Бердіқұлов мектебінің түлектері
Биыл белгілі қаламгер, көрнекті көсемсөз шебері, қазақ спорт журналистикасының негізін қалаушы Сейдахмет Бердіқұловтың туғанына 90 жыл. Осыған орай, «Egemen Qazaqstan» газетінің редакциясында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен «Сейдахмет Бердіқұлов мұрасы және қазіргі журналистика» атты шара өтті.
«Egemen Qazaqstan»-ды әр жылдары басқарған Сауытбек Абдрахманов, Уәлихан Қалижанұлы, танымал қаламгерлер Жарылқап Бейсенбайұлы, Жанболат Аупбаев, Қуаныш Жиенбай, Бауыржан Омаров, Қыдырбек Рысбектер мазмұнды әңгіме шертіп, ойларын ортаға салды.
Сауытбек Абдрахманов Сейдахмет Бердіқұловтың бұрынғы одақ көлемінде мойындалған спорт журналисі екеніне айрықша тоқталды. Футболдың феноменін, қадір-қасиетін қазаққа алғаш түсіндіріп берген де – сол кісі. Әсіресе қазақ жастарының бойына намысшылдықты ету тұрғысынан ерекше еңбек етті деп жылы лебізін білдірді.
Ж.Бейсенбайұлы Бердіқұловтың идеяшылдығына ерекше маңыз бере сөйледі. У.Қалижанұлы қаламгердің ұйымдастырушылық қасиетіне кеңірек тоқталып өтті. Ал Ж.Аупбаев Сейдағаңның «Лениншіл жастың» редакциясында түрлі кездесулер ұйымдастыруға ұйытқы болғанын айтты. Сөзіне мысал ретінде Ла Скаладан келген Амангелді Сембинмен, антрополог Ноэль Шаяхметовпен, түркітанушы Иштван Қоңырмен, алты құрлықтың бесеуіне аяғы тиген жазушы Әнуар Әлімжановпен болған кездесулерді сөз етті.
Қ.Жиенбай қаламгердің көпшілікке беймәлім адами қасиеттері туралы ой қозғаса, шәкірттері Б.Омаров пен Қ.Рысбек абзал ағалары хақында қызықты естеліктер айтты.
– Редактор ретінде Сейдахмет Бердіқұлов тәртіп пен қағидаттың адамы еді. Аса жауапты кезде ол талай қаламгерге қорған бола білді. Оның мектебінің журналистика тарихында айрықша орны бар, – деп сөзін түйіндеді Бауыржан Омаров.
– Бүгінде «Қазақ газеттері» болып қайта жаңғырғанымызды көзіқарақты көпшілік жақсы біледі. Оның құрамында бірнеше басылым бар. Соның бірі – «Ұлан» газеті. Бұл – бұрынғы «Қазақстан пионері». Сейдахмет Бердіқұлұлы кезінде дәл осы басылымды басқарған. Сондықтан қаламгердің мерейтойы бәрімізге ортақ. Бүгінгі дөңгелек үстел журналистер қауымы үшін шеберлік сыныбы болды, – деді «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы.