Магистратура мен докторантура емтихандарында заманауи жүйелер пайдаланылады

Malim Админ

  • 09.07.2020

Қандай елдің болмасын білімі мен ғылымы қандай қиын жағдайда да дамуын тоқтатпауы керек. Бұл бұған дейін өзін өзі сан мәрте дәлелдеген аксиома: ғылымы озған елдің өзі де озады. Биылғы коронавирусқа байланысты әлемді жайлаған пандемия экономикасы мұнай мен қазба байлықтарға, шикізаттарға тәуелді елдердің жағдайы төтенше жағдай кезінде тез қиындап кететінін тағы бір мәрте дәлелдеп берді. Осыған қарап-ақ, әлемдегі экономикалық-әлеуметтік белсенді, бәсекеге қабілетті елдермен бәсекелесу үшін басты талап – ғылым мен білімді дамыту екенін түсінесің.

Әрине, білім мен ғылым мектеп партасынан ғана емес, балабақшадан бастап дамуға тиіс. Одан әрі білімді ғылыммен ұштастыру - университетте жалғасады, одан әрі әрине, магистратура мен докторантура. Міне, біздегі білім-ғылым жүйесіндегі ғылым жолына біржола түсудің негізгі баспалдағы осы магистратура мен докторантурадан басталады. Одан ары қарай ізденісін тоқтатпаған адам ғылымды тәжірибеге, тәжірибені өндіріске ұштастыруы керек. Демек, қандай жағдайда да ғылым баспалдағын аттаймын деген талапкерге мүмкіндігін сынап көретін мүмкіндік болуы тиіс. Тіпті, шетелдердегі үздік университеттерде оқу мүмкінлігін беретін «Болашақ» стипендиясы да, түптеп келгенде, осы ғылымды дамыту үшін, сапалы, білімді, заманауи мамандар дайындау үшін ойлап табылған бағдарлама болатын. Соңғы жылдары магистратура мен докторантурада оқитын магитрлер мен докторанттар да шетелдерге барып, белгілі бір мерзім ішінде білімін ұштап, тәжірибесін көтеріп қайтуға мүмкіндік алады. Бұл шетелдік замандастары қай деңгейде жүр, өзі қай деңгейде тұр, соны анықтау үшін де маңызды. Тіпті, тәжірибе алмасып, оқу бітірген соң да бірге жұмыс істейтін әріптес тауып қайтуы мүмкін, бұл үлкен олжа. Демек, ғылымның дамуында үлкен роль атқаратын магистратура мен докторантураны оқыту, оған түсуге мүмкіндік беру – ғылымға жасалған алғашқы қамқорлық деп есептеуге болады.

Биыл магистратура мен докторантураға түсу үшін қойылатын талаптарға қандай өзгерістер енгізілді?

Оқығандар немесе тапсырып көргендер жақсы біледі, бірнеше жылдан бері мектептен бастап үш тілді білім беруге көшкен қазақ білім-ғылым жүйесінің ең басты әрі ең ауыр талабы – ағылшын тілінен емтихан тапсыру. Өз саласы бойынша білімді студенттің бір сүрінетін жері де осы шет тілі. Демек, бұл алғашқы қадам жүйе үшін де, талапкер үшін де маңызды. Биылғы пандемия жағдайында Білім және ғылым минстрлігі бұл тарапта бірқатар жеңілдіктер қарастырыпты. Жеңілдік болғанда, емтихан сұрақтары мен талаптарын жеңілдетті деп түсінуге болмайды, әрине. Мұндағы басты жеңілдік – емтихан тапсырудың оңтайлы болуы. Бұрындары емтиханды белгілі бір аудиторияларда тапсыратын талапкерлер биыл қайтеді? Денсаулықты сақтау – басты міндетке айналған қазіргі уақытта емтиханды онлайн режимге ауыстырса, талапкерлер заңды белден басып, жолын тауып, жоғары балл алуға мүмкіндік беріп қоймай ма?

Қазақстанның білім және ғылым министрлігі мұның жолын тапқан сияқты. Магистратура мен докторантураға түсу үшін Duolingo мен IELTS INDICATOR онлайн оқыту жүйелері арқылы тест тапсыру жолын таңдапты. Яғни, ағылшын тілін білу деңгейін анықтайтын IELTS халықаралық емтиханын дәстүрлі түрде тапсыру мүмкіндігі жоқ болғандықтан, әлемге танымал екі онлайн тіл үйрету қосымшасының онлайн тестілеуінен өтіп, сертификатын ұсынуға болады. Бұл шешім, бәлкім, пандемия біткен соң да күшінде қалатын шығар. Өйткені, қазірдің өзінде бұл оқуға тапсыру кезіндегі бармақ басты, көз қыстылықтың жолын кесетінін дәлелдеп отыр. Мұнда талапкерге қосымша шпоргалка мен қандай да бір көлденең көмектерді пайдалану мүмкін емес. Бөлмеде ешқандай басы артық қозғалыс болмайды, басқа қандай да бір құрылғылар іске қосылса бағдарлама бірден анықтай алады. Осы және өзге де артықшылықтарын есепке алсақ, аталған екі қосымшаның тестілеу қорытындысы әлдеқайда әділ болатыны өз алдына, пандемия кезіндегі қауіпсіздікті сақтау талабы үшін де оң жамбасқа келіп тұр. Оның үстіне, соңғы жылдары емтиханды автоматты түрде тапсыру, адам қолының араласуынсыз тапсыру туралы аз айтылып жүрген жоқ. Бұл онлайн емтихан соның бастамасы болуы әбден мүмкін.

