Ажырасу. Мыңбай не сұрады, Тоғжанов не деді?

Руслан ЕРБОТА

  • 15.11.2021

Мәжіліс депутаттары Д. Мыңбай мен Е. Бейсенбаев премьер-министрдің орынбасары Е.Тоғжановқа отбасындағы ажырасуға қатысты бір ай бұрын депутаттық сауал жолдаған болатын.  Үкімет жазбаша жауап қатты. Оны оқып отырсақ, бізде үкіметтің бар шаруасы жастарды ажырастырмауға арналған екен.  Бірақ, оны елеп жатқан жастар жоқ, шеттерінен ажырасып жатыр.   

«Отбасы жайлы ұлттық баяндама мен ресми статистикалық мәліметтер бойынша 2015-2019 жылдар аралығында ажырасқан отбасылардың саны – 274,5 мыңды құрап, яғни жалпы тіркелген некелермен салыстырғанда, ажырасу саны 43 пайызға дейін көтерілгені байқалды. Демек, 5 жыл ішінде орта есеппен күніне 389 неке тіркелген, соның ішінде 150 отбасының шаңырағы шайқалған. Бұл қоғамды ойландыруға тиіс» деп сөз саптаған депутаттар 2009- 2024 жылдарға арналған Жол картасында ажырасу деңгейін 2023 жылға қарай 30 пайызға, 2030 жылға қарай 25 пайызға төмендету жоспарланғанын айта келіп, осы мақсатқа жету үшін үкіметке төрт ұсыныс айтқан еді.  Депутаттардың ұсыныстары мен Үкіметтің жауаптарын оқырман назарына қатар ұсынғанды жөн көрдік.

Мыңбай ұсынысы: 1) Орта және жоғары оқу орындарында отбасы мәдениеті құндылықтарын сақтауға, қастерлеуге бағытталған озық тәжірибені оқып-үйрету және насихаттау бойынша арнайы факультативтер енгізуді қарастыру;

Тоғжанов жауабы: 1) Орта білім беру ұйымдарында отбасы мәдениетінің құндылықтарын сақтау және насихаттау тәрбие жұмысының бір бағыты болып табылады. Білім беру ұйымдарында «Ата-аналар мектебі», «Әжелер мектебі», «Әкелер мектебі», «Аналар мектебі» сияқты бастамаларды іске асырылуда. Сондай-ақ, білім бағдарламасында бастауыш сыныптардан бастап отбасылық құндылықтарды дәріптеуге және насихаттауға ерекше назар аударылады. Мысалға: мектептердің бастауыш сыныптарының «Әліппе», «Қазақ тілі», «Ана тілі», «Дүние тану», «Жаратылыстану», «Өзін-өзі тану» пәндеріне «Менің - отбасым», «Мен және мені қоршаған орта», «Менің - атам мен әжем», «Менің - әпкем мен бауырым», «Ортақ үйіміз», «Салауатты отбасы», «Балалық шақ мейрамы», «Отбасы дәстүрлері», «Отбасында өзара түсіністікті үйренеміз», «Алғыс айту», «Менің отбасымдағы адамдар», «Ата-анамды құрметтеймін», «Үлкен болған кезімде, сыйлы болам өзімде», «Атасы мен немересі», «Мәпелейсін анам», «Кішілерге қамқормын», «Бесік жыры», «Қолғанат», «Үлкендерді тындаймын», «Аналар мерекесі» сияқты тағы басқа да көптеген тақырыптар қамтылаған. Орта буын білім алушыларға «Қазақ тілі», «Әдебиет», «Тарих», «Жаратылыстану», «Өзін–өзі тану» пәндерінде бұл құндылықтарға ерекше назар аударылған. С.Торайғыров «Шығамын тірі болсам, адам болып», А. Құнанбаевтың «Бірінші қара сөзі», М. Әуезов «Көксерек», Т. Әбдік «Қонақтар», «Сүйіспеншік пен жақсылық жолы», «Отбасындағы қарым-қатынас мәдениеті», «Бастаулардың бастауы», «Басқаларды түсіну», «Шежіре», «Менің жеті атам», «Рухани мәдениет», «Ата-бабалардың рөлі», «Атадан балаға», «Генитакық код» тақырыптары арқылы отбасыға құрмет, сый көрсету айқындалған. 2 Жоғары сынып білім алушыларға «Қазақ тілі», «Әдебиет», «Тарих», «Орыс тілі», «Өзін–өзі тану», «Қоғам тану» пәндерінде «Махаббат және отбасы құндылықтары», «Отбасының орны», «Отбасы мүшелеріне құрмет», «Отбасы құқығы», «Отбасының қоғамдағы маңыздылығы», «Жеті ата», М. Әуезов «Абай жолы» романы, Т. Молдағалиев «Бауырлар», Қ. Аманжолов «Өзім туралы», А. Құнанбаев «17,33 қара сөздері», В. Набоков «Рождество», Л. Толстой «Война и мир», В Тендряков «Хлеб для собаки», В. Жуковский «Баллады» тақырыптары отбасы құндылықтарына арналған. Әлеуметтік-саяси білім беру модулінің оқу бағдарламасының мазмұны «Әлеуметтану», «Отбасы және қазіргі заман», «Отбасы кроссмәдени және тарихи перспективада», «Отбасы типологиясы. Неке мен туысқандық», «Отбасының әлеуметтік қызметтері. Отбасының әлеуметтанулық перспективалары» және тағы басқа тақырыптарды қамтиды. Сонымен қатар, отбасы мәдениетіне байланысты Психология, Әлеуметтану және әлеуметтік-мәдени жаңғырту, Демографиялық қауіпсіздік пәндері көзделген. Бұл пәндер «Қыз тәрбиесінің дәстүрлі әдістері», «Отбасылық қатынастар психологиясы», «Отбасы мен отбасылық қатынастардың заманауи трансформациясы», «Қазақстандағы демографиялық қауіпсіздік», «Отбасылық өмірдің психологиясы мен этикасы» сияқты тақырыптарды қамтиды.

