Бейсенбі күні кешке Иранда наразылық акцияларының күшеюіне байланысты бүкіл ел бойынша интернет өшірілді. Ел аумағында интернетті пайдаланушылардың белсенділігі кем дегенде 12 сағат ең төмен деңгейде сақталып отыр.
Бұл туралы NetBlocks халықаралық интернет мониторингі қызметінің деректері куәландырып отыр.
– Нақты уақыт режиміндегі деректер қазіргі уақытта Иранда бүкіл ел бойынша интернет өшірілгенін көрсетеді, - деп жазды NetBlocks.
Жұма күні таңертең Тегераннан репортаж жүргізген Al Jazeera тілшісі Тохид Асади бейсенбі күні жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат 20:00 шамасында мыңдаған адамның көшеге шыққанын хабарлады.
– Біз Иран астанасының көптеген жаңа ауданында адамдардың көшеге шыққанын көрдік. Мен қала орталығынан көлікпен келе жатқанда бірнеше көше жабылды, - деді Асади.
Ол наразылық білдірушілер мен полиция арасында қақтығыс болғанын атап өтті.
Иран астанасында және басқа да ірі қалаларында елдің қиын экономикалық жағдайына байланысты 28 желтоқсаннан бері жаппай наразылық шаралары өтіп жатыр.
Мұндай шеру алдымен Тегеранның басты базарында басталды. Онда бірнеше дүкен иелері гиперинфляция мен бағаның күрт ауытқуына наразылық білдіріп, сауда нүктелерін жапты. Иранның ұлттық валютасы риалдың ашық нарықта бір АҚШ долларына шаққандағы бағамы 1,46 млн риалдан асып, тарихи ең төменгі деңгейге жеткені хабарланды.
Al Jazeera-ның хабарлауынша, Иран президенті Масуд Пезешкиан наразылықтарды басу үшін «барынша ұстамдылық танытуға» шақырды.
Иранның рухани көсемі Әли Хаменеи биліктің наразылық танытушылармен диалогқа түсуге дайын екенін айтты. Алайда тәртіпсіздіктерге қатысқандарды «орнына қою керек» деп ескертті.
Өз кезегінде Жоғарғы Сот төрағасы Голамхоссейн Мохсени-Эджеи жанжал шығарушыларға ешқандай жеңілдік көрсетілмейтінін атап өтті, сонымен бірге биліктің азаматтардың заңды әлеуметтік талаптарын тыңдауға дайын екенін мойындады.
– Егер біреу тәртіпсіздік тудыру немесе қауіпсіздікке қауіп төндіру ниетімен көшеге шықса немесе оларды қолдаса, онда оларға ақтау жоқ. Жағдай толығымен белгілі болды. Олар енді Иран Ислам Республикасының жауларымен сөз байласып әрекет етіп жатыр, - деді ол.
Осы аптада БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш наразылық акцияларына байланысты одан әрі шығындардың алдын алу қажеттілігін атап өтіп, Ислам Республикасының билігін сөз бостандығы, қауымдастықтар және бейбіт жиналу құқықтарын құрметтеуге шақырды.
Бұған дейін Ирандағы наразылық шеруі кезінде адамдар қаза тапқанын хабарлаған болатынбыз.