Астаналық дәрігерлер аналарды қолдауға шақырады
Астана қаласының коммуникациялар қызметі алаңында жаңа туған нәрестелер мен аналардың денсаулығын сақтау мәселесі көтерілді деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Бұл жиында Астана қаласының бас педиатры Дана Абельгазина, Астана қаласының №3 көпбейінді қалалық ауруханасының неонатолог-дәрігері Ұлсерік Қалибекова сөз алып, нәресте мен ана денсаулығына алаңдаушылықтарын білдірді.
Жалпы, тамыз айының алғашқы аптасында табиғи жолмен емізудің бала денсаулығына пайдасын түсіндіру үшін БДСҰ, ЮНИСЕФ және көптеген елдердің денсаулық сақтау министрліктері, азаматтық қоғам серіктестерінің қолдауымен Дүниежүзілік бала емізу апталығы өтеді.
«2023 жылғы апталық ана сүті мен еңбек қызметінің үйлесімділігіне бағытталып, емізулі балалары бар аналардың құқықтарын қорғауға арналады», - дейді Дана Абельгазина.
Яғни ана құқығын қорғап, 18 аптадан кем болмайтын, 6 айдан асатын жүктілік демалысының берілуін және жұмысқа шыққаннан кейін де оларға қажетті жағдайдың жасалынуын насихаттауға бағытталады. Осы жылдың алты айында Астанада 15 121 бала дүниеге келген.
Көптеген елдерде соңғы 10 жылда табиғи азықтандыру бойынша айтарлықтай жетістіктерге жетіп отыр. Расында аналарға жұмыс орнында қолдау көрсетіліп, жағдай жасалуы айтарлықтай маңызды.
«Ана сүті – емізулі баланың дене бітімі мен ой-санасының толыққанды дамуына ықпал ететін, баланың да, анасының да денсауылығына оңтайлы әсер тигізетін, бала үшін теңдесі жоқ қорек болып», - дейді Ұлсерік Қалибекова.
Мамандардың айтуынша ана сүті, сондай-ақ, сәби денсаулығы мен оның дамуына қажетті гормондарды, ферменттерді, биологиялық белсенді қоспаларды және иммундық жүйені нығайтатын бірегей құрамнан тұрады. Соған қарамастан, үш сәбидің екеуі ұсынылған алты ай бойы тек ана сүтімен ғана тамақтанбайды. Бұл көрсеткіш соңғы екі онжылдықта өзгермеген.
Оның айтуынша Қазақстанда ана сүтімен емізуден бас тартудың себептеріне балаға омырауды дұрыс бермеуден тері қабатының ауырсынуына байланысты, фармацевтикалық компаниялардың жасанды қоспаларды жарнамалауы, ана сүті мен табиғи емізудің маңызын түсінбеу жатады.