Қазақстан сұйытылған газды экспорттауға тыйымды ұзартты

Қазақстанда сұйытылған газ бен болат дайындамаларын экспорттауға тыйым тағы алты айға ұзартылды, деп хабарлайды Malim.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл шешім Үкіметте ұлттық экономика министрі – премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен сыртқы сауда саясаты мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында қабылданды.
Шектеу шарасы сұйытылған газдың көрші елдерге заңсыз тасымалдануына жол бермеу және ішкі нарықта тапшылық туындауының алдын алу мақсатында енгізілді.
Сонымен қатар болат дайындамалары мен жартылай фабрикаттарды сыртқа шығаруға қойылған тыйым да тағы алты айға ұзартылды. Үкімет мәліметінше, бұл шешімнің оң нәтижесі ретінде металлургия өнеркәсібінде өнімді терең қайта өңдеуге бағытталған өндірістік қуаттардың қайта бағдарлануы және арматура экспортының 30 мың тоннаға жуық артуы атап өтілді.
Бұдан бөлек, Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден гипсокартон мен тас өнімдерін әкелуге уақытша үш айлық тыйым салу қолдау тапты. Бұл ретте отандық өндірушілер бағаны тұрақты сақтау міндеттемесін өз мойнына алды.
Отырыста сондай-ақ Қытай мен Украинадан әкелінетін ыстықтай деформацияланған жіксіз құбырлар мен мырышталған болат өнімдеріне қатысты антидемпингтік шараларды ұзарту туралы шешім қабылданды.
Қосымша ретінде, фанера экспортына арналған автоматты лицензиялау енгізу мақұлданды. Бұл шара өнімнің экспорттық ағындарын бақылауға мүмкіндік береді.
Фото: istockphoto