freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Трамп бірнеше елге баж салығын салуды жалғастырады

Әлем
Трамп бірнеше елге баж салығын салуды жалғастырады
The White House

АҚШ президенті Дональд Трамп Жоғарғы соттың шешімдеріне қарамастан, баж салығын енгізуді жалғастыратынын мәлімдеді. Оның айтуынша, импорттық баждардан бөлек, енді ол шетелдік мемлекеттерге қатысты «қорқынышты істер» жасау үшін сауда лицензияларын пайдалана алады. Бұл туралы ол өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде жазды, деп хабарлайды Malim.kz.

«АҚШ-тың Жоғарғы соты өздерінің орынсыз, ақымақ әрі халықаралық қауымдастықты қатты бөлшектейтін шешімі арқылы мені, АҚШ президенті ретінде, бұрын-соңды болмаған әлдеқайда кең өкілеттіктер мен мүмкіндіктерге ие қылып қойды.

Енді мен лицензияларды шетелдік мемлекеттерге, әсіресе ондаған жылдар бойы АҚШ-ты «тонап келген» елдерге қатысты мүлде “қорқынышты” әрекеттер жасау үшін пайдалана аламын. Сот сондай-ақ басқа да барлық тарифтерді — ал олардың саны аз емес — мақұлдады, енді оларды бастапқыдағыдан әлдеқайда қатаң әрі қысым көрсететін түрде, толық заңдық айқындықпен қолдануға болады», — деп жазды Ақ үй басшысы.

Басқа бір жазбасында Трамп импорттық баж салығын енгізу үшін АҚШ Конгресінің мақұлдауын алудың қажеті жоқ екенін мәлімдеді.

«Президент ретінде маған баж салығын енгізу үшін Конгреске қайта жүгінудің қажеті жоқ. Мұндай өкілеттік баяғыда-ақ түрлі формада берілген! Оны Жоғарғы соттың орынсыз әрі сапасыз жазылған шешімі енді ғана тағы бір рет растады!» — деп жазды АҚШ басшысы.

Сондай-ақ Трамп Жоғарғы соттың өзі бұрын енгізген бірқатар импорттық шектеулердің заңсыздығы туралы шешімін пайдаланғысы келетін елдерге баж салығын көтеретінін айтып, ескерту жасады.

«Жоғарғы соттың бұл орынсыз шешімімен “ойнағысы” келетін кез келген ел, әсіресе жылдар бойы, тіпті ондаған жылдар бойы АҚШ-ты “тонаған” мемлекеттер, жуырда ғана келіскен мөлшерден әлдеқайда жоғары баж салығына тап болады», — деп қоқан-лоқы жасады АҚШ президенті.

Өткен жұма күні АҚШ-тың Жоғарғы соты Трамп әлем елдеріне қатысты импорттық баж салығын енгізген заң оған мұндай өкілеттік бермейді деген шешім шығарды: Конституция бойынша мұндай құқық тек Конгреске тиесілі.

Трамп бұл шешімді масқара деп атап, өзінің балама жоспары бар екенін айтты және ұлттық қауіпсіздікке байланысты барлық тарифтерді сақтап қалуға уәде берді. Осыдан кейін Ақ үй басшысы әлемнің барлық елдері үшін 10 пайыздық тариф енгізуді тапсырды. Кейінірек Трамп бұған дейін енгізілген баждарды 15 пайызға дейін көтергенін хабарлады. Жаңа шара 25 ақпанда күшіне енеді және 150 күн бойы қолданыста болады.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу