Тұрсын Жұртбай. "Жанарыма тұнған жасым ең..."

Malim Админ

  • 26.09.2022

Жазушы, ғалым, абайтанушы, алаштанушы Тұрсын Жұртбайдың «Бесқарагер» хикаяты тұп-тура 43 жыл бұрын жазылған көркем шығарма. М.Әуезов, Ә.Қашаубаев, Қ.Аманжолов, М.Мақатаев, Т.Жақыпбайұлы сынды тұлғалардың тосын тағдырлары  туралы осы туынды Ғ.Мүсіреповтің жоғары бағасын алған. 1979 жылы жастар мен жасөспірімдерге арналған республикалық конкурста бірінші орын алып, үш жылды артқа тастап осы атаумен кітап болып басылып шыққанда санаулы адамдарды таңдандырып, саналы жандарды тамсандырып әрі есінде сақталып, жадында жатталып қалған бірегей дүние. Жарияға шыққан соң сынға да ұшыраса да көркемдік қасиетіне қатысты айтар лаж тағы жоқ. Автор шеберлігі, өзіне тән қолтаңба қалайда оқырман сенімін алдамай, сезіміне селкеу түсірмесі түсінікті.

Тұрсын Жұртбайдың «Бесқарагер» (хикаят) хамсасының алғашқы «Жанарыма тұнған жасым ең...» (Елес) бөлімі нысаналы тұлға Мұхтар Әуезовтің тартысқа толы тағдырының толғауы, ол кешкен ғұмырдың бізге беймәлім тұстарының сыры. Бір қарағанда көркем шығарма болғанымен астарындағы тарихи сарын да шындық шақырады. Ғұлама ғалым, кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойына орай әм туған күні қарсаңында «Бесқарагер» хикаятының М.Әуезовке қатысты үзіндісін оқырмандар талқысына ұсынып отырмыз.

Қуат Қиықбай

жазушы. Семей қаласы

 

ЖАНАРЫМА ТҰНҒАН ЖАСЫМ ЕҢ...

(Елес)

 

Ол өзiнiң өмiрiнiң аяқталып келе жатқанын сезетiн. Қандай құпия күштiң емеурiн танытқанын кiм бiлсiн, жүрекке тұнған өмiр нұрының қызуы қайтып, жан дүниесiн салқын леп шалғанын аңғарған. Тiршiлiктiң күйкi қаракетiнен бас тартып, оңаша отырып, ойға батуды ұната бередi. Азабы мен рақаты өзектесе өрiлген сүйiктi шығармасымен қош айтысқалы үш жыл өттi. Ендi оның орнын сағынышты мұң мен толғақты толғам басқандай. Өз ғұмырының ащы-тұщысын саралап, iштей тосын байлам жасаған.

Ұзақ отырып, қағаз бетiне түсiрген өсиет хатын төрт бүктеп, ақ конверттiң iшiне қаттады да, сыртына: "Қадiрлi адал жарым, қашан, қайда екенiн бiлмеймiн, әйтеуiр бiр жаманат хабарды еститiнiң анық қой. Мен алыс сапарда жүрiп көз жұмғандай боламын ба? Сонда саған айта алмай қалатын бақылдасуым бұл, айып етпе. Тек өтiнерiм: сол суық сөзден құлағдар болғанша – хатты ашпа. Жүрегiмдегi жұмбақ сырды, өсиет тiлектi тiршiлiгiңде әшкерелеудiң ретi келмес. Ыңғайсыз ғой. Қоңырың", – деп жазды. Мол денесiмен баяу қозғалып барып, конверттi кiшкентай қобдишаның  iшiне салып, демалатын бөлмедегi әйелiнiң киiм iлетiн шифоньерiне апарып қойды. Iле қайта алып, қобдишаның түп жағындағы сарғыш тартқан араб әрiпiмен жазылған қағазды ашып оқыды. Тұла бойы шымырлап, кең маңдайы сызаттанып, аялы жанарына мұң ұялады. "Апырмау, мынау Құралайдың соңғы хаты ғой. Иә, сол"...  "Сәлемет,  сау ма денiң, өмiрлесiм...".

Кенет түн тынышын бұзып, телефон безiлдей шырылдады. Қобдишаны ысырды да, жылдам басып трубканы көтердi. Ар жағынан алқынған адамның ащы дауысы шiңгiрлей жөнелдi.

– Ойбай, өрт! Шығыңыз тез! Өрт... 

– Не дейдi?

– Өлдiңiз ғой, ойбай, өлдiңiз ғой. Өрт... Үйiңiздiң шатыры жанып жатыр! Шатыры...

Өрт! Трубканы лақтырып жiбердi де, мол денесiмен жылдам қимылдап  әйелiн оятты:

Бол, тез! Балаларды  сыртқа шығар. Үй өртенiп жатқан көрiнедi. Саты қайда едi?

Жүгiрiп сыртқа шықты да, сатымен жоғары көтерiлдi. Шатырға қол арта бере тоқтай қалды. Түк те жоқ. Тағы да арандату ғой. Бәтшағарлар-ай. Сол кезде балаларды ертiп, көзiне үрей ұялаған қосағы да көрiндi. Нәзiк жүрек айтпай-ақ сездi.

Е, әкеңнiң құрдастары қалжыңдаған екен ғой. Жүрiңдер, үйге барайық, дедi күрсiнiп.

Қатты назаланған Қоңыр үшiншi үйдегi екiншi қабаттағы терезеге қарады. Iле шамын өшiре қойды. Сол. Қазiр Қоңырдың зәресiн ұшырып, шырқын бұзғанға масаттанып, өзiне-өзi айызы қанып тұр-ау, бәтшағар. Iшiң осыншама тар, жүрегiң осыншама қаскүнем болар ма?

Соңғы кезде Қоңыр ұйқысыздық дертiне шалдықты. Қыңыр сөз бен қызғаншақ пенделердiң бақталастық қырсығынан да шығар. Түн ортасында телефон соғады. Трубканы көтерсе, қоя салады да, не шиқылдап, қарқылдап күлiп, сайқымазақ қылады. Соңынан сол сайқымазағын әдетке айналдырды. Мұның жаңа бiр шығарма жазуға кiрiскенiн естiген. Мына қысастығының ниетi жүйкеге тиiп, қолға қалам алдырмау. Олардың кiм екенi iштей сезетiн. "Ит қапты деп мен де қапсам, аузымда не қасиет қалады» дейтiн достарына. Ақыры, мiне, қанден күшiктей күнi-түнi телефоннан шәбелеңдейдi де тұрады. Ұйқысы да қашты. Сондықтан болар кiрпiгiнiң жиегiне қызыл жiп тартқандай қанталап тұр.

Таңғы ауа салқын. Бақшадағы алма ағашы мен өрiктiң бүрi қауызданып, шырыны молайыпты. Көктемнiң көгi түлеп үлгермегендiктен бе, жердiң сызы кеппегендiктен бе – күзгi жапырақтың шiрiндiсiнiң иiсi шығады.

Қоңыр екi қолын артына ұстап, ұзақ серуендедi. Налаға толы ренiштен таза ауа сейiлткендей. Сарғыш тартқан Құралайдың хаты мен нұр тұнған қара көзi, сонау ұмыт қалған, уыз кешкен есiл дәуреннiң елесi тұңғиық тереңiне батырды.

Ол да бiр ұлы өмiрдiң көктемi мен жазының, ыстығы мен ызғарының, медеуi мен мұңының арасындағы өлiара шақ болатын.

Тән дертiн жүрек дертi асқындырып, шемен боп қатқан көксауыр шердi қозғады. Таң сәрiде де, ымыртта да ақ шәлi жамылған күңгiрт көлеңке көшенiң қалтарыстарынан, есiктiң қапталынан бұған сұқтана қарап, көз тiгiп, өзiне шақырып тұрғандай. Қоңырдың күйкi тiрлiк пен қысастық қылықтардың қоңырсығынан арылғысы, түтiн ыстаған жан сарайын тұнық ауамен тазартқысы келдi.

