Ұлттық ақпараттық кеңістігіміз потенциалды сепаратистерден тиісінше қорғалмаған

Қазір ақпараттық, ментальды, гибрид, когнитивті соғыс тәрізді көптеген  ұғым пайда болды.

Бану Оңдасынова

  • 25.07.2024

Медиа деген кең ұғым. Медиа арқылы халықтың пайымы, пікірі қалыптасады. Сондықтан саясатта ақпарат құралдары – алпауыт күш деп есептеледі. Медиатехнологиялар арқылы ақты қара, қараны ақ етіп көрсетуге болады. Осы ақпараттық соғыс ұғымы қашан қолданыла бастады? Неліктен оған үлкен мән беріледі? Ақпарат құралдары манипулияция, бұрмалау арқылы нақты бір саясатпен постшындық қалыптастыра алады. Логос, пафос секілді постшындық та шындықты жеткізу әдісі, құралы. 

Осы мәселелер аумағында "Айқын" газетінің бас редакторы, соғыс тақырыбы бойынша сарапшы, журналист Амангелді Құрметұлымен әңгімелескен едік.

Ақпараттық саясатта

- Медиада ұлтымызды тұтастыратын ақпараттық саясат қалай жүргізілгені дұрыс? Елміздің ақпараттық кеңістігі туралы пікіріңізді білгіміз келеді. Қазақстандағы ақпараттық саясатқа көңіліңіз тола ма?

- Бірінші кезекте «ұлтты тұтастыру» деген ұғымның ауқымы кең екенін ескеру керек шығар. Медиа бұл процесте шешуші рөл атқара қоймайды деген пікірдемін. Жанама әсері бар, бірақ ұлтты ұйыстыруда бірінші орындағы құрал емес деп ойлаймын. Сондықтан медиаға ұлтты ұйыстыратын институт ретінде қарамаған болар едім. Ал ақпараттық саясатқа келсек, өз басым қазір БАҚ  ақпарат таратушы құралдан гөрі, көзқарас қалыптастырушы аспапқа айналды-ау деп ойлаймын. Мұндай пікірді айтып жүргендер аз емес. Айталық, ресейлік журналист Максим Шевченконың осындай мазмұндағы пікірлерімен танысқанмын. Сондықтан  ақпараттық саясатты қалай жүргізу керек дегенге келсек, алдымен «қоғамда қандай көзқарасты орнықтырамыз?» - деген сауалға жауап іздеген жөн шығар. Ал мұндай сауалға жауапты тек журналистер бере алмайды. Әлеуметтанушылар, мәдениеттанушылар, психологтар, философтар, қысқасы, гуманитарлық ғылымның түрлі салаларының өкілдері тізе қоса отырып нақты зерттеу жүргізіп, содан соң ғана жауап берілуі керек деп білемін. Біздің пікір біржақты болып кетеді.

Рас, ақпараттық саясатты жүргізуге жауапты мекемелер, құқықтық негіздер де бар. Бірақ қоғамдағы құбылыстарды кешенді әрі жиі зерттеп отыратын орталықтар аз. Сол себепті «ақпараттық саясат, міне, осылай жүргізіледі» деп кесіп-пішіп айта алмаймын.  Дегенмен журналист ретінде  көңілім толмайтын  дүниелер де жоқ емес. Айталық, ұзақ жылдар бойы рейтинг қуалау арқылы оқырман мен көрермен талғамын өзіміз төмендетіп алған тәріздіміз. Телеарналар мен радиолардың рейтингін зерттеу нарығында бәсеке жоқ. Монополист бар. Біздегі ақпараттық нарыққа солар баға береді де, тиісті мекемелер сол баламасыз бағаға сенетін тәрізді. Ал рейтпнг анықтайтын  мекеменің жарнама берушілерге бүйрегі бұрып тұрмасына кепілдік жоқ.

