«Үкіметтік емес ұйымдарға арналған сыйлықақы – 2022» лауреаттары марапатталды

Үкімет еліміздегі азаматтық қоғам институттарын дамуына, нығайуына мүдделі. Осы мақсатта үкіметтік емес ұйымдармен әріптестік орнатуда түрлі шаралар атқарып келеді.

Айбек Ережеп

  • 02.12.2022

Үкіметтік емес ұйымдармен осы жылы атқарылған жұмыстар қорытындыланып, желтоқсанның 2-күні Қарағанды ​​қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы ​​облыстық академиялық қазақ драма театрында салтанатты жиын өтті. Онда үкіметтік емес ұйымдарға арналған сыйлық жеңімпаздары  марапатталды, сондай-ақ,  ән мен жырға толы әсем концерт қойылды.

Марапаттау рәсіміне Астанадан арнайы келген Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі,  парламент депутаттары Ляззат Сүлеймен, Шамиль Осин, Әлия Әбсеметова, Қарағанды ​​облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, сондай-ақ, кәсіпкерлік саласының, қайырымдылық және волонтерлікпен айналысатын ұйымдардың өкілдері қатысты.

Министр өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың елдегі қоғамдық-саяси реформалардың жаңа бағытына, оның ішінде азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайтуға да басымдық бергендігін айтып өтіп, министрлік тарапынан азаматтық сектормен жұмыс істеу, ҮЕҰ-мен жобалық ынтымақтастықты трансформациялау бойынша бірқатар бастамалар қолға алынғандығына тоқталды:  

«Үкіметтік емес ұйымдарды қаржылай қолдау тетіктерін жетілдіру бойынша заң қабылданды. Заң аясында қоғаммен жұмыс істейтін жаңа мемлекеттік қолдау тетігі – стратегиялық әріптестік енгізілді. Ауылдық жерлердегі азаматтық бастамаларды қолдау тетігі әзірленді. Гранттық қаржыландыру жүйесін ауылдық қоғамдық ұйымдардың сұранысына бейімдеп, жеңілдетілген режим ұсынылды. «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасы әзірленді».          

Жалпы, ҮЕҰ-ға арналған марапат – аталған ұйымдарға республикалық, салалық және өңірлік деңгейде әлеуметтік мәселелерді шешуге қосқан үлесі үшін бюджет қаражаты есебінен берілетін ақшалай сыйлық.

Министрлік 2017 жылдан бастап енгізген жүлденің мақсаты –Үкіметтік емес сектордың қызметін қолдау, ұйымдардың материалдық және кадрлық әлеуетін нығайту, қоғамға пайдалы жобаларды жүзеге асыруға ынталандыру. Сыйлыққа енгізілген күннен бері 287 үкіметтік емес ұйым ие болған.

Биылғы байқау 15 бағыт бойынша (Білім, ғылым, ақпарат, дене шынықтыру және спорт саласындағы мақсаттарға жету; Азаматтардың денсаулығын сақтау, салауатты өмір салтын насихаттау; Қоршаған ортаны қорғау; Жастар саясаты мен балалар бастамаларын қолдау; Отбасылық, демографиялық және гендерлік мәселелерді шешуге үлес қосу; Халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау; Жетім, толық емес және көп балалы отбасылардан шыққан балаларға көмек; Халықты жұмыспен қамтамасыз етуге жәрдемдесу; Азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, заңды мүдделерін қорғау; Мәдениет пен өнердің дамуы; Тарихи-мәдени мұраны қорғау; Қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту; Пробация қызметіне олардың есебінде тұрған адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуге жәрдемдесу; Мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қоғамдық мониторинг жүргізу; Азаматтық қоғамды дамытуға, оның ішінде үкіметтік емес ұйымдар қызметінің тиімділігін арттыруға жәрдемдесу) өткен.

«Қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ баспасөз қызметінің мәліметінше биылғы байқауға еліміздің барлық облыстары,  республикалық маңызы бар қалалары мен Астанадан 213 үкіметтік емес ұйым қатысқан.  Солардың ішінен 189 өтінім іріктеліп, 55 ұйым жеңімпаз атанған.