Күтпеген беймезгiл шақта балдәуреннiң уызын кешкен солтүстiктегi қалаға аттанды. Қиналыс пен толғаныстың толқыны мендеген жанның мынау дүниедегi күнә мен қиянаттан, пендешiлiктен айығып, қансонар маусымдағы бүркiттей дүр сiлкiнiп, өмiрiнiң екiнтiсi ауған шақта, соңғы түйiннiң бунағы көрiнген заматта пейiлi құлаған зауал саяхаты болатын. Қоңырдың өмiр-санасымен қоса, көшiп жүрген елестердi терiстiк өлкенiң топырағына қалдырып, кеткен күннiң шаң қапқан көрiнiсiнен бiржола адалануды қалады. Бұл оның жан дүниесiнiң соңғы жаңғыруы, ақырғы түнемел сапары едi.

Ақ шәлi тартқан күңгiрт көлеңке де сол қалаға iлесiп барды.

 

I

 

Көңiл де, күн де күңгiрт. Сауыры жер сызған бұлт қаланың еңсесiн басқан. Арналы ертiстiң толқындары да сұрғылт. Кейде аударылып түскен құлынның жалындай төңкерiлiп кетедi. Жар жағалауында жалғыз адам тұр. Аңғардан ескен салқын леп кең маңдайын аймалап, бұйра шашын демiмен үрлейдi. Су терең. Жалқы жанның ойы одан да тұңғиық. Ағынды дарияның бұралаң аңғарының иiрiлiп ағатын бұрмасы мол. Ой иiрiмiнiң қуаты да күштi.

Қоңыр күрсiнiп қойып, оң қапталдағы ақ мұнараға қарады. Сол қалпы. Тек шаң қауып, қусырма қаңылтыры тоттаныпты. Жылу мұржасының күлiне ысталған. Осыдан қырық жыл бұрын шағын гүлзар болатын. Кеш сайын сейiл құратын. Үшiншi орамдағы темiр шатырлы үйдiң терезесiнен ақ мұнара көрiнiп тұратын. Қарсы алдындағы гимназия... Апалы-сiңлiлi Нестеровалар қыстыгүнi қоңырау таққан ақ боз атты шанамен сабаққа келетiн. Халел екеуi соны тамашалау мақсатымен сегiзге он бес минут қалғанда осы арада күтiп тұратын. Қоңыраудың үнi ызғырық ауада сыңғырлай шығатын. Бiр жолы апалы-сiңлiлi Нестеровалар қастарынан жанай өте берiп:

– Ей, жол тосқыштар, мә, сыбағаларың, – деп қардың астына алғаны бар.

Дауыстарының тазасы-ай. Сыңғырлаған күмiс үндерi  жез қоңыраудың даусымен қоса жаңғырығып, тұнық ауаға ерiп кеткендей.  Өздерi де паң едi- ау, шiркiн...

 Ақ мұнараның қабырғасына иығын сүйеп, ақ шәлi тартқан әйел бұған қарап тұр. Қап-қара жанары нұр шашып, жылы шыраймен баурап өзiне тартып барады. Түсi таныс... Пәлi, Құралай ғой...

– Құралай...

Даусы қатты шықты. Оқыс ұмтылып, кiлт тоқтады. Әйел ғайып болды. Ақ мұнара қаз қалпы. Тағы да елес, Құралайдың елесi.  Сырқаттанбаса неттi. Ойсоқтылық жүйкесiн жұқартқан ба?

Ол таң қараңғысын жамылып тұрып, осы қаладағы жалғыз жүрек жарды жанашыры Қабылға хабарласты. Ұзақ шыңылдап барып жауап қатты. Ар жақтан ұйқылы ояу адамның кейiген үнi шалынды.

– Әй, сайтан алғыр... Құзғындай сарнап... Осыны түнде ажыратып таста дедiм... Қап...ал-ло... Басым...

– Қайырлы таң. Бұл сенбiсiң, Қабыл. Тыныштығыңды алдым-ау.        Кейiме. Мен қара шалыңмын ғой, құзғындай құлқын сәрiден сарнаған. Айып етпе.

– Ойпырым-ай, қара басты-ау  менi... Ассалау...

– Әй, даурықпа, тоқташы... Мен осындамын.

– Қайда?

– Ақ мұнараның қасында тұрмын. Түнгi үште... Самолетпен... Жалғызбын. Ешқайда... Түнi бойы дейсiң бе? Қаланы жаяу араладым.  Бармаймын.  Әй,   ендi   шошаң  қақпай, сөздi тыңдасаңшы. Онысы несi  суырдай  шақылдап... Қабыл! Менiң осында екенiмдi тiрi жан бiлмесiн.

– Иә,  әйелiң  де.  Бұл  өзi  жөнi бөлек  сапар.  Кел,  мен  күтемiн.

Ол трубканы iле салды да, шағын бақшаға беттедi. Бiр кезде екi жағынан үйеңкi жапырағы төгiлiп, желмен қоса желпитiн. Саясы мол, малта тас төселген аллея да жүдептi. Құм қиыршықтаныпты. Бозбала дәуреннiң базары едi-ау. Айтпақшы, дәл осы бақшадағы сенбiлiк серуен кешiнде Ғазиза сұлумен танысқан. Жiгiттiк ындыны құрып,  ғашықтық дертiне ұшыраған. Қаланың сылқым да серi бикешi Ғазиза "биiк, сұлу денелi, толық еттi, ақ жүздi, қой көздеу, бұйраланған қара шашты, ашық мойны бұғақты, жұмыр, сүйкiмдi сұлу-тын. Қылымсуының өзi реттi". Халел ымырт үйiрiле қос  қабатты үйдiң алдынан шықпайтын. Сонда Ғазиза көрмегенсiп терезенiң пердесiн ашып, төсiн жартылай жалаңаштап, шар айнаның алдында таранып, мықынын ұстап, "мүсiнiм қалай"  дегендей оңды-солды бұрылып, сұқтана қарайтын. Содан соң ғана ақ жiбек көйлегiн киiп, айдын көлдегi аққудай сыланып, әтiр майын аңқытып шыға келетiн. Қоңыр досына: "Бұл үлкен романға героиня болуға татымайды.  Одан бергiңдi қазақтың баласысың ғой, өзiң бiлесiң", – дегенi бар. Кейiн соны "Қылықты қызға" желi ғып тартты. Халелден «құралайдың салқынында» көз жазып қалды. Қызық, қазiр Ғазиза тiрi ме екен? Не күй кешуде? Ұшырасса. Құралайға жиi келетiн. Кiшiпейiл.

Айыбы... Жүзiктiң көзiнен жиi өтетiн...

Ту сыртынан бөгде адамның қадалып қалғанын аңғарып, жалт бұрылды. Қабыл мұны қаусыра құшақтап, кеудесiне басын қойып сәл тұрды. Жанарына шық үйiрлiптi. Булығып барып тiл қатты.

– Аманшылық па, әйтеуiр. Жүрiсiңiз суыт, өңiңiз де суық қой. Не қысасқа ұрындыңыз?

– Жә, сабыр. Тыныштық. Ой толғамы мен өмiр толғағы да жүректi түйнеп, шанышқан. Дүние қызығынан қайтқан шағымда тұтқырланған түйнектi ыдыратып, iшкi сарайымды жаңғыртып, өскен өмiр, кешкен тiрлiкпен бiр рет есептесiп, серпiлгiм келедi. Тұла бойым, сезiм-түйсiгiм ыбырсып, қоңырсық басқандай. Ниетiм – қимас кейiпкерiммен қоса  жастығыммен де қоштасу...

–  Түңiлудiң орайы жоқ. Күш-қуатыңыз...

Сен, Қабыл, байсалды сырды жайдақтатпа. Түңiлгем жоқ өмiрден, соған терең үңiлгiм бар. Жалғыздықты аңсап, жабырқайтын шағың да кездеседi екен. Даңғаза шу мен қолпаштау да кiсiнi ерқашты асаудай мезi қылады. Үш шартым бар: қаланы жаяу аралаймыз. Бәрiн. Тiрi жанға тiс жармайсың. Шарап iшпеймiз. Бұл – бiр.

– Бiр.

– Екiншi –  сенiкiне бармаймын. Келiстiк қой.

– Жоқ.