Сол сияқты мерізімді  басылымдарға қатысты да біраз жылдар бойы салғырт ұстанымда болдық. Салдарынан «басылымдар бәсекеге қабілетсіз» деген тұжырым жасадық. «Газет оқылмайды» деген пікірді сіңіріп жатырмыз. Сол арқылы мемлекет тарихнамасында өзіндік орны бар басылымдар нарықтан ығысып келеді. Оның үстіне  газет оқу мәдениетін КСРО кезіндегі идеологиямен байланыстырғандықтан, бізде АҚШ, Франция, Түркия тәрізді елдердегідей әр басылымның жанашыры, тұрақты оқырманы  толыққанды қалыптасқан жоқ. Дәстүрлі медиаға заманауи мәдениеттің бір пұшпағы деп қарамаймыз. Меніңше, медиа қоғамдағы түрлі институттардың ішінде мәдениетке жақыны, бәлкім, сол мәдениетке кіретін бір түрі шығар. Сондықтан мемлекет, бәлкім, дәстүрлі медиаға қолдау жасаудың тың әдістерін ойлап табуы керек пе еді, кім білсін?! Мәселен, Францияда басылымдарға салынатын қосымша құн салығы, қателеспесем, 2,1 пайыз болуға тиіс. Одан бөлек, белгілі бір қаржылық қолдау бар. Ал бізде қосымша құн салығы өнім шығаратын немесе сауда-саттықпен айналысатын кәсіпкерлерге салынатын деңгейде. Мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу үшін деп қаржы бөлінеді де, сол қаржыдан кәсіпкерлермен бірдей салық алынады. Маған ұнамайтын тұстың бірі осы. Бұл жағдай шағын ғана ақпараттық нарығы бар, ақпаратты сатып алуға  тұтынушысы әлі дағдыланбаған Қазақстан қоғамында медианың дамуына кедергі келтіреді деген ойдамын. Біздің демографиялық ахуалымыз, даму деңгейіміз, экономикамыз, бұқараның пайым-түсінігі сапалы медиа нарық қалыптастыруға әзірге  жарамай тұр. Оның үстіне теріскейдегі көршінің ақпараттық ықпалы өте зор. Демек мұндайда мемлекеттің қолдауы қажет. Өйткені ақпараттық саясат қазір геосаясаттағы маңызды бағыттардың біріне айналған.

Менің  бұл пікірлерім субьективті, әрине. Бірақ  «Қазақстандағы ақпараттық саясатқа көңіліңіз тола ма?» деген сұрағыңызға жауап деп білемін. Бұл айтылғандарға тағы бір қосарым бар. Ол - отандық медиа нарықтағы тіл мәселесі. Өз басым қазақстандық медиа нарық екі лагерьге бөлінген деп бағалаймын. Бұл пікірімізбен көп әріптес келісетін шығар. 

Ұзақ жылдар бойы екі тілдегі медиа екі түрлі бағытпен дамығандай көрінеді. Қазақ тілінде ақпарат тарататын медиа жалпының жанайқайына көбірек назар аударып, біршама ауқымды тақырыптар көтеретін. Тіл, руханият, қазақ халқының жоғын түгендеу, отарланған жылдарға  саяси баға берудің маңызын көрсету, бодандықтың зардабын әшекерелеу, отарсыздану үрдісінің қалай өтуі керек екенін талқылау тәрізді ауқымды мәселелер көтеретін. Бәлкім, тақырыптар жылаңқы сияқты көрінер, бірақ ұзақ жылдар бойы  өзгенің қабағына қарап  келген қазақтың  көңілінен шығатын мақалалар жазылып, сюжет, репортаждар әзірленетін. Бәлкім, содан шығар, 2011 жылы болуы керек,  саясаттанушы, қазіргі Мемлекеттік кеңесші  Ерлан Қарин «Қазақтілді баспасөз ұлттық партияның рөлін атқарып отыр» деген мағынада ой айтқан. Қазір мазмұн біршама өзгерді.

Ал орыс тілінде ақпарат тарататын медиа экономика, жекенің дау-дамайы мен  проблемасын, тұрмыстық мәселелерді жиірек қаузайтын. Қазақтың мемлекет құру мүмкіндігін жоққа шығарып, шамдандыратын кездері де аз болмаған. 90 жылдары «Караван» газеті сондай тақырыпты көп көтеретін. Қазір де кездесіп қалады. Мәселен, 2014 жылдың  жазында «Южный Казахстан» газетінде 1864 жылы Түркістан түбінде болған Икан соғысын еске алуға арналған бірер материал жарық көрді. Кейін қоғам белсендісі Өмір Шыныбекұлының араласуымен әлгі тақырып жазылмайтын болды. «Икан соғысы жайлы жазғанда не  бар?» - дерсіз. Иә, келісемін, онда тұрған түк жоқ. Алайда мақала мазмұны Ресей отаршылдығын ақтауға бағытталған-ды. Ал Икан түбінде патшалық Ресейдің  әскеріне қарсы Кенесарының ұлы Сыздық сұлтан ұрыс салған еді. Тарихи дерек болғанымен, мұндай тақырыпты көтерер кезде мемлекет құраушы ұлттың ішкі тілегін ескеру керек еді. Орыс тілінде ақпарат тарататын медиа кей жағдайды бұл факторды ескермейді.

Рас, қазір  қазақ тілінде ақпарат тарататын көптеген медиа ресурстың  беделі артып келеді. Өз басым медиа нарықта мемлекеттік тілдің  аз да болса еңсе тіктеуіне демографиялық ахуал әсер еткен шығар деп ойлаймын.Алайда билік  дәлізіндегі көптеген тұлға әлі де болса алдымен ресми тілдегі медиаға үңілетін дағдысынан жаңылған жоқ. Бұл өз кезегінде ресми тілде ақпарат тарататын медианың бәсін арттырып тұр. Одан бөлек жеке тұлғалар ашқан Telegramарналардың да беделі зор қазір. Блогерлердің қызметіне жүгіну де белең алған. Шенеуніктер де, өзгесі де соларға жүгінеді. Әрі классикалық  үлгідегі блогерлік дегенді түсінетіндер аз қалды, бәлкім, дәстүрлі блогер жоқ та шығар.

Біз осыдан 14 жыл бұрын блогерліктің классикалық даярлығынан өттік. «Мінбер» қоғамдық қоры өткізген трейнингтерге қатысып, блогесфераға келгенбіз. Бірақ қалыптаса бастаған блог жүргізу дәстүрін сот органдарының қисынсыз шешімдері тас-талқан етті де, қазір блогер деп әлеуметтік желінің белсенді қолданушысын атап жүрміз. Telegram арналарға, блогерлерге инсайд деректер жіберетін мекемелер мен тұлғалар осы амалдары арқылы дәстүрлі медианың беделін түсіріп тастады. Ал өзге көптеген елде дәстүрлі медиа, телеарналардың, газет-журналдардың, сайттардың рөлі жоғары. Мәселен, Түркияда X платформасы (бұрынғы Twitter) өте танымал. Бірақ осы платформада пікір жазып, ой бөлісетін көптеген колумнис ресми медиадағы өз орындарын жоғалтқан жоқ. Негізгі ойларын сонда жазады. Х  платформасы арқылы оқырмандарын сол негізгі ресурстарға тартады. Ал бізде ТГ арналар дәстүрлі медиадан, сіз қызмет етіп отырған осы malim.kz сайтынан әлдеқайда  беделді болуы мүмкін. Бәлкім, мәселеге журналистің біліктілігі әсер ететінін алға тартқыңыз келетін шығар, оған келісемін. Дегенмен дәстүрлі медиадан жерініп, ТГ арналарға, блогерлерге бет бұру үрдісінің белең алғанымен келісесіз деп ойлаймын. Әйтпесе  мықты журналистер аз емес бізде. Олардың көбі @kozakchkov offside тәрізді арна құруға қабілетті. Бірақ ақпаратты елден бұрын жылыстатып отыратын «бұлақ көзі» жоқ. Меніңше, ақпарат пен қаржының «бұлағы» алдымен ресми ресурстарға қарай бұрылуы керек еді. Бізде олай емес. Әрине, ресми телеарналар, сайттар, басылымдар бар. Бірақ балама ақпарат пен көзқарас іздейтіндерге мәліметтерді жекелеген арналар емес, тәуелсіз сайттар берсе де ұтылмас едік.

Жалпы алғанда ақпараттық саясаттың қыры көп қой. Қаржыландыру, ұстаным,  журналистің позициясы, аккредитация дегендей сансыз мәселе бар. Өз басым мұндай детальдарға емес, геосаяси турбуленттілік кезінде маған қате тәрізді көрінген бағыттарына тоқталдым. Бұл - менің жеке көзқарасым.

