Е. Тұрсынов: "Әл.желідегі парақшаларымды жауып тастады"

Кино әлемінде ерекше туындыларымен көзге түсіп, дара жол сала білген режиссерлардың бірі – Ермек Тұрсынов. Халықаралық кино фестивальдерде қазақтың атын шығарған тұлғаның ұраны - еркіндік, іздегені - шындық. Еңбек жолын қарапайым тілшіліктен бастап, бүгінде Қазақстан кинематографистер одағының төрағасына айналған.

Malim Админ

  • 04.02.2022

Бүгінгі комедиядағы күлкі – у

-Мәдениетсіз болу қауіпті ме? Әлде білімсіз болу қауіпті ме?

-Екеуі де жақсы емес. Білімсіз болсаң, қараңғы болсаң одан не пайда. Мәдениетсіз болсаң, тәрбие көрмесең одан түк шықпайды. Мәдениетсіз болып, білімді болсаң өте қауіпті. Оны мен емес, кезінде әл-Фараби «Тәрбиесіз адамға білім беру қауіпті» деп айтып кеткен. Мысал ретінде айтайын, соғыс кезінде конслагерлерде неміс дәрігерлері тәжірибе жасады. Олардың бәрі өте білімді. Бірақ олар өз сынақтарын тірі адамдарға жасады. Ешкім дәрігерлерді надан, қараңғы деп айта алмайды. Қанша жерден жоғары дәрежелі маман болса да, адами тұрғыдан қарағанда, гуманистік жағынан қарағанда бұл сынақ адамға жасалған үлкен қиянат болды. Қазіргі заманда білімділер көп. Бірақ олардың тәрбиесі мен жоспары, өмірге деген көзқарастары күдік туғызады. Басшылықта отырғандардың көбі шетелден небір жоғары оқу орындарын бітіріп келгендер. Резюмелерін оқып отырып бірден орден бергің келеді. Бірақ олардың жұмыс істегендегі мақсаты қандай, қоғамға тигізер пайдасы қандай? Ұлттық кеңестің мүшесі болған кезімде астанаға жиі барып, үлкен жиындарға қатысатынмын. Сол жердегі адамдарға қарасаң, әрине, бәрі білімді, оқыған азаматтар. Бірақ олардың мәдениетінен білімі озып кеткен. Мен қазақ ауылында туып өстім. Көршілеріміздің көбі соғысқа қатысқан ардагерлер мен ауылдың кемпір шалдары. Кейбіреулері тіпті өзінің фамилиясын жаза алмайтын. Бірақ олардың әңгімесін тыңдасаң өмірге деген көзқарасы, адамгершілігі, парасаттылығы мен тазалығы, мәдениеттілігі өте биік болатын. Олар кітап оқымаған, кино көрмеген, театрға бармаған, Моцарт пен Бетховенді танымайды, классикалық музыканы тыңдамаған. Мен оларды осындай болмыстарымен жоғары бағалаймын. Олар маған өмірлік ұстанымымды айқындап берді. Қоштасқанда «Адам бол» дейтін. Адам болдың арғы жағында көп мән бар. Әрине, оқы, білім жолында биікке жет. Бірақ ешқашан қайдан шыққаныңды ұмытпа.  Адам қанша жерден Нобель сыйлығын алып, мәдениетсіз болса мен үшін бағасы төмендейді. Сондықтан мен тәрбиені, мәдениетті бірінші орынға қоямын.

-Иә, шынымен де қазір адамдардың ішкі мәдениетінің төмендегенін әлеуметтік желілерден жиі байқап қаламыз. Шетелде білім алып келді деген азаматтардың өзі адамдармен араласудың қарапайым әліппесін білмей жатады.

- Келісемін. Білсе де істегісі келмейтіндер бар. Олар үшін мәдениетті болу маңызды емес. Өмірлеріне кедергі келтіретіндей көреді. Сосын қазір бұрыннан келе жатқан ұғымдар өзгеріп кетті. Егер сен біреуге жақсылық жасасаң «Не үшін жасап жатырсың?» деп сұрайды. Бала кезімде көрші тұратын Жаха деген аға болды. Бір күні мені атқа отырғызып жайлауға ертіп барды. Шамамен 5-6 жастамын. Түн жарымында таудың жалғызаяқ жолымен жүріп келеміз. Бір жағымызда құзар шың, бір жағымызда жар. Бір кезде астымыздағы атымыз тасқа сүрініп кетті. Жаха аттан түсіп, қолына күрек алып сол тасты қаза бастады. Мен «Аға тоңдым, жүре берейікші» дедім. Ол кісі бастаған ісін бітірмей қозғалмайтынымызды айтты. Екі сағаттан кейін Жаха тасты орнынан қазып алып, құзар шыңнан домалатып жіберді. Сосын жолды тегістеп қойды да, ары қарай жүріп кеттік. Мен Жаханың осы ісін есейгенге дейін түсінбей келдім. Сөйтсем, дәл біз сияқты ертең сол тасқа басқалар да сүрінеді екен. Ал Жаха соны күннен бұрын ойлапты. Қасымызда камера ұстаған журналист те жоқ. Ешкім көріп рақмет айтып жатқан жоқ. Қайырымдылық ол кісінің тәрбиесінде, табиғатында бар. Бұл өмір бойы маған сабақ болды. Қазір қалталы ағайындарымыз бір жерге барып көмек қолын созса, соны дүйім жұртқа паш етіп, шулап БАҚ-тан хабарлайды. Әрине, бұл да жақсылық. Жақсылық болып қала береді. Бірақ мұның астарында не жатыр? Өзімнің атымды шығарсам деген ой жоқ па? Жаха аға маған «Отыр, қазір саған ақыл айтамын» деген жоқ. Өз ісімен үлгі көрсетті. Тәрбие тек қана жақсы сөз бен өсиет айту емес. Балаға ісіңмен үлгі болу.

Шындықты жалғыздар іздейді

- Әлеуметтік желіден бір жола кетуіңізге «сөз бостандығы» әсер етті ме?

- Жоқ, әсер еткен жоқ. Әрине, менің желідегі парақшаларымды біреулер бірнеше рет жапты. Бірі қайтаруға ақша талап етсе, бірі мүлдем парақшамды қайтармады. Бірнеше рет жаңасын аштым. Маған ешкім «Мынаны жазба, айтпа» деп жатқан жоқ. Мүмкін менің кейбір пікірлерім өткір шығар, кейбір мәселелерге көзқарасым басқаша. Шындықтың жолы қиын. Көпшілікпен кейде келіспей қаламын. Өйткені, көпшілік көбіне қателеседі деп ойлаймын. Шындықты іздеп жүрген адамның жолы өте жіңішке. Шындықты жалғыздар іздейді. Сондықтан менің жолым қиын. Біржағынан көпшілікпен адасқым келмейді. Менімен атой салып, мені қолдап жүрген адам көп емес. Кейде шаршайсың. Мәселен, мен кино түсіру кезінде адам аяғы баспаған алыс жерлерде жүремін. Қазақстанды осылай екі рет айналып шығыппын. Ол жерге бір депутат, бір де бір министр өз еркімен бармайды. Барған соң жергілікті халықпен араласамыз, қонақ боламыз, олардың жағдайын, әңгімесін тыңдаймыз. Халықтың қазіргі күйін мен теледидар мен газеттен емес, өздерінен естимін. Сондықтан мен көргенімді айтып жүремін. Қимайсың, әрине. Оның үстіне мен 12 жыл сыртта жүрген адаммын. Өркениетті елдерде өмір сүрдім. Салыстырмалы түрде айта аламын. Содан кейін сыртта жүріп, қайтып келгеннен кейін көзің өткір болады. Іште жүргенде мына өмірге сіңісіп, байқамай қаласың. Ал басқа елдердің қалай өмір сүріп жатқанын көргеннен кейін біздегі кемшіліктерді айтасың. Мен қазаққа көп сын айтамын. Қазақтың мені жақтырмайтынын да білемін. Бірақ сын айтуға менің хақым бар. Өйткені мен өзім қазақпын. Бірақ сыртқа шыққанда ұлтыма тіл тигізбеймін. Кейде «Неге осындаймыз? Алтын сандықтың үстінде отырып алтынды пайдалана алмай жүрміз» деп зығырданым қайнап кететіні рас. Шындық қазіргі қоғамда, қазіргі қазаққа ешқашан ұнаған емес. Елу жылда ел жаңа дейді. Ал мен отыз жылдың ішінде еліміз мүлдем өзгеріп кетті деп айта аламын. Қай саланы алып қарасақ та іштей күйінесің. Мұндайда үнсіз отыру да мүмкін емес. Жақсы жаңалық естігің келеді, жалған жаңалықтардың арасынан шынын таба алмайсың. Мен теледидар көрмейтін, газет оқымайтын, әлеуметтік желіде отырмайтын болдым. Өйткені бізде қазір журналистика қалмады. Бұл журналистика емес, пропаганда. Екеуі екі түрлі нәрсе. Әлеуметтік желіде отырмауымның тағы бір себебі жалыққандығым шығар. Айтқанымды еститін ешкім жоқ.