– Ендеше, қазiр-ақ қоштасайық. Онда бұл сапардың сәтсiз аяқталғанына өкiнемiн де, қайтемiн. Сен менi дұрыс түсiн. Шынымды айтсам, бiр күңгiрт көлеңке iзiмдi бағып, аңдып жүргендей. Көзiмдi жұмсам, түсiме енедi, ашсам, қарсы алдымда елестеп тұрады. Қыршын ғұмырына қиянат жасадым ба, зауалына ұшыраймын ба, қайдам... Құралайдың бейнесi жадымнан шықпайды. Бiлесiң ғой. Қысқа да, құштары мол қызық кештiк. Обалына мен қалдым ба деп күдiктенемiн...  Замана ағыны. Ағысқа қарсы жүзе алмадым-ау. Ниетiм – соның зиратына барып, бас иiп, көзiммен көрiп қайтсам деймiн. Әйтпесе маған тiрi сияқты көрiнедi. Өмiр де шеңберлi заңдылыққа бағынады. Сенен өтiнiшiм: бiз тұрған үйде кiмдер бар? Терезесi ақ мұнара жақтағы бөлмесiн бiр түнге жалдашы. Жалғыз өзiм түнеп, өткен-кеткендi саралап, Құралайдың рухымен соңғы рет қоштасайын. Оның  рухы менiмен бақұлдасқанды қалайтын iспеттi. Қайырылып оралудың сәтi келе қоймас... Айыпқа бұйырма... Тосын шешiмге түршiкпе, жан жарасын емдеудiң жолы өзгеше құбылыс. Ал қазiр гимназия арқылы керуен сарайына барайық, содан соң зиратқа...

–  Онда не бар және...

– Бiлем, Құралай Белағашқа қойылған. Бiрақ, есiңде ме, жастық шақтың көп сырлары бүгiнде сонда жатыр ғой... Солармен бiрге көмiлген қызықты көз алдымнан өткiзiп, санамда жаңғыртсам...

Олар қолтықтасып, баяу аяңдап бара жатты. Шағын бақшадағы қос қапталдан төгiлiп тұрған үйеңкiлердiң жапырағының арасынан шыққан ақ шәлi тартқан күңгiрт көлеңке де екеуiнiң соңынан өкшелей iлестi...

Түс қайта қаланың сыртындағы ескi зиратқа келдi. Қоршауы тозып, шарбақтарының құрсауы шетiнептi. Қақпасы айқара ашық. Соқыр соқпақ қана шұбатылып, сорабы өшуге айналыпты. Тек шөп басқан кiшкене төмпешiктер бұлтиып, бауырындағы адам рухын қапсыра құндақтаған. Тiрi пенде жоқ. Қоңыр кiре берiсте аялдап, қабағы жабырқау тартып, түйiле қалды.

– Қазiр мұнда кiсi жерленбейдi. Мүрде алаңы батыс жақта, – дедi Қабыл қысылған кейiппен.

– Өзiм де солай топшылап ем. Мынау төмпешiктер жиырмасыншы жылдары Семейдi серi қала, думан-дәурен атандырған сал жiгiттер мен гүл қыздардың жүзiн көмкерiп, бар қызығын бауырына басып жатыр-ау. Құшағындағы адамдарды аялайтын тiрiлер азайып, ұмытылса, зираттар да жүдеп, қадiрi азаяды екен ғой. Сен шаршаған шығарсың. Менi жалғыз қалдыр да, керi қайт. Түнемел  жағын қарастыр. Есiңде болсын, үш шартқа сай. Терезесi ақ мұнараға қараған кiшкене бөлме... 

Қоңыр тағы да жалғыз. Бүгiн мұқым жастық кешуiнiң көрiнiсiн, ащы- тұщысын көз алдына келтiрiп, саралап шықты. Қуанышы мен қызығы қатар. Өзiнiң пәк ғұмыры, мүбәрәк таза сезiмi, кiршiксiз махаббаты керуендей көштi. Зиратқа келуi де тегiн емес. Қияметтiк қимас адамынан айрылып, бұлардың қатарына да суық ызғардың қашық емес екендiгiн аңғартқан, қазасы қатты жас өлiм Масғұттың денесi осында, мына бiр төмпешiктiң қолтығының астында  жатыр. Артында шешесi аңырап қалып едi. Жесiрi Жәмила – күйеуiнiң дос-жараны Жұмағұлға тиiп, Масғұттан қалған мүлiктi де, үйдi де тартып ап, енесiн қуып шыққан. Аралықта жүрген Қоңырдың бетiн қайтарған. Бұрын жiбектей есiлген әйелдiң көкбеттенгенiне жүрегi тiксiнген. Жүрегi тiлек пен қайғыдан тозған кейуана есiнен адасқан шағында осы төмпешiктi құшып, ұлын бiресе жоқтап, бiресе көмекке шақырып жатып өмiрi үзiлген. Қоңыр жарық  дүниедегi қатыгездiктi тұңғыш рет түйсiнiп, сол оқиға жүрегiне тiкен боп қадалды. Жұмағұлдың сiлiкпесiн шығарып: "Сенi де оқыған азамат дейдi-ау", –  деп налыған. Iле ашына отырып "Шолпанға" жазды-ау... Бейшара кейуананың қарғысы ма, кiм бiлсiн, сол үй өртенiп тынды. Жұмағұл топ-топ матаның ортасында бiр дорба алтын жамбыны кеудесiне басқан күйiнде ысқа тұншығып өлiптi.

Қоңырдың жанары қоршаудың сыртындағы ошаған қурай қаптаған төмпешiкке түстi. Ол – Жұмағұлдың зираты. Халық оның жалғыз кемпiрге көрсеткен қиянатын ұмытпаған. Зұлымдыққа наразылығының белгiсi ретiнде шарбақтың сыртына қойғызған. Сол күйi шеттеп қалыпты-ау. Тiршiлiкте көп күнә кешiрiледi, бiрақ зұлымдыққа рақым жоқ. Кенет шөптiң сыбдыры, қурайдың сынғаны естiлдi. Егде тартқан бурыл шашты, ұқыпты киiнген әйел оқшау тұрған қабiрге раушан гүлiн қойды. Сәл тағзым етiп, бұған ұзақ қарады да, осылай беттедi. Қоңырдың қасына аялдап, сырттағы ошағанды иегiмен нұсқап:

– Зұлымдықты қара жер де бiледi. Қараңызшы, өзге қабiрге жусан мен ермен, көк бас  жоңышқа шыққанда, мында ошағанның өсуiн. Жүрегi де тiкен сияқты едi марқұмның. Табиғат та таниды. Жыл сайын осылай, – дедi үнi жарықшақтанып.

– Көп жүрегiне тiкен боп қадалғаны рас. Алайда табиғаттың мына рақымсыздығы жараспайтын iспеттi...

Ол бек мол мағынаны аңғартады. Бiздiң қабiрiмiзге не өнер екен? 

– Жер жағдайына байланысты ғой.

Қоңыр өзiнiң тым жеңiл, жайдақ сөзiне қысылып, iштей ренжiдi. Iле соны сейiлту ниетiмен.

– Сiз жиi келесiз бе? Мұнда кiмiңiз бар? – дедi.

Жас күнiм есiме түскенде ғана. Кiмiм бар? Ешкiмiм де. Бiрақ ет жақыным осында сияқты. Тереңдеп қайтесiз. Сiз бен бiзге оны еске алу оңайға соқпайды. Бiтеу жараны ашқанда не шығады? Өткендi ұмытпасаң, сол медеу. Кейде өмiрдiң өзiн олардың зиратына қарап тұрып-ақ түсiнуге болады. Ойыңызды бөлдiм-ау, Қоңыр мырза, кешiрiңiз...

– Сiз менi...

– Сау болыңыз.

Егде әйел әдеп сақтап, ер адамға ту сыртын көрсетпей, қырын бұрылып қақпаға қарай беттедi. Зады өмiрдiң тезiне түсiп, сынын бастан кешiрiп ысылған-ау. Тiлi де майда,  ойды астарлап сөйлейдi. Самайы бурыл тартыпты. Пiшiндi, аялы көз, ақ шалған қысқа шаш. Неге екенiн кiм бiлсiн, егде әйелдi орыстың ақыны Анна Ахматоваға ұқсата бердi. Бiр рет Мәскеуде дидарласқан. Жүрiс-тұрысы ұстамды, зиялы екен өзi...