«CNN эффектісі» бізге де әсер етуі мүмкін

- Ақпарат – үлкен күш екенін, сол арқылы идеология қалыптастыруға болатынын білетін алпауыт державалар, жалпы барлық мемлекет ақпараттық саясатқа өлшеусіз қаражат бөледі. Ақпараттық соғыс, ақпараттық саясатты нашар мағынада ғана емес, оны әр мемлекет өзі үшін тиімді пайдалануына мүмкіндігі бар. Осы тұрғыдан, Қазақстанның ақпараттық саясатына, ақпараттық қауіпсіздігіне қандай баға берер едіңіз?

- «Ақпараттық соғыс» дейсіз бе? Меніңше, бұл ұғымның шынайы мәнін толық ашқан жоқпыз. Әр сарапшы әртүрлі баға береді. Сондықтан «ақпараттық соғыс» дейтін  ұғымның Қазақстанға қатысты тұсын да алдымен тиісті сала мамандары, ғалымдар зерделеуі керек шығар. Бәлкім, ол  гибридті немесе  когнитивті соғыстың  құрамдас бөлігі болар. Тіпті жеке бағыт та шығар. Әлде нақты ережесі, жоспарланған қадамдары, тактикасы мен стратегиясы жоқ, қоғамдағы оқиғалар ағынына ілесетін бейберекет әрекет шығар, тура баға бере алмаймын. Ұғым ретінде  пайдаланамыз, әрине. Бірақ «ақпараттық соғыста ұтылдық немесе ұттық» деу үшін қоғамдағы құндылықтарды қалай өзгерді, мұндай өзгерістердің жағымды немесе теріс әскері қандай,  белгілі бір ақпараттың кесірінен мемлекет қандай қадамға бара алмады, я болмаса нақты шешімге келді дегенді  зерттеп,  нәтижесін көрсетпек керек. Содан соң баға береміз. Алайда кешенді зерттеу болмаса да тараған ақпараттың кері әсері болуы мүмкін екенін жанама түрде дәлелдейтін  деректер кездесіп қалады. Мысалы, 2015 жылдың басында жапониялық Toshiba-ның директорлар кеңесі төрағасы Масаси Муромати корпорацияның еншілес кәсіпорны америкалық Westinghouse Electricкомпаниясы жасаған AP-1000 (қуаты 1ГВт) ядролық реакторын Қазақстанға беретіні жөнінде келісім жасалғанын ресми түрде мойындайды. Келісім құны 3.34-4.17 млрд доллар деп көрсетілген. «Қазатомпроммен» келісілсе керек. Реактор Курчатов қаласында 2030 жылға дейін салынып бітеді делінген еді. Жапон медиасында жарық көрген бұл жаңалықты ресейлік «КоммерсантЪ» бастаған  ресурстар жариялады да, өзгелер іліп әкетті. Кейін жапондармен қандай да бір келісім жасалғаны жайлы әңгіме сап тыйылды. Конспирологиялық тұрғыдан қарасақ, «әлгі ақпарттан соң Мәскеу Астанаға қысым жасады-ау» деп күмәндануға негіз пайда болады. Содан бері Қазақстан әлі күнге АЭС салғызар болса, кімнің технологиясына жүгінерін әлі шешкен жоқ. Мұны ақпараттық соғыстың салдары деуге бола ма, жоқ па білмеймін, тек бір мысал деп ұғыңыз.

Жалпы «соғыс» ұғымының мәніне  тоқталайықшы. Карл фон Клаузевец «соғыс – қарсыласты сенің талабыңды орындауға мәжбүрлейтін зорлық актісі» дейді. Сунь Цзы болса 2500 жыл бұрын «Соғыс-бұл алдау жолы» депті. «Ақпараттық соғыс»  ұғымына нақты баға бере алмадық дегенмен, соғыс теориясының екі үлы классигі айтқан элементтер  қазіргі медиада бар ма? Меніңше, бар. Әрине, медиа тікелей физикалық зорлық-зомбылық жасамас, бірақ моралдық  тұрғыда адамды шаршатуға қауқарлы. Адамды шаршатса, тұтас қоғамды да біршама әуре-сарсаңға салады. Сосын медиада  алдау  бар ма, бар. Демек «соғыс»  ұғымына берілген анықтамалар  медиа қызметтен де бой көрсетеді. Бәлкім, содан шығар, қазір ақпараттық, ментальды, гибрид, когнитивті соғыс тәрізді көптеген  ұғым пайда болды. Біздің медиа нарықта бұл ұғымдарда сипатталатын элементтердің бәрі бар. Бірақ бәрібір ғылыми тұжырымдама  керек.