Қазір журналистика қалмады

-Бірінші мамандығыңыз – журналис екенін білеміз. Қазақ журналистикасына қандай баға бересіз?

-Қазір мемлекетте асып бара жатқан жаңалық жоқ. Күнделікті жаңалықтар қайталана береді. Хабар арнасындағы бір жыл бұрынғы жаңалық бүгін болып жатқандай. Өзгеріп жатқан ештеңе жоқ. Бәрі керемет. Ал КТК-ны қоссаң бәрі қирап жатыр. Сондықтан теледидарды қараудың пайдасы жоқ. Босқа уақытыңды алады. Газеттер де сол. Мен алғашқы еңбек жолымды газеттен бастаған адаммын. Сол кезде республика бойынша төрт қана ірі газет бар еді. Таралмымдары 350 мыңға дейін жететін. Ал телеарналардан үш қана ірі арна бар болатын. Олар аз болса да оқуға тұратын, сапасы жоғары газеттер еді. Қазір не көп? Газет-журнал көп. Бірақ оқитын қызық ештеңе жоқ. Қазір теледидарды қоссаң да жүзден астам арна бар. Алайда көретін ештеңе жоқ. Біздің бағдарламаларымыздың деңгейі «Қалаулымнан» аса алмай, өсекке бейім болып кетті. Сондай бағдарлама жасайтындар рейтинг қуамыз деп, көрерменін сыйлаудан қалды.

Ауылдарымыздан айырылып барамыз

- Жалпы кино түсіруге идеяны қайдан аласыз? Сценарий ең бірінші сіздің ойыңызда жазыла ма?

-Маған жаңа ойлар өте сирек келеді. Менің портфелімде өте көп сценарий жатыр. Оны мен баяғыда жазып қойғанмын. Олар өздерінің жарық көретін уақытын күтуде. Кейбір сценарийлер уақыты келмесе мүлдем түсірілмейтін де шығар. Оған жағдай керек. Жағдай тек қана ақшаға тірелмейді. Өзіңнің көңіліңе байланысты. Мысалы, мен «Жат» деген фильмді түсіргенде сценарий портфелімде 25 жыл жатқан. Ондай сценарийлер көп. Бейбарыс сұлтанға арналған сценарийдің портфелімде жатқанына 22 жыл болды. Мен оны түсірген жоқпын. Түсірмегенімнің себебі мен осы тақырыпты алып шығуға дайынмын ба деген күдік болатын. Ал қазір мен Бейбарыс сұлтанды түсіре аламын. 22 жылда дайынмын деп айта аламын. Бірақ маған осы тақырыпты түсіруге мәселені шешетін азаматтар сенім білдіре ме? Асығыстық танытпаймын, түсірілмей қалуы да мүмкін ғой. Елімізде тарихи тақырыптарда «Қазақ хандығы», «Томирис», «Бауыржан Момышұлы», «Күләш» сынды кинолар түсіріліп жатыр. Бұлар ең бірінші өте күрделі, терең тақырып. Егер барлық фильмді осылай түсіретін болса, түсірмей-ақ қойғаны жақсы. «Абай» туралы бірнеше фильм түсірілді. Қарадым. Бірде-бір Абайға көңілім толған жоқ. Фильмде Абай да, Томирис те жоқ. Егер режиссер осындай тақырыпқа кірісіп жатса сұраныс бірінші өзінен болуы керек. Сен осы тақырыпты көтере аласың ба? Осындай тақырыпты көтеруге дайынсың ба? Өз-өзіңнен сұрауың керек. Әрине, жобаның ар жағында үлкен қаржы жатыр. Кейде режиссер үлкен тақырып өзін сүйреп шығарады деп ойлайды, керісінше ол тақырыпты сүйреп шығара ала ма? Сондай сұрақ қою керек. Кеше рекетирді түсіріп, бүгін Тұмарды түсіреді, ал ертең Елбасы туралы кино түсіре береді. Кез келген тақырыпқа жүгіре береді. Сонда режиссердің көрермен алдындағы жауапкершілігі қайда?