Көлеңке басы ұзарып, екiндi ауды. Қоңыр кiп-кiшкентай төмпешiктi әзер тапты. Бұл оның тұңғыш қызы Райханның қабiрi. Бетiн бетеге көмкерiптi. Тiзерлеп отырып, топырағын алақанымен сипады. Жұп-жұмсақ. Әлдеқандай леп оның қолын қарығандай. Тартып алды. Бұл не?  Ол сонда ғана шешек шығып, денесi күйiп-жанып, ынқылдап жатқан үш жасар Райханның маңдайын ұстағаны, кiп-кiшкентай адамның бойынан шыққан мұндай қызудан тiксiнiп, керi жұлып алғаны ойына оралды. Сол қызудың табын тiтiркену жүйесi ұмытпаған-ау. Өзi де сүйкiмдi, Құралайға тартқан ақ құба, мойылдай қара көздi, ойнақы сәби едi. Мойнына асылып: "Сенi сағындым", –  деп мұның әуелi маңдайынан, сосын екi бетiнен, мұрнынан, иегiнен шөп-шөп сүйетiн. Бiрде: "Мен көп-көп жасаймын. Мұнша жасқа келемiн", –  деп үш саусағын көрсеткенi бар. Iшiнен секемденсе де сездiрмедi. Iле шешек iндетi шығып, етi бөртiп, қызыл нүктелер қаптады.

Кiшкене бөлменiң iшi жүдеп, сарылған сары уайымның көлеңкесi үйге енiп, әлсiз жарық та күңгiрттене дiрiлдейдi. Құрттай ғана тiршiлiк иесi өлiммен арпалысады. Қарсылық көрсетедi, бұларды көмекке шақырады.

Қоңыр мен Құралай жалғыз бүлдiршiнге телмiре қарап, сарыла үмiттенедi. Райханның көз нұры сөнуге айналған жарықтай өшiп барады. Зәрлi де аязды түн науқас жанды құшағына қымтап орағалы жатқандай. Меңiреу түнмен, меңдеген дертпен ауру баланың өмiрi жарыса алған жоқ. Бiр ғұмырдың, бейкүнә, мүбәрәк ғұмырдың шамы сөнгенде, ағаш төсекке бар денесiмен қолын соза ұмтылды.

Байланысты жаналықтар

Кітап-ең үлкен қазына

12.04.2024

«ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап»

11.04.2024

«Фараби әлемі» халықаралық ғылыми конференциясы мәресіне жетті

07.04.2024

Мәскеуде Кемел Тоқаевтың өмірі жайлы кітап шықты

05.04.2024

Бүгін әйгілі академик Өмірзақ Айтбаевтың туған күні

05.04.2024

АҚШ президенті Джо Байденнің әйелі мысық туралы кітап жазды

04.04.2024
MalimBlocks
Кітап-ең үлкен қазына

Қазіргі таңда өмірімізде ғаламтордың алатын маңызы зор екені белгілі. Дегенмен, осы уақытқа дейін бүкіл адамзат жинаған білімнің негізі кітапта екені дау тудырмайды.

«ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап»

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 2012 жылдың басында жастарға, қоғамға ой салатын «ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап» деп аталатын жобаны бастаған болатын. Студенттер үшін тиімді, кітап оқудың жеңіл түрін ұсынған алғашқы бастама.

«Фараби әлемі» халықаралық ғылыми конференциясы мәресіне жетті

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде студенттер мен жас ғалымдардың «Фараби әлемі» атты халықаралық ғылыми конференциясы өтті.

Мәскеуде Кемел Тоқаевтың өмірі жайлы кітап шықты

Ол – қазақ тілінде алғаш детектив жанрында қалам тербеген санаулы жазушының бірі.

Бүгін әйгілі академик Өмірзақ Айтбаевтың туған күні

87 жыл бұрын (1936-2020) – Қазақстанның тіл ғылымы саласындағы әйгілі академик Өмірзақ АЙТБАЕВ дүниеге келді, деп хабарлайды Malim.kz.

АҚШ президенті Джо Байденнің әйелі мысық туралы кітап жазды

АҚШ президенті Джо Байденнің жұбайы Джилл Байден балаларға арнап «Уиллоу – Ақ үйдегі мысық» (Willow the White House Cat) атты кітап жазып шықты. Бұл туралы Америка дауысы агенттігі хабарлады.