Мыңбай ұсынысы: 2) Ажырасу жағдайында мүдделері мен құқықтары қорғалуы үшін отбасыдағы балалардың (10-18 жас) сот ісіне қатысуын қамтамасыз ету қажет. Сот алдындағы отбасылық медиация сарапшыларының жұмысын ынталандыру, ерлі-зайыптыларды татуластыру мерзімін барынша ұзарту, яғни алты айға дейін созып, олардың райынан қайтуына мүмкіндік жасаған жөн (ажырасу аз тіркелетін өркениетті елдерде аталмыш процесс қымбат әрі ұзақ рәсім болып табылады);

Тоғжанов жауабы: 2) «Неке және отбасы туралы» 2011 жылғы 26 желтоқсандағы ҚР кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 19-бабының 1, 3, 4-тармақтарына сәйкес егер сот ерлізайыптылардың одан әрі бірлесіп өмір сүру және отбасын сақтау мүмкін еместігін анықтаса, ерлі-зайыптылар некені бұзу туралы сотқа өтініш берген күннен бастап бір ай өткен соң неке сот тәртібімен бұзылады. Сондай-ақ, Кодекстің 20-бабында ерлі-зайыптылардың біреуінің некені бұзуға келісімі болмаған кезде сот ерлі-зайыптыларға татуласу үшін алты ай шегінде мерзім тағайындай отырып, істі қарауды кейінге қалдыру нормасы қарастырылған. Сонымен қатар, 2022 жылға арналған үкіметтік емес ұйымдарға берілетін грант жоспарының аясында отбасы соттары жанында «Бақытты отбасы» ресурстық қолдау орталықтарының жұмысын ұйымдастыру шарасы қарастырылды. Осы іс-шараның шеңберінде некені бұзуға ниет көрсеткен ерлізайыптылар үшін психологиялық, заңды және медициналық кеңес беру, ерлізайыптыларды татуластыруға бағытталған ажырасулардың профилактикасы бойынша оқыту және аумақтық азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімдерімен бірлесіп, жас жұптардың некені тіркеу сатысында оларға тренингтер ұйымдастыру жұмыстары көзделген.

Мыңбай ұсынысы: 3. Қазақстан Президенті Жолдауында «Зейнетақы жинағының жеткілікті мөлшерінің шегінен асатын бөлігін тұрғын үй сатып алу мақсатында «Отбасы банкіне» аударуға рұқсат беру қажет» деп атап көрсетті. Көп балалы отбасылар үшін де банк тарапынан ынталандыру және қолдау механизмін жетілдіру;