Енді ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне келейік. Мұны да біз жиі айтамыз. Көбіне ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне ешкім көңіл бөлмей жатқандай көрінеді бізге. Бірақ байбалам салуға асықпайық, мемлекет ақпараттық қауіпсіздік тұжырымдамасын сонау 2006 жылы қабылдаған. 2023 жылы «Қазақстан Республикасының ақпараттық доктринасы» қабылданған. Демек бұл елде  жаһандағы трендтерді білетін,  түрлі ахуалды жүйелі бағалайтын мамандар бұрын да болды, қазір де бар, келешекте де болады деген сөз. Қазақстан мемлекетке  пайдалы немесе зиянды кез келген факторды бағамдай біледі. Тек әлеуметтік желілердің ықпалы күшейген соң, ішінара  біз, журналистер айқайға сұрең қосқан соң,  ақапарттық қауіпсіздік дейтін мәселені  билік  ұмытып кеткендей көрінеді бізге. Дегенмен «ақпараттық қауіпсіздік сақтаудың сапасы қандай?» деген сауал төңірегінде  мәңгі дауласуға болады. Көңілі толмайтындар да, разы болатындар да табылады. Демек тағы да біржақты баға бере алмайын.

Рас, кейде ақпараттық қауіпсіздік мәселесінде есік-тереземіз ашық жатқандай көрінеді. Әсіресе, ресейлік контенттің ықпалы басым болып көрінеді. Әрі мұндай пайым жасауға кейбір мәліметтер дәлел  болады. Айталық, 2017 жылы бейресми кездесулерінің бірінде сол кездегі Ақпарат министрі Дәурен Абаев еліміздің теріскей аймақтарында 600 мыңнан астам «сұры табақша» бар екенін айтты. Яғни  отандық контенті жоқ, тікелей шетелдік, шетелдік болғанда да барлығы дерлік  ресейлік арналардың  сигналдарын қабылдайтын антенналар. Егер әр отбасында 4 адам бар деп есептесеңіз 600 мың табақшаны кемі 2,4 млн адам пайдаланады деген сөз. Демек оларды конспирология мен жалған ғылымның №1 насихатшысы РенТВ-ның, шовинистік идеологияның қайнар көзі Россия 24 арнасының ықтимал тұтынушылары деп бағалауға болады. Бәлкім, сол насихаттың салдары шығар, 2015-2021 жылдары Қазақстанда қос азаматтыққа қатысты 90 мыңнан астам дерек тіркелді. Олардың 85 мыңы Қазақстанмен қатар Ресей азаматы болып жүргендер екен. Тек Қостанай облысының өзінде сол жылдары қос азаматтығы бар 31 мың адам анықталған. Павлодарда 10 мың, Ақмола мен Астана төңірегінде 8 мыңнан астам, ШҚО-да 7,6 мың,   және Алматы қаласы мен облысында 7,7 мың, СҚО-да 6 мыңнан астам, БҚО-да 4,7 мың, Ақтөбе облысында 4,1 мың адамда қос азаматтық болған. Бұл деректерді ақпараттық қауіпсіздіктің қалай сақталатынымен байланыстыруға болатын шығар деп ойлаймын. Тікелей қос азаматтық алуға шақырмағанымен, Ресейді  күллі орыс жұртының жалғыз жоқтаушысы ретінде көсрету, өзге елдерге бұл халыққа қысым жасалып жатқандай етіп сипаттау арқылы  көрермен мен оқырманның көзқарасын өзгертуге медианың айтарлықтай рөлі бар екені анық. «CNNэффектісі». «Әл Жазира эффектісі» дейтін ұғымдар бар.  Медианың  ықпалын сипаттайды. Біздегі қос азаматтық мәселесіне ресейлік арналардың осындай әсері тиген болар-ау деп қауіптенемін.

