Астанада «Қызым, саған айтам...» атты ұлттық зияткерлік курс өтті
Курсың мақсаты - жастар арасында ұлттық құндылықтар мен тарихи сананы жаңғыртып, қазақы болмыс пен салт-дәстүрлерді дәріптеу
Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Діндерді зерттеу орталығы 14-15 тамыз күндері «Қызым, саған айтам...» атты ұлттық зияткерлік курс ұйымдастырды. Курсың мақсаты - жастар арасында ұлттық құндылықтар мен тарихи сананы жаңғыртып, қазақы болмыс пен салт-дәстүрлерді дәріптеу. Аталмыш шараға 40 қыз қатысты.
Арнайы бағдарламаға сәйкес екі күн бойы «Қыз-келіншектердің ұлттық киімдері», «Қазақтың асыл аналары», «Мақал – сөздің мәйегі» атты теориялық дәрістер өткізілді. Сонымен қатар, қатысушылар «Сырғалым» және «Шашбаулым» топтарына бөлініп, ашытқы дайындау, бауырсақ пен шелпек пісіру, қамыр илеу, табақ тарту дәстүрін үйреніп, елімізге танымал дизайнерлерден қолөнердің қыр-сырын меңгерді.
Астана қалалық діндерді зерттеу орталығының бөлім басшысы Бауыржан Ахметов
«Бір ай бұрын «Кемел жігіт, күйеу бала» атты ұлттық зияткерлік курс ұйымдастырған болатынбыз. Бұл шара сол игі бастаманың жалғасы деп айтуға болады. Бүгінгі қыз – ертең ұлтты тәрбиелейтін ана. Сондықтан, елдігімізді сақтап қаламыз десек, қыздарымызға ерекше мән беріп, тәлім беру керек. Курста жастар арасында ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеп, тарихи сананы жаңғырту бағытында жұмыстар атқарылуда. Сол арқылы өскелең буынды жан-жақты тәрбиелееуді мақсат тұтамыз. Аталмыш шара жастардың жат ағымға еріп кетпеуінің алдын алу бағытын да көздейді»,-деді Астана қалалық діндерді зерттеу орталығының бөлім басшысы Бауыржан Ахметов.
Курс барысында өз саласының үздік мамандары «Білімді ана – бақытты бала», «Ұлттық тағамдардың денсаулыққа пайдасы» тақырыптарында семинар өткізді. Дәріскерлер қазақ тарихындағы асыл аналар, қыз баланың мәртебесі мен тәрбиесі, қыз баланы өнерге баулу турасында жастарға мән-мағынаға толы жиын өткізді. Баланы бесікке бөлеу, шілдехана, қырқынан шығару сынды салт-дәстүрлердің практикада көрсетіліп, қатысушылар ауылдың алты ауызынан халық әндерін шырқады.
Балаларының өнерін тамашалауға келген аналарына, яғни «Ақ жаулық» тобына да ұлттық құндылықтарға негізделген танымдық дәрістер мен «Алғашқы медициналық көмек», «Жасөспірім балалар мен ата-аналардың қарым-қатынасы» тақырыптарында семинар-тренингтер ұйымдастырылды.
Балалар мен аналары бірге ашық аспан астында кино көріп, орамал тастау, айгөлек, сақина салмақ сынды ұлттық ойындар ойнады. Дастархан жайылып,қатысушылар өздері дайындаған бауырсақ пен ұлттық тағамдар даярланып, көпшілікке ұсынылды.
Осылайша, қатысушылар мен халық арасында жағымды пікірге ие болған, рухани құндылық пен өнегеге толы болған курс қорытындыланып, қатысушыларға сертификат және тақия, ұлттық нақышта тігілген дорба, ас үйге қажет алжапқыш, сыпыра, оқтау мен тақтай, табақтар - естелік-сыйлықтар табысталды.
Фото: Gov.kz