Тоғжанов жауабы: 3. Бүгінгі таңда азаматтардың зейнетақы жинақтарының жеткілікті шегінен асатын бөлігін тұрғын үй сатып алу мақсатында «Отбасы банкіне» аудару бойынша Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2021 жылғы 21 қаңтардағы № 24 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес біржолғы зейнетақы төлемдерін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізу жобасын әзірлеп мүдделі мемлекеттік органдарына келісуге жіберді. Сонымен қатар, «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасында «Тұрғын үй құрылысының барлық бағдарламалары бойынша жас отбасыларға арналған қарыздар үлесі» көрсеткіші «Тұрғын үй құрылысы бағдарламаларында жас отбасыларға арналған квоталар енгізу» іс-шарасы қарастырылған (Нұрлы жер, Шаңырақ, Бақытты отбасы, Әскери баспана, «Жас отбасы», «Жастарға қол жетімді баспана», «Ақтөбе Жастары» және т.б.). Анықтама ретінде: 2021 ж. – 5%, 2022 ж. – 10%, 2023 ж. – 15%, 2024 ж. – 20%, 2025 ж. – 25%.). Осылайша, 2025 жылға дейін тұрғын үй құрылысының барлық бағдарламалары бойынша жас отбасыларға арналған несиелер үлесін 25%-ға дейін жоғарылату жоспарлануда. Тұрғын үй бағдарламалары бойынша бірыңғай оператор «Отбасы банкі» АҚ болады. Жалпы, 2025 жылға дейін 800 000 жастарды тұрғын үй жинақтау жүйесімен қамту көзделген. Анықтама ретінде: 2021 ж. – 400 мың адам, 2022 ж. – 500 мың адам, 2023 ж. – 600 мың адам, 2024 ж. – 700 мың адам, 2025 ж. – 800 мың адам). 2014 жылдан бастап «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы (бұдан әрі – Конкурс) жыл сайын өткізіліп келеді. Бұл конкурс адамгершілік құндылықтарын жаңғыртуға және отбасы мен некенің жағымды үлгісін дәріптеуге, отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған. Конкурсты өткізудің негізгі мақсаттары мен міндеттеріне ата-аналардың бала тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру, отбасылық құндылықтарды кеңінен дәріптеу, қазақстандық отбасының жағымды имиджін насихаттау жатады. Қағидалардың 2-тармағына сәйкес конкурсқа отбасылар өзін-өзі ұсыну жолымен, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың, заңды тұлғалардың ұсынуы бойынша қатыса алады. 2014 жылдан бастап конкурсқа Қазақстанның барлық аумақтарынан 18 мыңға жуық отбасы қатысты (2014 жылы – 1 298, 2015 жылы – 2 285, 2016 жылы – 2 579, 2017 жылы – 2 879, 2018 жылы – 2 952, 2019 жылы – 3 204, 2021 жылы – 2 768 отбасылар). Ағымдағы жылы аумақтық комиссияларға барлығы 2 768 өтінім түсті, оның 1 692 – отбасыдан, 1 076 – заңды тұлғадан. Өтінім берушілердің 68,7 %-ы ауылдық жерден, 31,3 %-ы қалалық жерден. Қатысушылардың 37,3 %-ы көп балалы отбасылар, 22,3 %-ы жас отбасылар. Конкурс лауреаттарын салтанатты марапаттау рәсімі ағымдағы жылғы 10 қыркүйекте облыстық және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары әкімдерінің қатысуымен онлайн форматта өтті.

Іс-шара соңында Мемлекет басшысының атынан 17 лауреат отбасыға дипломдар мен айрықша белгі (мүсіншелер) берілді.

Мыңбай ұсынысы: 4. Меншік түріне қарамастан барлық мекемелерде, ұйымдар мен ұжымдарда «Мерейлі отбасы» байқауы өткізілуі тиіс. Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында отбасы құндылықтарын заманауи форматта дәріптейтін ақпаратты, видео-контентті көбейту.

