Шенеуніктердің есебіндей. Сатаевтың әйелі жазған «Ұлы дала таңы»

900 млн теңгеге түсірілген «Боксшы» туындысын Сатаевтың әйелі Альмира Тұрсын жазыпты

Олжас Қасым

  • 17.05.2022

Қандай да бір мәдени туындыны мерекеге сәйкестендіргісі келіп тұратын киногерлер кезекті фильмді көрерменге ұсынды.  Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған 30 кинотуындының бірі – бұл. Экс-министр Ақтоты Райымқұлова былтыр таныстырылымы өтеді деген «Ұлы дала таңы» фильмі уақытынан кешігіп жақында ғана жарыққа шықты. «Ұлы дала елі», «Ұлы дала тарихы», «Ұлы дала рухы» деген әбден жаттанды болған атаулардан жалыққан едік.


Кинотуынды Қасым хан туралы болғанымен, атауы неліктен «Ұлы дала таңы» екеніне таң болдық.  Хош, тарихи фильм Қасым ханның өмірі, хандық билігі мен Қазақ хандығының гүлденіп, нығаюы жолындағы күресі жөнінде баяндайды. Кинотуындыны Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Қазақфильм» киностудиясы түсірген. Режиссер Ақан Сатаев бұл фильмінде қазақ тарихындағы ең күрделі, стратег, елді небір өткелектен өткізген Қасым ханды бас кейіпкер қылып таңдап алған. Сонымен қатар, Бұрындық хан мен Мұхамед Шайбани де негізгі рөлде.  Демек бұл, ұзақ уақытты әрі көп дайындықты қажет ететін еңбек болуға тиіс еді. Сатаев «Ұлы дала таңын» бір жарым жылда зуылдатып түсіріп тастады. Яғни, бұл жерде көркемдік жағын емес, бірінші кезекте министрліктің тапсырысын орындаған. 

Фильмнің көрермен көңіліне қонымды, шынайы да сапалы шығуы сценарийге, оның тіліне тікелей байланысты. Себебі, сол кездегі дәуірді, заман лебін, халықтың тағдыр-талайын жеткізетін құрал – тіл.  Қазақтың тарихи кинолары құнарлы тілдік қорымен, сөзді сәтті, орайлы қолдануымен ерекшеленетіні мәлім.  Жаңа туындыда әдеттегідей «Ұланғайыр даланы ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғаған», «Киіз туырлықты қазақпыз», «сүйем жер үшін сүйегін берген», «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнатамыз» деген секілді пафосқа толы тіркестер жетіп артылады. Айталық, Қасым ханның бала кезінде оған әкесінің әпсана айтатын эпизодын көрген боларсыз. Сол көріністе әкесі ұлына Ғұндардың бөгде жұртқа жерін бермеген батырлығын айтып, «соңында жер-елдіктің негізі» деп сөзін аяқтайды. Осы бір сөз  ресми құжаттарда жазылатын тіркестерден бір аумайды.  Шайбани жасағына қарсы шығатын кезде Қасым хан сарбаздарына біз жеңілсек елдің басынан бағы таяды, өліспей, беріспейміз деген рәуіште сенімдерін нықтайтын жері бар. Алайда, әскерлерге жігер сыйламайтын, кезекші ұрандармен көрерменді жалықтырып алғандай сезілді. Мәселен, бұл сәттегі қайрау сөзін Сыр бойындағы қалалардың жау құрсауында тұрғанын, жеріміз кең болғанымен, қайранымыздың аз болып,  басымыз қосылмай жатқанын негізге алуға болар еді.  Сол арқылы қалың қолды дұшпанға қарсы бағыттаса ұтымды болары анық-ты.

Сценарий авторлары Бекболат Шекеров, Назира Бақаева және Ақан Сатаев деп көрсетілген.  Режиссер, сценарист Бекболат Шекеров негізінен «1941 жылдың жазы», «Секер» сынды криминалдық, драма, отбасылық филмдерді өмірге әкелген.  Ірі ауқымдағы мұндай киноға Шекеровтің шамасы келмеген сыңайлы. Кино өндірісінде әлі де тамыр-таныстық, бармақ басты көз қыстылық қалмапты. Сценаристер санатында аты тұрған Назира Бақаева Сатаевтың бұрынғы әйелі. Киноға кездейсоқ келіп, о баста ассистент болған Бақаеваның тарихи туындыға қандай қатысы бар? Актриса болып аз уақыт жылт еткенімен, сценарист ретінде ешбір жұмысы жоқ оның Қасым хан туралы жазуға қандай құқы бар еді? Демек бұл да ұлт алдындағы,тарихи тұлға алдындағы, жас ұрпақ алдындағы  жауапкершілікті сезінбеу.

