VR мен АR дәуірі
Virtual reality (VR) – виртуал шындықтың тарихы ХХ ғасырдың ортасынан бастау алады. Ең алғаш қазіргі VR жүйелерінің алғашқы ізашарының бірі – Sensorama құрылғысы пайда болды.

Көпке танымалы сол – бұл құрылғының көмегімен кино не ойынның ішінде жүріп, ерекше әсерге бөленесің. Әйтсе де, бүгінде аталмыш көзәйнектің қолданыс аясы әбден кеңейе түскен: VR көмегімен дәрігерлер күрделі ота жасап, AR септігімен науқас ем нәтижесін алдын ала көре алады. Ал болашақта бұл технология тіптен таңғалдырмақ, адамдар бір-бірімен шынайылықтың шегінен тыс жүздесіп, фобиясын жеңу үшін оның көмегіне жүгінеді деседі. Жарты ғасыр бұрын ғана жаңалық болған жаңа дәуір жайлы не білеміз?
Виртуал шындық
Virtual reality (VR) – виртуал шындықтың тарихы ХХ ғасырдың ортасынан бастау алады. Ең алғаш қазіргі VR жүйелерінің алғашқы ізашарының бірі – Sensorama құрылғысы пайда болды. 1962 жылы Мортон Хейлигтің бұл механикалық симуляторы көрнекі, дыбыстық және тактильді әсерді пайдаланып, қолданушыға виртуалды ортаға енгендей әсер сыйлады. Sensorama адамға қаланың виртуалды көшелерімен «серуендеуге», желдің лебі мен иісін сезінуге мүмкіндік берді. Ал 1968 жылы Иван Сазерленд пен оның студенті Боб Спроул VR дамуы үшін маңызды жаңалық ашты, олар The Sword of Damocles деп аталатын алғашқы HMD (Head-Mounted Display) құрылғысын жасап шығарды. Үшөлшемді нысандарды қарапайым графика арқылы бейнелей алатын жаңа құрылғы өте ауыр болды және төбеге ілінген күйде жұмыс істеді. Тоқсаныншы жылдары алғашқы коммерциялық VR құрылғылар, соның ішінде Virtuality жүйесі пайда болды. Бұл жүйелер ойын-сауық орталығында қолданылып, пайдаланушыға виртуалды әлемге ену мүмкіндігін берді. Virtuality-дің бас киімі мен қолғабы болды, ол виртуал әлемде қолданушының қимылын бақылауға көмектесті. 2000 жылдары компьютерлік графика мен есептеу қуатының дамуы неғұрлым шынайы әрі интерактивті виртуал әлемді жасауға жол ашты. Алғашқы VR-симуляторлар әскери қызметкерлер мен ұшқыштарды оқыту үшін қолданылды. 2010 жылы виртуал шындықтың дамуы жаңа деңгейге көтерілді, Палмер Лакидің Oculus Rift құрылғысы кідіріс уақытын төмендетіп, виртуал әлемге ену сапасын айтарлықтай жақсартты. Осыдан кейін HTC Vive және PlayStation VR сияқты құрылғылар нарыққа шығып, VR технологиясы көпшілікке қолжетімді болды.
