Педагог: Мақсатым – мұғалімдікті брендке айналдыру
Мұғалім мәртебесі деген ұғымды қатты драматизациялап жіберетін секілдіміз
Аяулым Әбілда – педагогика ғылымдарының магистрі. Қазір Алматыдағы жеке мектептердің бірінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріп жүр. Ол цифрлық дәуірде шәкірттеріне қазақ тілін оқытудың жаңа әрі тың әдісін ұсынып келеді. Нақтырақ айтқанда, тіл бағытындағы дәрістерді подкаст арқылы сіңіру. Тәжірибесі толысқан мұғалім тәрбиелеген шәкірттер республикалық, облыстық конкуртарда талай мәрте озық шығып, жеңістің қиясынан көріне білген. Білікті педагогпен ұстаздық саланың қыр-сыры жөнінде сұхбаттастық.
- Қазіргі цифрлық кезеңде қай сала болмасын таңғалдыру қиын. Өзіңіз мұғалімдік қызметті қатарластастарыңызға заманауи мүмкіндіктерді қолдана отырып дәріптеп жүрсіз. Әлеуметтік желіде «Мұғалім күнделігі» атты парақша жүргізеді екенсіз. Бұл жобаны бастауға не түрткі болды? Ол жерде қандай тақырыптар қозғалады?
- Білім саласымен айналысамын деген шешімге келгенде алдыма қандай миссия қоямын деп көп ойландым. Себебі, аталмыш бағыт зор ізденісті талап етері хақ. Бұл салада мен қандай із қалдыра аламын деп ойланып жүргенде өзіме миссия да, мақсат та таптым. Ол - мұғалімдікті брендке айналдыру. Себебі қоғамда ұстаздардың образы тартымды емес еді. Көзінде көзілдірігі, қолында кітабы мен дәптері бар. Үнемі шаршап, стрессте жүреді. Мұндай образды көрген адам қалайша мұғалім болғысы келеді? Менің ойымша, бәрі образдан басталады. Жас түлектердің басқа мамандықтарға қызығуы да осы себептен деп ойлаймын. Ұстаздық блогымды бастауда осындай миссия жатыр. Телеграм каналымда білім беру туралы өзіндік тұжырымдарымды, оқығандарымды жазамын. Мектепте болған қызықты оқиғаларды, ұстаз ретінде елең еткізген жағдаяттарды жазамын. Осылайша өзі тәжірибеммен бөлісіп отырамын. Мұндағы мақсат - мұғалімдердің де өз үні, өз тынысы бар екендігін жеткізу. Сонымен қатар мұғалімдердің де өмірі қызықты екенін, өздерінің де қызықты тұлға екенін көрсеткім келеді. “XXI ғасыр мұғалімінің” миссиясы осы.
- Ұстаздың абырой-беделі өзі өмір сүретін қоғамның да боямасыз картинасын көрсететіні анық. Десек те, олардың қаржылық жағдайы түзелген соң аталмыш салаға ағылған жастар көбейді. Педагог қызметіне адамның жан қалауымен, өздігінше бет бұруы үшін қайтпак керек?
- Мұғалім де өз еңбегі үшін ақысын алып жүрген маман иесі. Басқа мамандықтан ерекшелігі адам тағдырымен, болашағымен тікелей жұмыс істейтіндігінде. “Бір әріп үйреткенге қырық жыл сәлем” деген сөз бекер айтылмаса керек. Сондықтан да бұл қызметтің қоғамдағы рөлі ерекше болуы тиіс. Мұғалім мәртебесі деген ұғымды қатты драматизациялап жіберетін секілдіміз. Сонша ұлықтағанмен соған сай құрмет көрсетілуі тиіс еді. Кейде ата-аналардың тарапынан мұғалімдерге деген қарым-қатынас көңіл көншітпейді. Мұғалімнің тарапына айтылатын сын да, мін де көп. Қазір бұл картина аз да болса өзгеріп келеді. Адам мұғалім мамандығына кездейсоқ келмеуі керек. Бұл мамандықты жүрегімен қалап, сүйіп келу керек. Олай болмаса, күнделікті жұмыс тек күнкөріс қамы үшін болып қалады. Сонда ғана одан мықты маман шығады. Үлкен мақсатпен келгенде ғана мамандыққа адал болып, соңына дейін қызмет ете аласыз. Жүрегімен қалап келгенде ғана мұғалім өзінің кәсіби имиджін қалыптастырады. Сонда қоғамның да, ата-ананың да, оқушының да алдында мәртебесі үстем болады.
- Кейінгі жылдары мұғалімдердің мәртебесін көтеру мәселесі жиі қозғала бастады. Нақты жүзеге асқан шаруалар да баршылық. Сіздің ойыңызша, ұстаздың рөлін күшейту үшін тағы қандай әрекеттер қолға алынуы қажет?