Фильмнің басты қаһарманы –Қасым хан. Ол алысты болжайтын, мың айлалы, стратег, дипломат билеуші ретінде хандықты нығайтқан тұлға. Сөз жоқ, Дешті Қыпшақты айбарымен сескендірген Шайбаниді Қасым тас-талқан етіп жеңіп, Сыр бойындағы шаһарларды өз иелігіне  алған кездер тарихтан мәлім. Десек те, бұл кинотуындыда Қасым ханның көрнекті қолбасшы екендігі ғана көрініс береді. Жеке бастың мүддесінен гөрі елдік мүддені жоғары қоюы, жан-жақтан анталаған жауларды тықсыртуға одақтастарын пайдаланатын тұстары кинода аз қамтылған.

Бұған дейін үш мәрте ірі жеңіліс тапқан хандық Қасымның арқасында жеңіске жеткені анық. 1510 жылы болатын Шайбани жорығына алдын-ала қамданып, бес қаруын сайлап, тас-түйін дайын болады. Ордасын Ұлытауға қондырып, негізгі басым күшін шеткерірек орналастыруы, осылайша әйгілі Шайбани билігін біртіндеп  құлдыратуы – оның мықты ұйымдастырушы, көреген стратег екенін байқатады. Осы ерлік жолы туралы тарихшы Балхи «Бір сөзбен айтқанда, Шайбани ханның үлесіне ірі жеңіліс тиді. Өзінің ең шырқау биігіне жеткен оның билігі енді құлдырай бастады» деп жазады. Өкінішке қарай, фильмде тегеурінді тұлғаның қиыннан жол табатын, ақылы мен айласы бір жерден шығатын шеберлігі, ақылмандығы көрінбей қалған. 

Фильмде Қасым ханның Шайбанидің тұрақтаған жеріне барып, шайқассыз басып алатын эпизоды бар. Тарихшы Берекет Кәрібаевтың жазуынша, «Оңай жеңіске масаттанған жау қаннен-қаперсіз бірнеше күн бойы Ордада тойлайды. Осы тұста Қасым хан әскерін қарсы шабуылға шығарады. Қазақтардан мұндай қарсы әрекетті күтпеген жау әскері ешқандай қарсылық көрсете алмай, бас сауғалап қашуға мәжбүр болады. Қазақтар жауын Ұлытаудан Сыр өңіріне дейін қуып, Сығанақ түбінде тас-талқан етеді».  Алайда Шайбани бірден беріле салатындай қауқарсыз қолбасшы болмағаны анық.  Зерттеуші Ербол Алшынбай «Шайбани  әскерінің күші қазақ хандығынан кем болған жоқ. Ол қазақ хандарымен жетпіс жыл бойы соғысқан. Үлкен, жасағының саны көп, айбынды хандық болды. Хасан деген қолбасшысымен барып Қасым соғысып алған» дейді. Сондай-ақ, ол Шайбани Қызылбастармен соғысқанда оларға қазақтар күш қосып, жәрдем бергенін ұмытпауға екпін түсірді. Алайда, Қасымның самсаған қолы кинокартинада көрші жұртқа жәрдем бермек түгілі, жанын сақтаудың қамымен жүреді.

Ал басты кейіпкердің бірі Бұрындық хан қазақтың этникалық аумағының қалыптасуы жолында көп еңбек сіңіргені мәлім. Хандықтың батысында ноғайлармен, оңтүстігінде шайбанилік сұлтандармен ұзаққа созылған күресті бастан өткерді. ХV ғасырдың 70-90 жылдары ханның аты жарқырай түсті.  

Ортағасырлық ғалым Рузбихан: «Қазіргі уақытта қа­зақ­тың ең басты ханы – Бұрын­дық… Оларда қару-жарақ пен азық-тү­лік, жылқы көп», – деп жазды. Ал Камал ад-дин Бинай болса «Бұрындықтың әскерінің көп екендігі сонша санап тауыса алмайсың, оларды қыру мен қор­ға­ну­дан пайда жоқ»,– деп және әрі қарай: «Бұрындық құ­мырс­қадай құжынаған көп әскерімен Созаққа аттанды»,– деп жазба қалдырған.  Ербол Алшынбай бұл деректерге Бұрындықтың «қылыштың шебер перісі» болғанын қосты. Ол өте адуынды, қуатты хан еді. Қасымдай ықпалды болмаса да, осал билеуші емес, айлакер саясаткер. Бұрындық хан жекпе-жекке бурамен шыққан деседі» деп баға береді.

Алайда, бұл кинотуындыдағы хан Бұрындық ұрда-жық, таяз, іші тар көсемнің кейпінде. Қасымның абыройының асқақтауы, қаһармандық қабілетімен бұқараның қолдауына ие болуы белгілі бір деңгейде хандардың арасындағы бәсекелестікті күшейтуі мүмкін. Дегенмен, картинада Қасымның сүйгенін Бұрындық өзіне жар етеді. Серттесіп сүйменгендіктен хан тоқалы құсадан мерт болады. Қасымның атын қайталап жатып жантәсілім еткен сұлудың соңғы хәлін Бұрындық көрмей қалған жоқ. Қасыммен арасының күрт суытуы да осы бір әйелге қатысты дерсің. Аталған сәт фильмдегі тартысты күшейту үшін жасалған деп қабылдасақ та, шығармашылық топтың  қазақтың әйел туралы түсінігін біле қоймайтынына налисыз. Жаугершілік заманда  бір қатынға таласу жоғары дәрежедегі тұлғалар үшін ұят тірлік саналатын. Елдікті бәрінен де биік қойған хандар әйел үшін керілдескенін қабылдай алмадық. Мұндай көрінісі Режиссер Талғат Теменовтің «Көшпенділер» фильмінде де кездеседі.    

Тарихтан мәлім, қазақ баһадүрлері ала-құйын айқасқа рухтанып, «әруақ» деп ата-бабасының атын атап шабатын болған. «Ұлы дала таңында» Қасымның қолы қарсыласына «Алаш» ұранымен аттандап лап қояды. Ол түсінікті де, себебі тарихи деректерде Алаша ханның кесенесін жаңғыртқан  Қасым хан деп айтылады. «Алашты» айтсақ аласармаспыз, андағайлап, айбындана түсерміз. Алайда Сатаевтың бұған дейін түсірген тарихи фильмдерінде де, осы «Ұлы дала таңында» да «әруақ» деген сөз айтылмайды. Сыртқы әлдебір күштердің ықпалымен жасалған ислам дінінің дегеніне қарай икемдеп, киноны нағыз рух көтерер сипатынан ада еткен. Бұдан фильмнің шынайылығы да күрт төмендегенін бағамдайсыз. Қазақтың дәстүрлі танымынан алыс қонған режиссер осы жағына келгенде аса сақ бола қалғандай.  Ербол Алшынбай Сатаевтың бабалар дүниетанымына тым таяз көзқараста қарайтынын баса айтады. «Тұмар» фильмінде Тұмар падиша мен бақсы екеуін қарсы қояды. Тұмардың барлық сәтсіздігіне бақсы кінәлі секілді қылып көрсетеді. Бақсыны жеккөрінішті етіп көрсетеді де ойының арғы жағында уахабизмнің сарыны жатады».

Шығармашылық топ қазақтың соғыс өнерін, әскери тактикасын түсінбеген секілді. Мысалы, мұндай жаугершілік заманда қазақтар бір ғана ұранмен шаппай, бірі «Қарауыл» деп, енді бірі «Ақжол», «Қарқабат» десе,  «Абылайлап» әр ру өзінің ұранымен шайқасқа шыққан. Кинотуынды елдің атынан жас буынға берілетін аманат болғандықтан, ол теологиялық ұстанымдардан ада болуы керек-ті. Бірақ дегенінен бас тартпайтын режиссер өлім-жітім кезінде «Жаны жаннатта болсын», «Ассалаумағалейкум», «Аллаһу акбар» сынды теологиялық тіркестер көбірек қолданған.  Картинаның тағы бір жерінде Шайбанидтер қазақтарға ғазауат жариялайды.  Бұл мағыналық жағынан алғанда арабтардың дін жолындағы қасиетті жорығы. Фильмнің соңғы жағында да бабаларға бағышталады деген сөз ғана жазылады. Сондықтан, Мәдениет және спорт министрлігі қазақ киноларын діни түсініктерден алшақтатып, ұлттық бояуы қанық болып шығуын, уағыздан арылтуды жіті назарға алу қажет.

Тағы бір мәселе – массовка тарту жағы. Қазақ даласындағы ең шешуші, ең әйгілі шайқастар кинода тым жұтаң көрінеді. Жүзге жуық жасауыл дәл сондай шамадағы әскерлермен кескілеседі де жатады. Айқасты әсерлі етіп көрсету үшін дронмен түсірілген кадрларды көзіміз шалды.  Бірақ әр жерге шашып, арасын ашып тастаған жауынгерлер сендірмейді.  

Қорыта айтқанда, қазақ киноларындағы басты кемшілік –асығыстық, салғырттық. Жоғарыдан түскен тапсырманы орындау үшін фильм түсіру науқанын тыятын уақыт жетті. Аз уақытта көл-көсір қаржы бөлінеді, сол ақшаны тезірек игеру керек. Былтыр Мәдениет министрлігі кино саласына 4 млрд теңгеден астам қаржы бөлген. Алдын ала жоспарланып, әбден пісіп-жетілетін сценарий кемінде 4-5 жыл бұрын жазылуы тиіс. Ал біздің Сатаев сияқты режиссерлер аз уақытта сценарийін жазып, соған қосарлай монтаж жұмысын жасап, апыл-ғұпыл жарияға шығаруға асығады. Бұл көркем туындының сапасына, мазмұнды оң әсер етер еді. Ұлттың игілігін бір өзі иеленіп алатын режиссерлер осыны ұғынбай келеді. «Ұлы дала таңы» фильмінде сценаристің бірі Сатаевтың бұрынғы әйелі Назира Бақаева болса, 900 млн теңгеге түсірілген «Боксшы» туындысында оның қазіргі жары делінетін Альмира Тұрсынның есімі бар.

Қазір халықтың тарихи фильмдерге деген ынта-ықыласы жоғары. Себебі, өткен тарихы шынжырдай  әр жерден бір үзіліп, көп жалғанған елдің түпсанасында өзінің өзегін іздеу бар. Өкінішке қарай жесірдің қызына жасау дайындағандай жұпыны, жамалып, жасқалған, тамыр-таныс жайлаған саланың көрерменге берері шамалы. Шенеуніктердің халық алдында есеп бергеніндей ресми, жаттанды, таптауырын таныстырылымдар жүйке жұқартқаннан басқа қай пайдаға асып жатқанын көрерменнің өзі айтсын...

Байланысты жаналықтар

Қазақстандық фильм «Оскар» сыйлығына ұсынылды

27.09.2024

Тәуекел Мүсілім отбасымен қалай демалғанын көрсетті

29.08.2024

Актриса Нұргүл Мыңғатова ауылдың жігітіне тұрмысқа шықпақ

27.08.2024

Атақты кино жұлдызы Ален Делон қайтыс болды

18.08.2024

Айгүл Иманбаева мен Сәбит Әбдіхалық араға бірнеше жыл салып түсірілім алаңында бас қосты

19.07.2024

«Оқушы сияқтысыз». Төрт баланың анасы Салтанат Бақаева оқырманын таңғалдырды

04.07.2024
MalimBlocks
Қазақстандық фильм «Оскар» сыйлығына ұсынылды

Америка киноакадемиясының дауыс беруі үш кезеңде өтеді

Тәуекел Мүсілім отбасымен қалай демалғанын көрсетті

Актер табиғат аясында демалған.

Актриса Нұргүл Мыңғатова ауылдың жігітіне тұрмысқа шықпақ

Күйеу жігіт - ауылдың баласы, шоу-бизнеске мүлде қатысы жоқ

Атақты кино жұлдызы Ален Делон қайтыс болды

Ол өз мансабын 1957 жылы бастап, француз киносының ең жарқын жұлдыздарының біріне айналды

Айгүл Иманбаева мен Сәбит Әбдіхалық араға бірнеше жыл салып түсірілім алаңында бас қосты

Асылжан Әбдімүтәлиев ата-анасының бірге фильмге түсуіне себепкер болған.

«Оқушы сияқтысыз». Төрт баланың анасы Салтанат Бақаева оқырманын таңғалдырды

Актриса өзінің кинодағы образын көрсеткен.