Одан бөлек «ақпараттық қауіпсіздік» деген  ұғымға жеке деректердің, мемлекеттік құпияның сақталуы да кіретінін ескеру керек. Қазіргі телефон алаяқтарының қолында жүрген жеке деректеріміз де жағдайдың  тым жақсы емес екенін  көрсетеді. Телефон арқылы  отандастарымызды алдап, қаржысын алып кететіндердің ізін қусаңыз Украинадан бөлінбек болған сеперетистік құрылымдардың аумағына барып тірелетін тұстар көп. Донецк пен Луганск облыстарын айтып отырмын. Сондықтан ақпараттық қауіпсіздіктің деңгейіне бағаны өзіңіз беріңіз.

Әркімнің өз шындығы бар

- ХХ ғасырда медиада постшындық – post-thruth деген ұғым пайда болды. Мағынасы: шындық БАҚ арқылы белгілі бір формада беріледі де, бұқараның пікірі "тапсырыс бойынша" қалыптасады. Бұл манипуляция мемлекетті басқарушы аппараттың барлық буыны, өзара қақтығысушы тараптар тарапынан жасалады. Осымен күрес, шыңдықты қисайтпай қаз-қалпында беру үшін не істеу керек?

Шындық дейсіз бе? Әр адамның өз шындығы бар ғой. Ауғанстан азаматы үшін «Талибан» қозғалысы елге тыныштық орнатқан, басқаруды жүйелеген күш саналуы мүмкін. Ал АҚШ азаматы үшін бұл қозғалыс  терроризммен байланысты болады. Ресейлік  арналар Украинада фашизм бас көтерді деп жылдар бойы айтып келгендіктен бе,  2024 жылдың ақпанында ресейліктер арасында соғысты жақтаушылар 68 пайызға жетіпті. 2023 жылы 65 пайыз болған екен. Қоғамдық пікірді зерттеудің  бүкілресейлік орталығы (ВЦИОМ) жариялаған бұл дерекке күмән келтіретіндер көп. Бірақ меніңше демәселе  медианың  қандай тапсырыс орындағанында болып тұр. Ресейде Украинаны жау көретіндер аз емес. Сонымен қатар, теріскейдегі көршіміз ішінара Қазақстанның солтүстік аймақтары Ресейдің байырғы жері деген көзқарасты сіңіруге тырысады. Мұндай ақпараттарды шындық деп қабылдап, соған сенетіндер де  табылатыны сөзсіз.Егер  электораттың ішінде  мұндай «шындыққа» сенетіндер көп болса,  онда ресми билік дәл осынадй көзқарасты белгілі бір әрекет үшін сылтау етуі ғажап емес.

«CNN эффектісі» дегенді айттық қой. 1991 жылы АҚШ пен  одақтастары Иракқа қарсы ұйымдастырған «Шөлдегі  дауыл» операциясы кезінде CNN жаңалықтарды   үздіксіз тікелей эфирден беріп тұрды. Бірақ Иракта шынымен не болып жатқанын көрермен нақты білмеді. Телеарналар не көрсетсе, соған иланып, белгілі бір көзқарас қалыптасты. Іс жүзінде АҚШ пен одақтастарының күші басым болғаны сонша, Ирак армиясы қарсылық көрсетуге мүлдем дерлік қауқарсыз болды. Одақтастар авиациясы Саддам Хусейін күштеріне бас көтертпеді. Қаза тапқан бейбіт тұрғындар жайлы  көрермен ештеңе білмеді. Сол 1991 жылы үлкен Джордж Буштың «Мен Орталық барлау басқармасына қарағанда  CNN-нен шынайы ақпараттарды көбірек аламын» дегені бар.