- Иә, ұстаздардың мәртебесін көтеру үшін мемлекет тарапынан біршама істер атқарылуда. Дегенмен мұғалім мәртебесі бір ғана жалақымен көтеріле қоймайды. Жапон халқының мұғалімдерге деген қарым-қатынасынан үлгі алуға болады. Ол жақта мұғалімдерге көптеген жеңілдіктер қарастырылған: қоғамдық көлікте тегін жүреді, метрода арнаулы орын беріледі, көшелерде арнайы мұғалімдер үшін дүкен бар. Жапонияда мұғалімдер мерекесі деген жоқ, олар үшін әр күні ұстаздар күні. Ал енді Қазақстанның жағдайында ұсынатын шешімім - білім беруді медиамен байланыстыру. Медиа - қоғамдық пікірді қалыптастыратын мықты құрал. Мұғалімдердің мәртебесін көтеруде медианың осы күшін қолдану керек. Мұғалімдердің әлеуметтік желідегі белсенділігі артып келеді. Мұғалім блогтары бар, цифрландыруды да игеріп жатыр. Алайда ютубтың өзінде мұғалімдерге арналған подкасттан басқа ресурс жоқ. Телеарналарда да білім беру саласы бойынша бағдарламалар кездеспейді. Медиада мұғалімдерге әртүрлі тақырыпта тәжірибемен бөлісуге арналған ток-шоу, талқылау алаңдары ұйымдастырылса, біраз мәселенің басы қайырылатын еді, тиісті орындарға естілер еді. Айтатын ойы орнықты мұғалімдер жетерлік. Мұғалімдер өзіне қатысты мәселе туралы өздері сөйлеуі керек. Сонда мәселелердің турасы да анықталады ғой. Бір өкініштісі, мектептегі біз білмейтін мәселелер сол мектептің шеңберінде қалып кетіп жатыр.
- “XXI ғасыр мұғалімі” миссиясын алға қойып жүрсіз. Бұл ретте бірінші жұмыс педагогикалық этикадан басталуы қажет секілді...
- Иә, бұл сипаттардың барлығы да өте маңызды. Өзім көріп жүрген ұстаздардың бойынан байқап та жүрмін. Дегенмен педагогикалық этиканы сақтамайтын әріптестерім де жоқ емес. Мұғалімдер ең алдымен бір-бірін қолдап отыруы керек. Өкінішке орай, жас мамандарды қолдап, білмегенін үйретіп отыратын аға буын ұстаздарымыз аз. Жас мамандарды өзіне бәсекелес көріп, жұмысынан ілік іздейтіндер кездеседі. Мұнымен біраз үзеңгілестерім келіседі деп ойлаймын. Аға буын жастарға керісінше ағалық ақылын айтып отырса тамаша емес пе? Білім саласына келген әрбір жас маман қолдауды қажет етеді. Жас мамандар ғана емес, өз арасында да сағат үшін таласатын ұстаздар бар. Бұл көбіне мемлекеттік мектептерде болатын құбылыс. Жан бағыстың қамы, әрине. Бірақ сағат санының көптігі білім сапасына кері әсер етеді. Сонымен қатар педагогтердің ұжым алдында және оқушылардың көзінше бір-бірімен сөзге келу мәселесі бар. Осылайша оқушының алдында өзінің де, әріптесінің де беделін түсіреді. Ұстаз деген қоғамдағы үлгілі тұлғалардың бірі. Үлгілі деген атқа сөзімізбен де, ісімізбен де сай болуымыз керек сияқты. Педагогтердің білімін, білігін арттыруда талай курс ұйымдастырылып жатыр. Бірақ педагогикалық этиканы, білім берудегі толеранттылықты үйрететін алаңдарды кездестірмедім. Бұл мәселелердің бәрін реттейтін педагогикалық әдеп нормалары бар. Осы ереженің аясында мұғалімдерге педагогикалық этика міндеттеледі. Ол жерде киім үлгісінен бастап жүріс-тұрыс ережелерінің барлығы бекітіледі. Өкініштісі, бұл талаптар мұғалімдер арасында көп жағдайда ескерілмейді.
- Мұғалімдер қазіргі заман ағымына да ілесуі тиіс. Заманауи ұстаздың сипаты қандай?
- Енді жоғарыда өзім айтқан образды қалай жасаймыз дегенге келсек. Мұғалім жан-жақты болуы керек дейміз. Соның ішінде медиақұзіреттілік өте маңызды деп ойлаймын. Мұғалім қоғамдық пікірге үн қоса алатын, соңғы жаңалықтардан хабардар, оқушыға не ұсынуға болатынын білетін, білім берудегі цифрлық бағдарламаларды игерген болуы керек. Медиа дамып тұрған заманда кез келген ресурс арқылы білім бере алу маңызды. Сонымен қатар онлайн, офлайн форматтарды қатар игеруі тиіс. Яғни заманауи мұғалім кез келген жағдайға тез икемделіп ұтқырлық танытуы керек. Қазір өзгермелі заман. Ғаламда түрлі өзгерістер болып жатыр. Олар міндетті түрде білім беру саласына әсер етпей қоймайды. Білім беру саласы бұл өзгерістерден тысқары қала алмайды. Мұндағы мұғалімнің міндеті - сол өзгерістерді білім беру процесіне енгізу, оқушыларды жаһандануға дайын тұлға етіп тәрбиелеу. Осы сипаттардың барлығы заманауи ұстаздың бейнесін танытады деп ойлаймын.
- Ұстаз туралы жақсы пікірді ата-аналар да айрықша қалыптастыратыны даусыз. Десек те, баласының мінін көрмей мұғалімді кінәлайтын ата-аналар аз емес. Осы ретте оларға қандай ұсыныс кеңес айтар едіңіз?
- Білім іздену жолында мұғалімнің мәртебесі соншалық жоғары екенін түсінбеген ата-ана әрине мұғалімнен мін іздейді. Мектеп оқушыларды ғана емес, ата-аналарды да тәрбиелеу керек. Абайдың, Шәкәрімнің, Ахметтің, Жүсіпбектің ілімін, Мағжан “Педагогикасын” ата-аналарға да оқытуымыз керек. Осылайша ұлттық құндылықтарды ата-аналарға да насихаттауымыз қажет. Ол үшін түрлі іс-шаралар ұйымдастыруға болады. Сонда ғана мұғалім-оқушы-ата-ана үштік одағы қалыптасады. Бұл одақ біріге отырып әрекет еткенде ғана білім беру нәтижелі болмақ.