PhD докторы: Журналистика әлемдік стандартқа сай дамуы тиіс

Жауапты министрліктер мен журналистика факультеттері салалық мамандарды дайындайтын оқу бағдарламаларын әзірлеп, оған лайықты оқытушы тартуды жүзеге асыруы тиіс

Олжас Қасым

  • 30.10.2023

Еліміздің, жалпы отандық бұқаралық ақпарат құралдарының алдында тұрған маңызды міндеттің бірі – салалық журналистикаға серпін беру.  Себебі, қазіргі заман баяғыдай емес, журналисттің белгілі бір саланы жетік меңгеріп, соның ұңғыл-шұңғылына терең бойлауды талап етіп отыр.  Журналистиканың бұл түрі әуелі маманның сарапшылық қабілетін шыңдаса, екіншіден  өзінің потенциалды аудиториясын білуге талпындырады және бұқараның сұранысына сай өнім жасауға үндейді. Бұл бағытта Maqsut Narikbayev university  Халықаралық журналистика мектебін ашып, сапалы кадрларды тәрбиелеуді бастады. Осы мектептің Adjunct Assistant профессоры, PhD ғылым докторы Алма Сайлауқызымен салалық журналисиканың ахуалы, отандық ақпарат кеңістігі жөнінде сұхбаттасқан едік.                


                 - Бір оқымыстының әзіл аралас сөзі бар еді.  «Журналист бәрін біледі, бірақ түк білмейді» деген.  Демек,  журналист белгілі бір тақырыпты жетік білуі үшін салалық журналистика ауадай қажет.  Салалық журналистиканың ерекшеліктері неде?  Неліктен ол қоғамға әмбебап журналистикаға қарағанда тиімді?

          - Журналист «бәрін» болмаса да, көп нәрсені білуі тиіс деп санаймын. Ең алдымен, журналистика принциптері, стандарттары мен этикасын саланың әр маманы жетік меңгеруі тиіс. Өкінішке қарай, біздің журналистикада осыған аса мән бере бермейді және проблеманың көбі содан туындап жатады. «Журналист бәрін білуі тиіс» деген пікір де, «Журналистиканы оқып қажет емес, оны кез келген жаза алатын адам алып жүре алады» деген көзқарас та бір шектен екінші шекке апаратын ұшқары ойлар деп түсінемін. Ғаламдық тұрғыдан алар болсақ, журналистика – әрбір адамның барынша объективті  ақпаратты алуға деген құқын қамтамасыз етуші институт. Ал ол ақпарат сан алуан болуы мүмкін, бірақ нағыз журналист – оған фактчекинг жасауды, ықшамдауды, ең маңыздысына мән беруді, негатив пен позитивтің теңгерімділік принципін ұстануды, сторителлинг және сыни ойлау қағидасын қолдануды, әр тараптан келуді, бірнеше тәуелсіз қайнаркөзді тұтынуды білетін кәсіби маман. Салалық журналистика соны негізге ала отырып, жалпы тақырыптан әріге өтіп, мәселенің спецификалық астарына тереңдей алатын бірегей майталмандарды дайындауды көздейді. Қалың бұқараның талғамы мен таңдауын шыңдауға қызмет етеді. Сондықтан дәл қазіргі қазақ қоғамында жалпы журналистиканың да, салалық журналистиканың да өз рөлі бар деп ойлаймын.

             - Салалық журналистиканы дамытуға елімізде талпыныс байқалады. Жекелеген журналистер жастарға көрген-білгенін үйретіп жүр. Алайда, қолға алынар шаруалар әлі де аз емес.  Алдымызда қандай мақсат-міндеттер тұр деп ойлайсыз?   