1991 жылы мен Мәскеуден кино режиссері мамандығы бойынша білім алып елге келгенде «Қазақфильм» жабылып қалыпты. Тек Сатыбалды Нарымбетов ағамыз ғана кино түсіріп жүр екен. Ол кезде жылына бір кино шығатын. Ал қазір жылына 76 толықметражды фильм түсіріледі екен. Соның 90 пайызы комедия. Комедия болғанда да «Жена - не стена», «Не Египте мне мозги!», «Бизнес по Казахски» деп кете береді. Бір жағынан күлкілі жағдай. Бірақ күлкінің де түр түрі болады емес пе? Біздікілердің жаппай түсіріп жүргені құр ыржың, мағынасыз күлкі. Негізі қазақ күлкіге өте жақын халық болатұғын. Әсіресе ауылдағы үлкендердің бір-бірімен әзілі жарасатын. Ол жай күлкі емес, астарлы, мағыналы күлкі. Кейде күліп алғаннан кейін жылағың келеді. Ойландыратын күлкі болады. Ал қазіргі комедиядағы күлкі ең арзан күлкі. Тіпті күлкі емес, у. Сол киноны түсіріп жүргендер көрермендерін улап жатыр. Оларға қой деп жатқан адам жоқ, ал өздері не істеп жүргендерін білмейді. Егемендік алғаннан кейін кез келген адам кино түсіре беретін болды. Бірақ өнер адамында жауапкершілік деген болуы керек. Сен осы өнерге не үшін келдің? Айтарың бар ма? Қандай шындықты іздедің? Жоқ, әлде ақша табу үшін келдің бе? Кино түсіргенде сен адамды бір жарым сағатқа ойландыруға, миын қосуға келесің. Ал қазіргі кинолар бір жарым сағатта миыңды өшіріп тастайды. Шыққаннан кейін не көргенін көрермен айта алмайды. Тек қана уақыт өткізу. Өмір де уақыт емес пе? Осылай ол да өтіп барады. Кейде кино түзелсінші деп сын айтасың. Бәрі ренжиді. «Қызғанасың, пайда іздейсің» деп шығады. Сосын қазір кітап жазбайтын адам жоқ. Бәрі кітап жазғыш болды. Қазір біз постмодерн заманында өмір сүріп жатырмыз. Шығып жатқан кітаптардың бәрі көркем әдебиет емес. Шығып жатқан кинолардың бәрі кино емес. Ал дайындықсыз келген, оқымаған көрерменді алдау оңай. Ол көріп жатқаным кино шығар, оқып жүргенім кітап шығар деп ойлайды. Өйткені олар нағыз киноны, нағыз әдебиетті оқымаған. Мұның артында үлкен саясат жатыр. Менің айтайын дегенім, біздің мемлекетімізде идеология жоқ. Ал мына болып жатқан идеология жасанды идеология. Оны бақылап отырған бірде-бір адамды көріп жүрген жоқпын. Жаңағы постмодерн заманы дегеніміз де осы. Оны ажырата алатын көз керек. Бірақ көзбен қарағаныңды, миыңмен көресің. Құлақпен естисің де, миыңмен тыңдайсың. Бәрі миға байланысты. Ал осының бәрі лайланып кетсе сен шатысып кетесің. Қазіргі жастар 3 минуттық видеоны көре алмайды. Өйткені назары тарап кетеді. Мұны ғылымда zapping ауыруы дейді. Теледидардағы арналарды ауыстыра беретін, бірақ ешқайсына тоқтап 3 минуттан көп көруге шыдамайтындар. Қазіргі жастардың көбі смартфондағы қысқа видеоларды ғана көреді. Сосын ми қалыптасып қалады да, үлкен ақпаратты қабылдай алмайтын болады. Кітап оқиын десе де сол. Қазіргі гугл, ютуб сынды іздегіштерде тек жалпылама ақпараттар беріледі. Сондықтан бұл тек сипап өткен білім.

Жаз бойы Алматы маңында орналасқан Бесмойнақ деген ауылда тұрып, кино түсірдім. Сонда бір байқағаным ауыл қаңырап бос қалған. Мәдениет үйі де, жол да, газ да, жарық та жоқ. Жастар жұмыс істеп қалаға кеткен. Сол Бесмойнақта бұрынғы өмірдің елесі ғана қалған, үйлер қаңырап бос тұр. Ауылда тек кемпір шалдар мен балалар қалған. Негізі біз ауылдарымыздан айырылып барамыз. Бұрын бізде шалдар көп те, ақсақалдар аз деп айтып едім. Сол үлкендер кеткеннен кейін ауыл да қалмай ма деп қорқамын. Бізде ақыл айтар ақсақал жоқ.