Сонымен, Білім және ғылым министрі Асхан Аймағамбетов жоғары оқу орындарын бітірген түлектерге магистратура мен докторантураға түсу үшін Duolingo English Тest және IELTS INDICATOR арқылы тест тапсыруға болады деген бұйрықты бекітті. Ол қол қойған құжат бойынша, тестілеудің ең басты ерекшелігі – көшіріп алуға мүмкіндік бермейтін, арнайы автоматтандырылған ақпараттық жүйелер арқылы электронды түрде өтетіні. Тек электронды форматта.

Министрлік ұсынған мәліметте бұл екі онлай бағдарлама арқылы тест тапсыру жайлы:

«Duolingo English Test және IELTS INDICATOR тапсыру кезінде прокторингтің заманауи жүйелері пайдаланылады. Duolingo English Test Плющ Лигасының университеттері, Russell Group, Назарбаев Университеті және әлемдік деңгейдегі көптеген жоғары оқу орындарымен танылады. Жалпы Duolingo жүйесінде тіркелген пайдаланушылар саны шамамен 300 млн адамды құрайды. IELTS Indicator – пандемия жағдайында тапсыруға болатын IELTS академиялық модулінің жаңа онлайн тесті», делінген.

Және бір айта кетерлігі, магистратураға түсу үшін «Duolingo English Test бойынша шекті балл 95-тен кем емес, IELTS INDICATOR бойынша – 6,0-тен кем емес. Докторантура үшін Duolingo English Test бойынша шекті балл 85-тен кем емес, IELTS INDICATOR бойынша – 5,5-тен кем емес» болу керек.

Duolingo English Test алған сертификат 1 жылға дейін жарамды, ал IELTS INDICATOR арқұылы тапсырған емтиханның сертификаты 2 жылға дейін жарамды. Демек, биылғы көрсеткішің жақсы болғанмен, өзге конкурстардан өте алмай қалған талапкерлерге тағы бір мүмкіндік бар деген сөз.

Тағы бір тоқтала кететін мәселе, бұл сертификат бәріне бірдей міндетті емес, тек докторантураға тапсырушылар үшін ғана міндетті. Ал, магистратураға тапсырушылар үшін кешенді тестілеу барасында да шет тілі бойынша тест тапсыруға да мүмкіндік берілген. Duolingo English Test, IELTS INDICATOR халықаралық сертификаттарын ұсынуына да болады. Дагистратураға түсушілерге екі мүмкіндік беріліп отыр деуге болады. Онлайн түрдегі ұпайыңа сенбесең, дәстүрлі түрде тағы бір мүмкіндігіңді сынап көр...

Оның үстіне, бұл онлайн тапсыратын тестілеулер – ақылы жүреді, сол себепті, оқуды жаңа бітірген студент үшін ақылы онлайн тестілеуден өту де ойланатын мәселе екенін ескеру керек.

Айта кету керек, магистратураға оқуға түсу үшін өтінішті де онлайн түрде беруге болады (15 маусым мен 15 шілде аралығында (ҚР Білім және Ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының сайты арқылы https://pvo-zayav.testcenter.kz арқылы). Сонымен қатар, ЖОО-лардағы қабылдау комиссиялары арқылы да құжат тапсыруға болады. Магистратураға тапсыру үшін ешенді емтихан (КТ) 1-15 тамыз аралығында, конкурсқа қатысу үшін өтініштер 16-20 тамыз аралығында жүргізіледі.

Докторантура бойынша да онлайн өтініш қабылдау 3 шілде мен 3 тамыз аралығында (ҚР Білім және Ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының сайты арқылы https://pvo-zayav.testcenter.kz арқылы) және ЖОО қабылдау комиссиялары арқылы құжат тапсыру қарастырылған. Емтихандар 4-20 тамыз аралығында жүргізілмек.

Байланысты жаналықтар

Демеу Жадраев, Нариман Құрбанов және Ғұсман Қырғызбаевқа оқу гранты берілді

03.09.2024

Магистратура тестілеуінің қорытындылары жарияланды

10.08.2024

Бүгін докторантураға түсуге құжат қабылдау басталды

11.07.2024

Биыл қандай мамандыққа көп грант бөлінетіні белгілі болды

20.06.2024

Жоғары оқу орындарына грант бөлінді

27.06.2023

51 мың талапкер ҰБТ-дан құлады

07.07.2022
MalimBlocks
Демеу Жадраев, Нариман Құрбанов және Ғұсман Қырғызбаевқа оқу гранты берілді

Париж Олимпиадасында ел қоржынына түскен 7 медальдің бесеуін академия түлектері иеленген

Магистратура тестілеуінің қорытындылары жарияланды

Биыл 39 мыңнан астам тест тапсырған

Бүгін докторантураға түсуге құжат қабылдау басталды

Емтиханға қатысу құны — 21 072 теңге.

Биыл қандай мамандыққа көп грант бөлінетіні белгілі болды

Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінен мәлім етті

Жоғары оқу орындарына грант бөлінді

Ғылым және жоғары білім министрлігі 2023-2024 оқу жылына арналған білім беру гранттарын бөлу тізімін жариялады.

51 мың талапкер ҰБТ-дан құлады

ҰБТ қорытындысы бойынша Ұлттық тестілеу орталығы қорытынды жариялады