              - Салалық журналистика дамуы үшін алдымен негізгі, әмбебап журналистика дамуы тиіс. Оған сол журналистика қызмет ететін қоғамның ашықтығы, еркіндігі, құқықтық мемлекетті құру принциптерін ұстануы және журналист мамандардың жоғарғы дайындығы сияқты факторлар әсер етеді. Екіншіден, салалық журналистика – белгілі бір қаржылық, уақыттық ресурстың жұмсалуын қажет ететін сала. Оны көрермен, оқырман мен тыңдарманның талғамын өсіре отырып қана дамытуға болады, әйтпесе тұтынушысыз қалуы мүмкін. Мәселен, Парижден шығатын «Le Рoint» атты бір журналдың өзінде тек шарап пен шампан тақырыбында жазатын 5 журналист бар. Олар сол өндірістің тыныс-тіршілігі, әлемдік маркаларынан бастап, денсаулыққа әсері мен оған қатысты соңғы медициналық жаңалықтарды назарда ұстап отырады. Ал біз бүкіл ел бойынша ең болмаса бір журналдан тек қымыз бен шұбат туралы жазатын бір журналист таба аламыз ба? Міне, мәселе қайда жатыр. Үшіншіден, жауапты министрліктер мен журналистика факультеттері салалық мамандарды дайындайтын оқу бағдарламаларын әзірлеп, оған лайықты оқытушы тартуды жүзеге асыруы тиіс. Негізі ақпараттық стратегия жүйелі түрде жүріп, қолдау нақты болатын болса, мұндай мәселені кезең-кезеңімен шешуге болар еді. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары құқықтық, экологиялық, медициналық сынды біршама салалық журналистика дамып бастаған еді, өкінішке қарай, баянды болмады. Қазіргі қазақ журналистерінен Әсия Бағдәулетті нағыз кәсіби салалық журналист дер едім. Студент кезінен өнер, мәдениет жайлы қалам тербеген ол, соңғы жылдары Ұлыбританияда білімін шыңдай отырып, кино журналистиканың бірден бір майталманы болып қалыптасты. Бірақ ондай мысал аз. Елімізде әзірге спорттық және балалар журналистикасы шама-шарқынша өмірін жалғастырып жатыр деуге келетін шығар. Бірақ оларды журналистика санатына қосу үшін де белгілі бір алғышарттар барын ескеруіміз керек. Тек қана жеңіл-желпі, ойын-сауық мазмұнында ретрансляция жасайтын рекреативті өнімдерді журналистикаға емес, комикстер, сары баспасөз, видеойындар сияқты бұқараға бағытталған масс-медианың түріне жатқызған жөн. Сондықтан, еліміздің ақпараттық саясатын жаңа заман талабына сай қайта қарап, журналистика мен масс-медианың ара-жігін ажыратып, олардың перспективасына қатысты нақты түсінік қалыптастыру – маңызды міндеттің бірі. Әлсіз талпыныстан нақты нәтижеге бағыттар жолды айқындайтын шақ келді.

             -Ал салалық журналистиканың дамуына, оны оқытуға қатысты қандай да бір зерттеулер жүргізіліп жүр ме, жалпы?

            -Жуырда ғана ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің жанындағы Қазақстандық қоғамдық даму институтының «MediaLab» орталығының келелі бір шарасына қатыстым. Журналистика мамандықтарын оқытатын ЖОО-лардың білім бағдарламаларына сараптама жасайтын «Ашық силлабус» атты жобасының нәтижесін жариялады. Еліміздің бірнеше оқу орнының коммуникация ғалымдары отандық және шетелдік оқу баңдарламаларын зерттеп, салыстырып, зерделеп, бірқатар салмақты ұсыныстар  дайындапты. Соның ішінде салалық журналистика бойынша жасаған зерттеулеріне көз жүгіртсек, еліміздің журналистика студенттері негізінен соғыс, қақтығыс, халықаралық қатынастар, саясат, экономикалық журналистика бойынша пәндер өтеді екен. Сонымен қатар, балалар, спорт, өнер және әлеуметтік желі журналистикасына да баулитыны анықталды. Әскери, саяхат, медицина журналистикасы ішінара, кей университеттерде ғана үйретіледі. Ал әріптестерім бүгінгі таңда өзекті болып отырған психология, педагогика, дін журналистикасы мүлдем оқытылмайтынын анықтаған. Осы кішігірім  зерттеудің өзі жалпы ахуалдан хабар береді деп ойлаймын.

