Қазақ даласындағы жасыл энергетика қызықтырады
Францияның халықаралық қатынастар институтының негізін қалаушы және президенті Тьерри де Монбриаль қазақ даласындағы жасыл энергетиканың дамыуына қызығып жүр екен.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі таратқан хабардан осыны ұқтық.
Франция халықаралық қатынастар институты (IFRI) 1979 жылы құрылған.
40 жылдан аса халықаралық мәселелерді талдау және болжау саласындағы негізгі институт ретінде саналады.
«Біздің ел климат жөніндегі халықаралық шарттарға сай белсенді жұмыс жүргізуде. Климат саясатындағы Париж келісіміне де Қазақстан ТМД елдері арасында бірінші болып қол қойды», - деп сөз бастапты министр З.Сүлейменова.
Министр айтып отырған келісім бойынша Қазақстан 2030 жылға қарай озон қабатына зиян парниктік газдарды 15 пайызға қысқартуы тиіс.
Бұл ретте көмір сияқты ауыр әрі зиянды энергия көздерін пайдалануды тоқтатып, жасыл энергетика көшу шарт. Жасыл энергетика не дегенге келсек, ол күннен, желден энергия алу. Сондай-ақ, атом электр станциясын салу. Мамандардың айтуынша, күн мен жел тұрақты емес, сондықтан олардан алынатын энергия да тұрақты емес. Ал, атом электр станциясында ондай ауытқушылық жоқ. Қазақстан АЭС салғысы келетінін ресми түрде мәлімдеген. Бірақ, АЭС салатын елдер консорциумы арасынан қауіпсіздікке жауапты компанияны таңдау сәтінде. Консорциумда қытайлық China National Nuclear Corporation, кореялық Korea Hydro & Nuclear Power, француздың Еlectricitе de France және ресейлік «Росатом» бар екенін ескерсек, франциялық қонақтың қазақ даласындағы жасыл энергетикаға қызығушылығы түсінікті.
Дегенмен, кездесуде мәселе жан-жақты талқыланған сияқты.
Экологиялық көлік түрлеріне стандарттар, отын мен энергияны тұтынуды азайту, қалдықтарды қайта өңдеу, энергия тиімділігі де сөз болыпты.
Сондай-ақ, З.Сүлейменова климаттың өзгеруіне бейімделу, жаңартылатын энергия көздерін енгізу, сутегі энергетикасын дамыту, сондай-ақ шөлейттенуді тоқтатуда 2 млрд.ағаш егу жұмыстарын қызықтыра баяндап беріпті.