Толықтырылған шындық
Augmented Reality (AR) – толықтырылған шындық виртуал шындықтан кейінірек дами бастады. 1990 жылы Том Коделл «толықтырылған шындық» терминін енгізіп, шынайы әлемге сандық элементтерді енгізетін технологияны сипаттады. 1992 жылы Луис Розенберг Virtual Fixtures деп аталатын AR жүйесін ұсынды. Бұл жүйе АҚШ Әскери-әуе күштері ұшқыштарына күрделі тапсырмаларды орындауға көмектесу үшін жасалды. Virtual Fixtures механикалық манипулятор мен графикалық қабатты қолдана отырып, ұшқыштардың жұмыс тиімділігін арттырды. 2000 жылдары алғашқы мобильді AR-қосымшалар пайда болды. 2009 жылы Layar компаниясы смартфон камерасын пайдаланып, шынайы әлемге сандық ақпарат қосатын алғашқы қосымшалардың бірін шығарды. Бұл қосымша пайдаланушыға ғимараттар мен объектілер туралы ақпарат көруге мүмкіндік берді – ол үшін смартфон камерасын сол объектіге бағыттау жеткілікті болды. 2010 жылы мобильді технологияның дамуы, смартфондардың жоғары сапалы камера және сенсормен жабдықталуы AR жүйесінің дамуын жеделдетті. 2013 жылы Google компаниясы Google Glass толықтырылған шындық көзілдірігін таныстырды. Бұл құрылғы пайдаланушыға қажетті ақпаратты көз алдында көрсете алды. Жоба коммерциялық тұрғыда сәтсіз болса да, AR мүмкіндігіне қызығушылық артты. 2016 жылы Pokémon GO ойынының шығуы AR технологиясының жаппай танылуына серпін берді. Бұл ойын GPS пен смартфон камерасын пайдаланып, виртуалды покемондарды шынайы әлемге енгізді. Pokémon GO миллиондаған адамның сүйіктісіне айналды және AR-дың ойын индустриясында интерактивті әрі қызықты бола алатынын көрсетті.
Барлық салаға ене бастады
Бүгінде VR тек ойын индустриясында ғана емес, медицина, білім және өнеркәсіп салаларында да кеңінен қолданылады. Медицинада VR науқастың оңалуына, сондай-ақ хирургтарды кәсіби оқытуға көмектеседі. Виртуалды симуляторлар хирургтарға күрделі ота жасауға мүмкіндік береді. Бұл науқас үшін қауіпсіздік деңгейін арттырады. Ал AR науқастың ем нәтижесін алдын ала көруге мүмкіндік береді. Көп компания өнеркәсіпте қызметкерді оқыту және өндірістік процесті тәжірибеден өткізу үшін VR пайдаланады. Виртуал тренингтер жұмысшыларға қауіпсіз ортада дағдысын шыңдауға көмектеседі. АR да көптеген салада сенімді көмекші. AR қосымшалар сауда-саттықта киім мен жиһазды онлайн режимде өлшеп көруге мүмкіндік береді. Мысалы, IKEA AR технологиясын пайдаланып, жиһаздың интерьерге қалай үйлесетінін көруге жағдай жасады. Сондай-ақ AR навигацияны жеңілдетті. Мысалы, Google Maps сияқты қосымшалар маршрутты нақты уақыт режимінде көрсетеді. Сондай-ақ VR, AR технология білім ордаларында интерактивті сабақтар мен виртуал экскурсия жасау үшін VR қолданады. Мысалы, студенттер тарихи орындарға саяхат жасап, адам анатомиясын үшөлшемді кеңістікте зерттей алады және тағы басқа.
Техносарапшылар VR және AR технология болашақта адамзат өміріне дендеп енетінін айтады. Мәселен, әлеуметтік VR платформалар дамып, адамдар нақты уақыт режимінде кездесе алады. VRChat, AltspaceVR сияқты алаңдар қазірдің өзінде виртуалды кездесу мен іс-шара өткізуге мүмкіндік беріп отыр. Ал AR-көзілдірік күнделікті тағуға болатындай ықшамды әрі сәнді бола бастайды. Бүгінде Apple және Microsoft секілді компаниялар AR көзілдірікті басқа құрылғымен біріктіруге тырысып жатыр. VR және AR жасанды интеллектпен «достаспақ». АІ пайдаланушының мінез-құлқын талдап, VR және AR жүйесін адамның жеке қажеттілігіне бейімдей алмақ. Сондай-ақ VR және AR күтпеген салаларда қолданылмақ. Мәселен, психотерапияда VR фобиялар мен посттравматикалық бұзылысты емдеу үшін қолданылатын болады. Архитектура AR сәулетшілерге жобаны нақты уақытта көруге және өзгертуге көмектеседі. Сондай-ақ VR ғарышкерлерді жаттықтыру және қашықтықтан басқарылатын миссияны модельдеу үшін қолданылуы мүмкін.
Асыл ТҰМАР, "Айқын"
Фото: aikyn.kz