Narikbayev University Халықаралық журналистика мектебінің ішкі көрінісі 

          - Қазіргі кезде Халықаралық журналистика мектебінің Adjunct Assistant Профессоры болып қызмет етіп жүргеніңізді білеміз.  Жұмысыңыз және мектеп туралы толығырақ айтып берсеңіз?

          - М.Нәрікбаев атындағы KAZGUU университетінде осыдан 3 жыл бұрын  «6B03201 Журналистика: аналитика және зерттеу» атты білім бағдарламасы ашылған болатын. Сол кезде оқуға түскен студенттер бұйырса келесі жылы алғашқы түлек атанады. Сонда біздің жас мамандардың әлеуетін ақпарат кеңістігі нақты бағалайды деп отырмыз. Ал 2023/2024 оқу жылы университетімізде Халықаралық журналистика мектебі (факультеті) ашылып, алғаш рет «халықаралық журналистика» мамандығы бойынша студенттер 1-курсқа қабылданды. Осыған орай, инфрақұрылым толықтай жаңадан жабдықталып, қосымша заманауи студия, съемка, монтаж локациялары ашылды. Бұл білім бағдарламасының басты ерекшелігі – биыл оқуға түскен студенттеріміз мамандығын қазақ және ағылшын тілінде тереңінен меңгеретін болады. Сондай-ақ бір оқу жылында әдеттегідей екі семестр емес, үш триместр, яғни интенсивті оқып, 3 жылда дипломын қолына алады.

          Ал өзіме қатысты айтар болсам, мен ақпарат саласындағы 15 жылдан астам тәжірибеме және журналистика бойынша бакалавр, магистратура мен докторантурадағы академиялық біліміме сүйене отырып, бірінші және екінші курс студенттеріне «Журналистикаға кіріспе», «Медиамәтіндердің функционалды түрлері мен жанрлары», «Қазақ тілі және публицистика», «ТВ-продакшн»  пәндерінен дәріс беремін.

                             Халықаралық журналистика мектебі 

            - Халықаралық журналистика мектебіне оқытушылар мен студенттер қандай талаптар бойынша қабылданады? 

          - Біздің журналистикаға факультетіне түскісі келген абитуриенттер өзге де университеттегідей ҰБТ-ның екі пәнінің нәтижесін тапсырады, содан соң екі кезеңнен тұратын (жазбаша және ауызша) шығармашылық емтихан алынады, үміткердің портфолиосы сарапталып, әңгімелесу өтеді. Сосын мемлекеттік грантқа үміткер болып, жалпығаортақ конкурқа қатысады. Бізде биыл ашылған «халықаралық журналистика» мамандығын алудың қосымша талабы – ағылшын тілін білу деңгейін анықтау. Оны да сұхбаттасып, ағылшынша қарапайым сұрақтар қою арқылы жүзеге асырдық. Осы жылы ҚР Президент телерадиокешені арнайы 20 грант бөлді. Ол ұйым – біздің осы мектепті ашудағы бас қолдаушымыздың бірі. Заман талабына сай, әрі цифрлық технологияны жетік меңгерген мамандарға деген нарықтағы сұранысты ескере отырып, бұл дер кезінде жасалған оңтайлы ынтымақтастық деп санаймыз.

          Ал сол іріктелген студенттерге лайықты білім бере алатын оқытушыларды таңдау да – зор жауапкершілік. Ол жөнінде MNU басшылығы ұстанған айқын бағдар бар: біліміне білігі сай, өндірісте тәжірибесі мол, ғылыми әлеуеті де лайықты оқытушылық-профессорлық құрамды жұмысқа тарту. Академиялық адалдықты бірінші орынға қоятын университет үшін оқытушылар дәрісінің сапасы – басты приоритет. Әр семестр соңында студенттерден алынатын анонимді сауалнама нәтижесі мұқият сарапталып, оқытушылардың өзіне де ұсыным ретінде жіберіліп отырады. Соның арқасында оқытушы да сын мен міннің түзелуі жолында еңбектене алады.