Осы соғысқа қатысты француз әлеуметтанушысы, мәдениеттанушы, философ-постмоденринст Жан Бодрийярдың бірнеше эссесі жарық көріп, кейін «Шығанақта соғыс болған жоқ»  деген атпен кітап болып басылған. Ғалым соғыстың болғанын жоққа шығармайды, тек оның қалай болғанын медиа арқылы қабылдау етек жайғанын айтады. Америкалықтар  қанша ирактық өлгенін білмейді. Олардың өлімі тек статистикалық дерек болып қана қалуы мүмкін. Фильмдер арқылы Ирактағы соғыс АҚШ үшін ауыр болғандай көзқарас сіңіріледі. Бәлкім, қаржылық тұрғыда Парсы шығанағындағы соғыс  біршама ауыр болған шығар, бірақ әскери тұрғыда тым қиын болған жоқ. АҚШ пен одақтастарының басымдығы өте жоғары еді.

Қазір CNN рөлін әлеуметтікжелілер атқарып тұрған сияқты. Қазақстанда  әлеуметтік желілер CNN эффектісінің екінші кезеңіне, яғни белгілі бір шешім қабылдауға ықпал ету тетігіне айналған  түріне жетіп қалған тәрізді. Әлеуметтік  желі арқылы  ақпарат тарайды,  ол – шындық. Сол ақпаратқа қатысты көзқарас сіз айтқан post-thruthүлгісінде қалыптасады. Ресей мен Украина  медиасы, telegram  арналары  дәл осы принциппен жұмыс істеп жатыр. Соғыстың болып жатқаны рас,  бірақ оған қатысты көзқарас пен ұстаным әртүрлі. Қазір  қазақстандық оқырманның көбі  Украина көп соққы жасап, Ресейді әлсіретіп жатыр деп ойлайды. Түрлі зауыттарға дрон  шабуылдары жасалғанмен, майданда жағдай басқаша. Ресейліктердің жыланбауырлап алға жылжып келе жатқан шептері бар. Батыстың үлгілерге қарағанда қарабайырлау болғанымен ұрыс техникасын азды-көпті деңгейде өндіріп жатыр. Санкциялар Ресей экономикасын әзірге  күйрете алған жоқ. Бірақ украиналықтардың да біршама табысы бар. FPV дрондарды ресейліктерден үш есе көп қолданады. Батыс барлауының  біршама деректерін алып отырады. Мұның барлығын әр елдің медиасы өз ұстанымы тұрғысынан жариялайды.Сондықтан заманауи медианы шындықты  қаз-қалпында беретін  құрал ету өте қиын. Демек Қазақстан үшін өзіңнің шындығы  керек деп білемін.

Әңгімеңізге рақмет.

Байланысты жаналықтар

Сириядағы соғыс: Асад жанталасуда. Бірақ…

02.12.2024

БҚО-да Ресеймен шекарада жүк көліктері кептеліп қалған

01.12.2024

АҚШ Грузиямен стратегиялық серіктестікті тоқтатты

01.12.2024

Ескі һәм жаңа соғыс: Алеппо үшін шайқас…

29.11.2024

Путин Украинаны тағы да "Орешник" зымыранымен атқылайтынын мәлімдеді

28.11.2024

Астанада Қазақстан-Ресей сарапшылар кеңесі өтті

28.11.2024
MalimBlocks
Сириядағы соғыс: Асад жанталасуда. Бірақ…

Сирияның “Хаят Тахрир аш-Шам” бастаған антиүкіметтік құрылымдары Мәскеу мен Асад режиміне нағыз “блицкригтің қандай болатынын” көрсетіп бағуда.

БҚО-да Ресеймен шекарада жүк көліктері кептеліп қалған

Қазақстанға кірер бағытта бір жол ғана істеп тұр

АҚШ Грузиямен стратегиялық серіктестікті тоқтатты

Себебі, ЕО-мен келіссөзді тоқтатып, наразылықты күшпен басқанын айыптайды

Ескі һәм жаңа соғыс: Алеппо үшін шайқас…

Ливандағы соғыстың келісім сұлбасы енді-енді көріне бастаған секілді еді. Израиль мен “Хезболла” бітімге кеп, “ХАМАС” та ұрысты тоқтату туралы араша сұрағандай әңгімелер айтыла бастаған еді…

Путин Украинаны тағы да "Орешник" зымыранымен атқылайтынын мәлімдеді

Астанада Қазақстан-Ресей сарапшылар кеңесі өтті