freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Францияда Әлиевтің сыншысына жасалған қастандық ісі бойынша сот басталды

Әлем
Францияда Әлиевтің сыншысына жасалған қастандық ісі бойынша сот басталды
president.az

Францияның батысындағы Ренн қаласында 2021 жылы әзербайжандық блогер әрі оппозиция өкілі Мұхаммад Мирзалиге жасалған қастандық ісі бойынша сот процесі басталды. Иль және Вилен департаментінің арнайы алқабилер сотының алдында Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің ең танымал сыншыларының бірі саналатын Мирзалиге шабуыл жасады деп айыпталған тоғыз ер адам сотқа тартылды.

Шабуылды тікелей ұйымдастырды деген күдіктілер мен оларға қатысы бар адамдарға қатысты сот процесі 26 мамырда басталып, 12 маусымға дейін жалғасады.

«Бұл — авторитарлық әрі клептократиялық режимді сынау еркіндігі туралы мәселе», – деді адвокат Анри Карпентье. Оның айтуынша, Мирзали сот процесі аяқталғаннан кейін де өзіне қауіп төнеді деп есептейді.

Францияның RFI медиакомпаниясы хабарлағандай, сот процесі Бретань парламенті ғимаратында бұрын-соңды болмаған қауіпсіздік шараларымен өтіп жатыр. Атап айтқанда, көшелер жабылып, дрондарға қарсы тосқауыл жүйесі іске қосылған. Ал зардап шеккен блогер сотқа құпия бағыт арқылы жеткізіледі. RFI дерегінше, Мирзали «Франциядағы ең қатаң күзетілетін адамдардың бірі» саналады.

Сот процесіне айыпталушылардың бірі қатысып отырған жоқ.

Негізгі айыпталушы — жасы шамамен 30-дағы ер адам. Ол ұсталған кезде жанынан Молдова паспорты табылған. Тергеу мәліметінше, ол Әзербайжан азаматы және өз елінде орыстілді мафиялық топпен байланысы болған. Сот процесінің басында айыпталушы ешқашан Әзербайжан паспорты болмағанын мәлімдеді.

Оған және тағы екі адамға адам өлтіруге оқталды деген айып тағылды. Олардың бірі қазір іздеуде жүр. Егер кінәсі дәлелденсе, олар өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қалған алты ер адам қылмыстық әрекетке көмектесті және арандатты деген айыппен сотталуда.

Блогерге шабуыл жасауды кім тапсырыс бергені тергеу барысында анықталмаған. Мирзалидің адвокаты олардың «Әзербайжанның жоғары билік өкілдерінің қатарында» екеніне сенімді. Ал блогердің өзі қастандыққа Ильхам Әлиев пен оның туыстарын тікелей айыптаған.

Ильхам Әлиевтің сыншысына жасалған қастандық

2021 жылдың наурыз айында Нант қаласында 32 жастағы Мұхаммад Мирзалиге шабуыл жасалды. Ол басы, мойны және қол тұсынан шамамен 15 жерден пышақ жарақатын алған. AFP агенттігінің мәліметінше, содан бері ол полицияның тәулік бойғы күзетімен құпия жерде тұрып келеді.

Франция Мирзалиге 2015 жылы саяси баспана берген болатын. Ол өзінің YouTube-тағы “Made in Azerbaijan” арнасында Әзербайжан билігін және президент Ильхам Әлиевті үнемі сынға алып келеді. Қазіргі уақытта арнаның 345 мыңнан астам жазылушысы бар.

«Шекарасыз тілшілер» (RSF) құқық қорғау ұйымының мәліметінше, Мұхаммад Мирзалиге Франциядан баспана алғаннан кейін үш рет қастандық жасалған. 2025 жылдың жазында Ренн соты осы қастандықтардың біріне қатысы бар деп айыпталған адамды 10 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар сот Әзербайжан билігінің қылмысқа тікелей қатысы бар екенін мойындағанын RSF атап өтті.

Ұйым сот шешіміне сілтеме жасап, Мирзалиге тек өзінің қоғамдық ұстанымы үшін, атап айтқанда «тәуелсіз журналист ретіндегі қызметі» үшін шабуыл жасалғанын хабарлады. Ол «автократиялық биліктің және ұлттық мұнай-газ саласы басшылығының озбырлығын» сынап келген.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу