзіледі. Басқаша айтқанда, қалай есітеміз солай әліпби әріптерін құрастырамыз. Бұл әліпби құрастырудың ең оңай жолы. Сондықтан да бәріміз тек осы амалды пайдаланып келеміз. Әрине, бұл әдісті жоққа шығаруға болмайды, сонда да болса, бұл - сыңар жақ және жеткіліксіз шешім. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, естілім түйсінім арқылы бас-аяғы бүтін әліпби жасалмайды, қалай да қалай бірлі-жарым болсада кемшілік кетіп жатады екен. Әліпби таңбаларының негізгі сүйеніші дыбыстың артикуляциясы болып табылады, артикуляцияға сүйенген әліпби ғана орнықты әліпби болады.

Қазақ тілінде 9 дауысты дыбыс, 17(19) дауыссыз дыбыс бар. Бар болғаны 26 (28) төл дыбыс. Қазақ тілінің төл дыбыстарының таңбалары ортақ түрік әліпбиінің ішінен толық табылып тұр. ОРТАҚ ӘЛІПБИДІҢ құрамынан алынған қазақ әліпбиін «Ұлттық әліпби» деп атадық. Қазақ әліпбиі мен оның емілесі түрік жұртымен сонда ғана бір ізге түседі.

Қазақ ұлттық латын әліпбиі

Aa, Әә, Bb, Dd, Ğğ, Gg, Ee,
Jj, Zz, Yy, Qq, Kk, Ll, Mm, Nn, Ŋŋ,
Oo, Öö, Pp, Rr, Ss, Tt, Uu, Üü,
Ww, Iı, İi, Şş,

 

ОРТАҚ ӘЛІПБИ үлгісі кез-келген түрік тілінің әліпбиін құрастыруға толық жетіп жатыр. Әрине бірлі-жарым бірегей (уникал) дыбыстар болып қалары сөзсіз, ондай жағдайда таңбаны сол тілдің мамандары өзінше шешіп, ерекше таңба (әріп) барын ескертіп отырсын.

Тәжірибе көрсеткендей, ОРТАҚ ӘЛІПБИДІҢ  жазылуы мен оқылуын тез үйреніп, тез меңгеріп кетуге болады, тіптен, бірден дайындықсыз оқылады. Төменде «Ұлттық әліпби» бойынша терілген қысқаша мәтін үзінділерін келтіріп отырмыз, әркім өзі көз жүгіртіп көрсін.

 

ABAY JOLΙ (üzіndі).

Üş kündik joldɪŋ bügingi, soŋğɪ künine bala şәkirt barɪn saldɪ. Qorɪqtan kün şɪğa atqa mineyik dep asɪqqan-dɪ. Bunɪ qaladan alɪp qaytqalɪ barğan ağayɪnɪ Baytastɪ da taŋ atar-atpasta özi oyatɪp turğɪzɪp edi. Kün uzɪn attan da tüspey, özge jürginşilerden oq boyɪ alda otɪrğan. Key-keyde özine tanɪs Kök-üyirim men Buwratiygen, Taqɪrbulaq sɪyaqtɪ qonɪs-qudɪqtardɪŋ tus-tusɪna kelgende bala oqşaw şɪğɪp, astɪndağɪ jaraw qula bestisin ağɪzɪp-ağɪzɪp ta aladɪ…

-Mɪna balanɪŋ awɪlğa asɪğuwɪn-ay!

 

Q-J. Toqaev (üzіndі)

Qazaq tiliniŋ memlekettik til retindegi röli küşeyip, ultaralɪq  qatɪnas  tiline aynalatɪn  kezeŋi  keledi dep esepteymin. Biraq munday dәrejege jetüw üşin bәrimiz daŋğaza  jasamay, jumɪla  jumɪs  jürgizüwimiz kerek. Sonday-aq, til ülken sayasattɪŋ quralɪ ekenin umɪtpağan jön. Keler jɪlɪ atalɪp ötetin mereytoylar men elewli oqɪyğalarğa dayɪndɪq jumɪstarɪ bastaladɪ. El ömirindegi osɪnday elewli oqɪyğalar jas urpaqtɪ nağɪz otanşɪldɪqqa tәrbiyelewge jol aşadɪ dep senemin.

 

Әзірге академиялық зерттеулердің нәтижесі оқулықтар мен оқу-құралдарына жетпей жатыр, сол ескі сүрлеу қалпы. Авторлар мен әдіскерлер ғылыми жаңалықтарға ынта білдіре алмай келе жатса, ғалымдар оқу-әдістеме саласына қатысты белсенділік таныта алмай келеді.

Жер-жердегі қазақ тілі мамандарының үні «Тіл қазынаға» жетпей жатыр, өйткені олардың қолы қысқа, ал жазбаша жіберген  талқылау қорытындыларын жылы жауып қойып жатыр. Умлаут әліпбиді жетілдірудің ақиқат жолын олар да көрсетіп отыр. Топтанып көрінбегенмен, тіл мамандарының пікірі бір жерден шығып жатыр. Ендеше бұғалық алып қаша беруге, мен білемдікке салына беруге болмас. Тілдің заңдылығы бұра тартуға жібермейді.

Әліпби мен еміле сөздің фонетика-морфологиялық құрылымын сақтап, теория-әдістемелік тұрғыдан бұзбай жазуға бейімделгенде ғана әліпбидің әлегінен құтыламыз.

Әлімхан ЖҮНІСБЕК,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты
фонетика бөлімінің бас ғылыми қызыметкері,
филология ғылымдарының докторы, профессор

Байланысты жаналықтар

Мұхтар Шаханов: Менің жындылығымнан қазақ тілі – мемлекеттік тіл болды

26.11.2024

Танымал әнші әйелінің қазақша сөйлегісі келмейтінін айтты

11.11.2024

«Қалжыңымды түсінбесе, менікі дұрыс болмағаны». Черчесов айтқан сөзіне түсініктеме берді

19.10.2024

«Құрылыста істесін»: ресейлік комментатор Черчесовке қазақ тілінде сұрақ қойған журналисті сынады

18.10.2024

Бас бапкер Черчесов қазақ тілінде сұрақ қойған тілшіні мазақ қылды

14.10.2024

Қазақстан азаматтығын алатындарға қазақ тілін білу міндеттелді

14.10.2024
MalimBlocks
Мұхтар Шаханов: Менің жындылығымнан қазақ тілі – мемлекеттік тіл болды

Әлеуметтік желіде ақынның осылай деп айтқан видеосы таралды

Танымал әнші әйелінің қазақша сөйлегісі келмейтінін айтты

Бүркіт 14 жылдан бері әйеліне қазақша үйрете алмай жүргенін жасырмады

«Қалжыңымды түсінбесе, менікі дұрыс болмағаны». Черчесов айтқан сөзіне түсініктеме берді

Ол қазақша сұрақ қойған журналиске қалжыңдаймын деп дауға қалған болатын

«Құрылыста істесін»: ресейлік комментатор Черчесовке қазақ тілінде сұрақ қойған журналисті сынады

Комментатор мұны іріткі салушылық деп атады.

Бас бапкер Черчесов қазақ тілінде сұрақ қойған тілшіні мазақ қылды

Қазақстан азаматтығын алатындарға қазақ тілін білу міндеттелді