Тоғжанов  жауабы: 4. Ағымдағы жылғы 15 мамырдан бастап 12 қыркүйек аралығында аталған конкурс бойынша 1 606 материал жарық көрді. Оның ішінде, республикалық 4 телеарналарда – 24 материал, республикалық басылымдарда – 22 материал, өңірлік телеарналарда – 104 сюжет, өңірлік газеттерде – 148 мақала, интернетресурстарда – 103, әлеуметтік желілерде – 1 205 материал жарияланды. Сіздердің ұсыныстарыңызды ескере отырып, 2022 жылы өткізілетін байқауға жергілікті атқарушы органдарға тиісті жоспар әзірленіп, ұсыныс берілетін болады. «Хабар» арнасы конкурстың жеңімпаздары туралы деректі фильмдер көрсетті. Сонымен қатар, отбасылық құндылықтар бойынша тұрақты түрде ақпараттық қолдау жұмыстары жүргізілуде. Аталған бағытта «Qazaqstan» РТРК» АҚ, «Хабар» агенттігі» АҚ-да «Тәлім trend», «Иман өзегі», «Таңшолпан», «Qalamaimyn», «Олжалы отбасы», «Бүгін», «Қоғамдық талқылау», «Народный контроль», «Өзін-өзі тану» сынды бағдарламалар мен ток-шоулар аясында отбасы құндылықтары туралы арнайы кең ауқымдағы шығарылымдар көрсетілді. Бағдарламаларда еліміздің зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлерінің, журналистер мен саясаттанушылардың, ғылым, білім, медицина, мәдениет, спорт сияқты түрлі сала өкілдерінің еліміздің әлеуметтік, мәдени, қоғамдық-саяси өміріндегі оқиғаларға қатысты пікір алмасуы болды. Бағдарламаларда қоғамның ең өзекті тақырыптары, оның ішінде отбасы құндылықтары, ескі мен жаңа дәстүрлер, тұрмыстық зорлық-зомбылық, бала тәрбиесі, олардың қауіпсіздігі мен құқығы сияқты әлеуметтік тақырыптар қозғалды. Сондай-ақ, «Qazaqstan» РТРК» АҚ мен «Хабар» Агенттігі» АҚ «Шабдалы 18», «Айнымас Айғаным», «Қанатсыз құстар-2», «Келінжан» телехикаялары отбасылық құндылықтарды, оның ішінде қазақ келіндерінің өмірі туралы, бала тәрбиесі және түрлі тақырыптарды қамтитын сериалдарды көрсетті. Жалпы отбасы мәдениетінің құндылықтарын сақтау, насихаттау бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, қажетті шаралар қабылдануда және Үкіметтің тұрақты бақылауында. Бұл бағыттағы жұмыстар барысында депутаттық сауалда көтерілген ұсыныстар ескерілетін болады

Жалпы, Дархан Мыңбай депутаттық мансабына дейін газетте редактор, «Қазақстан теледидары және радиосында» вице-президент,  Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары,  Президент әкімшілігі ішкі саясат бөлім меңгерушісі, Мәдениет және ақпарат министрі, Ұлттық музей директоры  болған адам. Идеология саласында осындай мансаптардан өтіп келген Д. Мыңбай жастарды ажырастырмауға қатысты  үкіметке ұсыныс тастағанда Е. Тоғжановтан қандай оқулық пен қандай бағдарлама бар дегендей жауап естимін деп ойлады ма екен?

Әлде Е. Тоғжанов осы ұзын-сонар жауабы арқылы Д. Мыңбайға мемлекеттік идеология мен оның ауқымды жұмысы ажырасқандарға әсер ете алмай жатқанын есіне салғысы келді ме? Қанша дегенмен, осы идеологияның қалыптасуына Д.Мыңбай да ерен еңбек сіңірді емес пе? Депутат пен вице-премьердің салмақсыз сауалы мен жалтарма жауабы осындай сұрақтарға жетелейді. Мыңбай «жастар неге ажырасып жатыр?» деген сұрақты ашық қоймайды. Тоғжанов та өздігінен бұл сұраққа жауап іздемейді.  Бар шаруаны «Qalamaimyn» секілді бағдарламаларға итеріп тастап отырғандай. Ал олар болса, тойдың жыры мен асабаның өсегіне көпіртіп жатыр.

Байланысты жаналықтар

Кітап оқудың парқы

04.11.2024

Том-том жарысты кім тияр?

21.10.2024

Елімізде ажырасқандардың саны азайып келеді

03.09.2024

Ерке Есмахан ажырасқан қыздарға кеңес берді

19.08.2024

«Дүние дегенге ешкім жеткен емес». Танымал әзілкеш әйелімен ажырасуының себебін айтты

15.08.2024

Ер адам бұрынғы әйелінен екі қызын сот арқылы тартып алды

31.07.2024
MalimBlocks
Кітап оқудың парқы

Кітап адамды ой түзуге үйретіп, мейірімділікке шақырады. Көзді ашады, оқығанды жақындастырады. Білгенімізге жаңа білім қосып, жадты жаңғыртуға көмектеседі.

Том-том жарысты кім тияр?

Ептілер жазушы еңбегін әділ бағалаудан гөрі ебін тауып екі асағаннан аса алмай келеді

Елімізде ажырасқандардың саны азайып келеді

Он жыл ішінде 1,5 млн отбасы құрылған

Ерке Есмахан ажырасқан қыздарға кеңес берді

Әнші бар назарды адам өзіне аудару керектігін айтады.

«Дүние дегенге ешкім жеткен емес». Танымал әзілкеш әйелімен ажырасуының себебін айтты

Актер әйелінің өз қателігін түсініп, кешірім сұрамағанын айтады.

Ер адам бұрынғы әйелінен екі қызын сот арқылы тартып алды

Бұған куәгерлердің айғақтары дәлел болды.