Әр халық бұл кинодан өз ұлтын көрді

- Өзіңіз айтқан ойланбаудың әсерінен «Оскар» алуға дейін барған «Келін» киносын көп көрермен әлі де түсінбей келеді. Өткенде кітап дүкендерінен сіздің «Келін» кітабыңызды көріп қалдым. Қағаз бен қалам алуыңызға не түрткі болды?

-Мен қаламның адамымын. Ең бірінші сценарийді қағазға түсіремін. Ішінде киноға сұранып тұратындары болса кино түсіремін. Киноға келмей жатса әдеби түрде қала береді. Ал келіннің оқиғасы неден басталды? Маған қырғыз режиссері Актан Арым Кубат келіп кішкентай оқиғаны айтып берді. Тауда бір аңшы әйелімен бірге тұрады. Қыста қар жауғанда таудың жолын жауып тастайды да олар қамалып қалады. Жыл сайын сондай. Бір жылы аң аулауға шыққан аңшы жігіт өлім құшады. Әйелі ерін жер қойнына көмейін десе жер қатып қалған, ауылға апаратын жол жоқ. Содан ол аңшыны киізге орап үйінің кіреберісіне көктемге дейін қойып қояды. Қырғыздың тауында шынымен де осындай оқиға болыпты. «Осыдан кино түсіруге бола ма?» деп келіпті Актан. Қызық екен деп мен ойлана бастадым. Содан «Келін» деген  сценарийді жазып бітірдім. Онда көне замандағы таудағы тайпаның тіршілігі бейнеленді. Ал біздің депутаттар «Ермек қазақтың атына кір келтірді. Келін деген қасиетті ұғымды қаралады. Қазақ ешкіден тараған ба?» деп мені кінәлады. Мұндай ойлар қандай мида туындайды. Кино түсіргенде менде мұндай ойлар мүлдем болған жоқ. Біріншіден, бұл қазақ емес. Басында ІІ ғасыр деп жазулы тұр. Иә, рас қазақ режиссері түсірді, қазақ актерлері ойнады. Бірақ бұл қазақ жайлы фильм дегенді білдірмейді ғой. Бұл екі. Үшіншіден, бұл көркем дүние. Одан тарихи деректі іздеудің қажеті жоқ. Осыны сол кезде сөз қылып таратып жіберді де, қаншама қарсы мақалалар шығып жатты. Сонда менің таңқалғаным, кино Оскарға кетті. Еуропа, Азия мен Франция, Италиядағы фестивальдерден жол жөнекей 12 бас жүлдені жеңіп алды. Халықаралық танымал журналдардың алғашқы мұқабасына басылды. Ал елге келсем мені жерден алып жерге салып, тергеуге дейін бардым. Келін басында әдеби шығарма болатын. Ол жердегі ең басты ой әйелдің мықтылығы туралы. Бірақ киноның арғы жағында не жатқанын сол кездегі көре де, сезе де алмады. Кілтін таппады. Франция, Жапония, Италия мен Америкада бұл кино үлкен танымалдылыққа ие болды. Әлі есімде Италиядағы фестивальде кино біткеннен кейін халық 15 минут үндемей отырды. Одан кейін қол шапалақтады. Бас жүлдені табыстаған актриса Катрин Денев «Мен туралы түсіріпсіз» деді жылап тұрып. Кинодағы басты кейіпкер – ана. Адамзаттың анасы. Ол ылғи да жеңіске жетеді. Қандай қиянатқа тап болса да, қандай қиындық көрсе де жеңеді. Сөзсіз түсірілген кино болғандықтан да шығар әр халық бұл кинодан өз ұлтын көрді. Жапондар «бұл біздің киномыз» десе, италиялықтар «біздің оқиғамыз» деді. Өйткені бұл космополиттік кино. Ал оны біздің көрермен түсінген жоқ. Түсінбейді де. Оны талдап айтқан да жоқпын. Мүмкін тағы бір елу жылдан кейін түсінер. Келінде ашылмаған көп құпия бар. Оны мен біраз уақыт өткеннен кейін ғана айтып кететін шығармын.

-Қазір қай жастан сұрасаңыз да елден кетуге асық. Ал сіз осы уақытқа дейін бірнеше елде өмір сүріп көрдіңіз. Жастардың бұл мақсатын қолдайсыз ба?

-Қолдаймын деп айта алмаймын. Түсінемін. Өйткені олар өз саналарында осы мемлекеттен асып кеткен. Мен Жазушылар одағына алғаш келгенде алдымнан Қалтай Мұхамеджанов, Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкей, Әкім Тарази сынды тұлғалар жүрді. Ақселеу Сейдімбекпен екі жыл бір кабинетте отырдым. Күнде осындай адамдармен жүздесудің өзі үлкен мектеп болатын. Қазір осындай тұлғалар бар ма? Жоқ. Уақыт өткен сайын адамның қадіріне жетеді екенбіз. Әсіресе, айырылып қалғаннан кейін. Қазір осындай алыптардан ешкім қалмады. Іздейсің. Сөйлесетұғын, араласатын адам жоқ. Әркім бір-бірінің аузына түкіріп қойғандай қозғап жүрген тақырыптары бірдей. Пайда, ақша, атақ, қызмет. Мына заманға өзімді жат адамдай сезінемін. Қайта мен Америкада, батыста өмір сүрдім. Қазақ аштыққа, жоқшылыққа шыдай алады екен. Бірақ тоқтыққа шыдай алмайды екен. Қазір аштан өліп жатқан ешкім жоқ. Дүкендерде нанның неше түрі бар. Біздің бала күнімізде нан екі-ақ түрлі болатын. Жастарды «кетпе» деп ешкім ұстап тұра алмайды. Кетпе десек жағдайын жасап беруіміз қажет. Бізде қылаяғы білім дұрыс берілмейді. Көбі дипломын сатып алады. Менде бір кездері елден кеткенмін. Бізде орысша оқығандарды «шала қазақ» деп мазақтап, өздерін ұлт жанашыры ретінде көрсеткісі келетіндер көп. Мен бүкіл әлемді аралағанда бірде-бір мемлекетте «шала қытай, шала неміс, шала жапон» деген сөзді естіген емеспін. Шетелде жүргенде менен ешкім «Ұлтың кім? Руың кім?» деп сұраған жоқ. Олар сенен «Адамсың ба?» деп сұрайды. Біз әлі санамызда ХІХ ғасырда жүрміз. Біздің бүгінгі талқылап жүрген мәселелерімізді өркениетті елдер әлдеқашан шешіп, ұмытып та кеткен. Қазақты тұңғиыққа батыратын бірінші қасиет -кәсіби патриотизм. Екінші – мақтаншақтық. Негізі психологиялық тұрғыдан қарасақ мақтаншақтық -ауыру. Нағыз зиялылар өздеріне күліп қарайды. Егер адам өз-өзіне күле алса ол тереңдіктің белгісі. Қазақ өз-өзіне күле алмайды, ал күлсе көтермейді. Үшіншіден бізде өтірік көп. Өзімізді алдаудан шаршамаймыз. Дарақылық көп. Қанша мемлекетте тұрсам да, дәл біздей кредит алып той жасаған елді көрген жоқпын. Көршің тойына жүз адам шақырса, сен екі жүз адам шақырып мақтанасың. Бұл да дерт. Ата-бабамызды айтып мақтанамыз. Бүгін ешбір жетістікке қол жеткізбей жатқан соң, тарихтан жәрдем іздейміз. Дүние баяғыда алға кетіп қалған. Оған жете алмаймыз. Оданда осылай өз өтірігімізбен өзімізді алдаған оңай.

Сұхбаттасқан Көктем ҚАРҚЫН

Байланысты жаналықтар

«Шырмауық» фильмі жуырда көрерменге ұсынылады

08.11.2024

Жақып Омаров: Қазақ театр өнерінің қаһарман ұлы

07.11.2024

«Бауырына салу» фильмі «Оскарға» ұсынылды

30.09.2024

Министр Райымқұлова – ойыншық

20.05.2021

Сатыбалды Нарымбетов. Жастармен жарысуға болады

07.03.2021

Қазақтың Тайлағы киноға қалай келді?

19.01.2021
MalimBlocks
«Шырмауық» фильмі жуырда көрерменге ұсынылады

«Шырмауық» кинокартинасының сценарий авторы және қоюшы режиссері Азамат Шарғынның бұл дебюттік жұмысы

Жақып Омаров: Қазақ театр өнерінің қаһарман ұлы

Биыл көрнекті режиссердің туғанына 85 жыл

«Бауырына салу» фильмі «Оскарға» ұсынылды

Министр Райымқұлова – ойыншық

Сатыбалды Нарымбетов. Жастармен жарысуға болады

Қазақтың Тайлағы киноға қалай келді?