Каспий жағасынан өлі итбалықтар табылды

Каспий теңізінің жағалауынан Қызыл кітапқа енген 88 өлі итбалықтың денесі табылды. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Өлі жануарлардың сүйектерін Маңғыстау облысы Түпқараған ауданында, Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері анықтаған. Оқиға орнына инспекция, жергілікті атқарушы орган және Гидробиология және экология институтының өкілдері шықты. Факт Түпқараған аудандық полиция бөлімінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелген.
«Казгидромет» мәліметінше, аталған кезеңде өңір акваториясында батыс бағытындағы желдер басым болған. Соның салдарынан итбалықтардың өлі денелері жағаға шығарылған болуы мүмкін.
Комитеттің хабарлауынша, табылған итбалықтардың денесі қатты ыдырау сатысында. Бұл жағдай биологиялық сынамалар алу мен оларды зертханалық жолмен, соның ішінде токсикологиялық және патологоанатомиялық тұрғыдан сараптауды мүмкін етпейді. Сондықтан қазіргі уақытта өлімнің нақты себебін анықтау қиын болып отыр.
Барлық өлі жануар санитарлық талаптарды сақтай отырып, Түпқараған ауданындағы полигонға жеткізіліп, жойылды. Мамандар Каспий теңізінің жағалауын бақылауды жалғастыруда.
Фото: Балық шаруашылығы комитеті