Елордада электрсамокат мінген полицейлер құқық бұзушылықтардың алдын алуда, деп хабарлайды Malim.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Жаңа формат аясында патрульдік полиция полкінің инспекторлары электрсамокатпен саябақтарда, тұрғын алаптарында және адам көп шоғырланатын орындарда қызмет атқарып жатқаны айтылды.
Полицейлер арнайы бағыттар бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізіп, электрсамокат пайдаланушылары арасындағы жол қозғалысы ережелерін бұзу деректерін анықтап, олардың жолын кесуде. Мұндай тексерулер тұрақты түрде өткізіледі.
"Елорда полициясы құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жүйелі жұмыстарын жалғастырып келеді. Тәртіп сақшыларының өздерінің электрсамокат қолдануы жол қозғалысы ережелерін сақтаудың көрнекі үлгісіне айналып, тұрғындардың қауіпсіздік мәселесіне деген жауапкершілігін арттыруға ықпал етуде. Мамандардың айтуынша, электрсамокатпен жүру жоғары қауіппен байланысты. Ең жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың қатарында жылдамдықты шамадан тыс арттыру, жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өту, бағдаршам талаптарын елемеу, сондай-ақ самокаттарды ретсіз қалдырып, жаяу жүргіншілерге кедергі келтіру деректері бар. Рейд барысында полиция қызметкерлері құқық бұзушыларды жауапкершілікке тартып қана қоймай, профилактикалық түсіндіру жұмыстарын да жүргізуде. Әсіресе балалар мен жасөспірімдерге ерекше назар аударылады. Ата-аналарға жол қауіпсіздігі ережелерін түсіндіріп, электркөлік құралдарын пайдалануды бақылауда ұстау ұсынылады", - деп жазылған Polisia.kz ақпаратында.
Полиция электрсамокат қолданушыларға қауіпсіздік талаптарын еске салып отыр. Оның ішінде электрсамокатпен екі адам болып жүруге тыйым салынады. Сондай-ақ, қорғаныш шлемін кию міндеттелген. Бұдан бөлек:
- басқаруға тек 18 жасқа толған азаматтар жіберіледі;
- жүргізуші куәлігінің болуы қажет;
- қараңғы уақытта жарық қайтаратын кеудеше пайдалану керек.