             - Maqsut Narikbayev University басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Мұхамеджанның айтуынша, рефинитиф, блумберг аналитикс дата журналистика, конвергентті журналистика секілді бағыттар бойынша білім беріледі екен. Білуімізше еліміздегі маңдайалды деген университеттердің өзінде мұндай салалар тереңдетіліп оқытылмайтын көрінеді... 

          - Жаңадан ашылып жатқан оқу бағдарламасы болғандықтан, әрі бәсекеге қабілеті маман даярлау үшін мектеп әкімшілігі журналистиканың ең озық үлгілерін зерттеп, болашақ журналистерді заманауи біліммен қаруландырғысы келеді. Еліміздің 20-дан астам ЖОО-да журналистика оқытылады, олар да қарап отырған жоқ, түрлі жаңа бағыттарды енгізіп жатыр. Мәселен, конвергентті журналистиканы оқыту негізі ҚазҰУ-де 20 жыл бұрын енгізілген. Дата-журналистика да – IT, ЕҰУ және СДУ университетіндегі болашақ журналистер оқитын негізгі пәндердің бірі. Бізде бұл пәндерді тереңірек оқыту көзделеді. Нақтырақ айтар болсақ, 2-3 курс студенттері оқып жатқан «Мәліметтер базасы», «Деректерді талдау және өңдеу», «Фактчекинг», «Деректерді визуализациялау» пәндері бар. Ал конвергентті журналистика бойынша «Цифрлық монтаж және дыбыстық дизайн», «Аудио-бейне техникасының шеберханасы» атты пәндер жүргізіледі. Сіз сұраған рефинитив, яғни қаржылық нарық құрылымына қатысты пәнді әзірге тек экономика мектебі оқытып жатыр.

          MNU-да былтырғы оқу жылы ашылған NewsRoom жобасын журналистика оқытудағы еліміздегі бірегей үлгі деуге болады. Мичиган университетінің түлегі, журналист Жолдас Өрісбай – шынайы режимде редакция жұмысын ұйымдастырып қана қоймай, сонымен қатар кризис-симуляция арқылы дағдарыс жағдайындағы журналистер машығын қалыптастыруды белсенді үйретіп жатқан әріптесіміз. Жасанды интеллект, виртуалды журналистика сияқты жаңа трендтерді де үйрету –  маңызды міндет. Дегенмен, солардың бәрінің маңызды алғышарты бәрібір де журналистика прициптері мен этикасы, стандарттары болып қала беретінін ұмытпауымыз керек.

             -Өзіңіз кәсіби журналиссіз. Телеарнада да бірнеше жыл қызмет еттіңіз. Бір байқағаным, әскери, іскерлік бағытта, құқық, қалатану дейміз, медицина тақырыптарында жазатын, сараптама жасайтын журналистер саусақпен санарлықтай. Әлемде жағдай сәт сайын құбылып жатыр. Ақпараттық соғыс жағдайында  дәл осы олқылықтар мемлекеттің ішкі-сыртқы ахуалына қалай әсер етеді?  

          - Дұрыс айтасыз, ақпарат кеңістігі сәт сайын кеңейіп жатыр. Соған сай қақтығыстардың да цифрлық нұсқалары дамып, ақпараттық соғыстың гибридті, когнитивті сияқты түр-түріне куә болған қоғамда өмір сүріп отырмыз. Мен телевизия өндірісіне студент кезімнен араласа бастадым, ол уақыттан бері өткен 20 жылда көптеген қағидалар өзгеріске ұшырады. Сол кездегі қоғамдық пікір мен санаға әсер ететін ақпараттық ресурстар мен форматтар деформацияға түсіп үлгерді. Әр мемлекет өзінің ақпараттық саясатын қайта қарастырып, оны жетілдірудің, бәсекеге қабілетті етудің жолдарын қарастырып жатыр. Біз де ақпарат тасқыны, яғни инфодемия дәуірінде азаматтарымыздың өзге идеология мен пропаганда құрбаны болып кетпесі үшін жаңа, өзекті, тиімді әдіс-тәсілдерге жүгінуіміз керек. Мемлекетіміздің болашағы үшін бүгіннен бастап ақпараттық саясатты сауатты жүргізіп, елдің айнасы болып отырған журналистиканы әлемдік стандартқа сай дамыта білуге тиіспіз. Сонда ғана азаматтардың ақпарат алу құқы салтанат құрып, креативті ойлай білу, сыннан қорытынды жасау жолға қойылып, қоғам ілгерілейді. Сонда ғана әр саланың майталман журналистері қалыптасып, сөз бостандығының игілігін көріп, еңбегіне сай өтеуін алады.  Ақпараттық соғыста қосақта бірге кетпес үшін коммуникация ғылымының заманауи заңдылықтарын, қорғаныс талаптарын, дамыту мүмкіндіктерін ұстану ауадай қажет. Осының бәрі мемлекеттің ішкі-сыртқы ахуалына тікелей әсер ететін өте маңызды фактор екенін әлемдік геосаяси ахуал айқын көрсетіп отыр деп ойлаймын.

          - Maqsut Narikbayev University жетекші халықаралық оқу орындарымен белсенді ынтымақтастық орнатып жатқаны мәлім. Бұл озық әлемдік тәжірибені қолдануға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда оқу орны қай елдермен тығыз байланыс орнатқан?  

        - Алаш арысы Халел Досмұхамедұлы: «Заманымыз – мәдениет заманы, мәдениетке білім жеткізеді. Білім мысқалдап кіреді, білімді болу үшін сарғаю керек», деген екен. Сол айтқандай, дамыған, өркендеген, өзгелермен терезесі тең ел құратын жас маман дайындаймыз десек, ғылым жолында «сарғайып» тұрып тәжірибе жинақтаған білім ордаларымен де ынтымақтасу қажет.  Осы орайда Мақсұт Нәрікбаев университеті George Washington University (АҚШ), Cambridge University (Ұлыбритания), Middle East University (Иордания), Soka University (Жапония), North West University (Қытай), New York Film Academy (АҚШ), Schmalkalden University (Германия) сынды білім-ғылым орталықтарымен байланыс құрған. Ал осы әріптестік пен ынтымақтастық қандай форматта жүзеге асады десеңіз, олар – қос диплом (double-degree diploma) және академиялық мобильдік (student/faculty mobiltiy) шаралары.  Осы күш-жігердің барлығы басты нәтижеге – заман талабына сай біліммен қаруланған, қатты және жұмсақ дағдыларды бойына сіңірген, қоғам дамуына үлес қосуға ниетті, білікті жас мамандарды баптауға бағытталған. MNU Басқарма төрағасы Талғат Мақсұтұлы айтатындай, сапалы маман дайындау арқылы қоғамға қызмет ету – басты миссиямыздың бірі.

Сұхбатыңызға рахмет! 

Байланысты жаналықтар

Қазақстандық миллиардер Болат Өтемұратов "31" медиахолдингін сатты

02.10.2024

Апорт өсірудің ұлттық стандарты әзірленеді

27.07.2024

Астанада Euronews-тің өңірлік өкілдігі ашылады

16.07.2024

700-ден астам шетелдік журналист ШЫҰ саммитінен хабар таратып жатыр

04.07.2024

Аида Балаева: Жаһандық өзгерістерге толы жаңа дәуір ақпарат саласын да жаңа арнаға бұрды

28.06.2024

Президент бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін мерекемен құттықтады

28.06.2024
MalimBlocks
Қазақстандық миллиардер Болат Өтемұратов "31" медиахолдингін сатты

Апорт өсірудің ұлттық стандарты әзірленеді

Еліміздегі апорт бақтары стандартқа сай салынбаған

Астанада Euronews-тің өңірлік өкілдігі ашылады

700-ден астам шетелдік журналист ШЫҰ саммитінен хабар таратып жатыр

Әлем назарын аударған іс-шараға еуропалық БАҚ үлкен қызығушылық танытты.

Аида Балаева: Жаһандық өзгерістерге толы жаңа дәуір ақпарат саласын да жаңа арнаға бұрды

Ақпараттық технологиялардың әсерінен қоғамдық процестер, коммуникациялық жүйе транцформацияға түсті.

Президент бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін мерекемен құттықтады

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді.