Иранда елдегі экономикалық дағдарысқа байланысты басталған толқулар он бірінші күн қатарынан жалғасып жатыр, деп хабарлайды Malim.kz ВВС-ге сілтеме жасап.
Сәрсенбі күні бірден бірнеше жерде наразылық білдірушілер мен қауіпсіздік күштері арасында қатаң қақтығыстар болды.
Ислам революциясы сақшылар корпусына жақын ирандық Fars ақпарат агенттігінің хабарлауынша, елдің оңтүстік-батысындағы Лордеган қаласында қарулы адамдар екі полиция қызметкерін атып өлтірген.
Әлеуметтік желілерде жарияланған видеоларда наразылық танытушылар мен қауіпсіздік күштері арасындағы қақтығыстар көрінеді, кей жерлерде оқ атылған дыбыстар естіледі.
Басқа бірқатар аймақтардан түсірілген кадрларда қауіпсіздік күштерінің оқ-дәрі қолданып, көзден жас ағызатын газ шашып жатқаны байқалады. Ал наразылық білдірушілердің кейбірі оларға жауап ретінде тас лақтырған.
АҚШ-та орналасқан Human Rights Activist News Agency (HRANA) дерегіне сәйкес, наразылықтар қазіргі уақытта Иранның барлық провинцияларындағы 111 қала мен елді мекенге тараған.
Хабарламаларға қарағанда, тәртіпсіздіктер барысында кемінде 34 наразылық қатысушысы мен қауіпсіздік күштерінің төрт қызметкері қаза тапқан, 2200 демонстрант ұсталған.
BBC-дің парсы қызметі 21 адамның қаза тапқанын және олардың жеке тұлғаларын растады. Ал Иран билігі қауіпсіздік күштерінің бес қызметкері көз жұмғанын мәлімдеді.
Еске салсақ, наразылықтар 28 желтоқсанда басталды. Ол кезде дүкен иелері Тегеран көшелеріне шығып, иран валютасының ашық нарықта АҚШ долларына қатысты кезекті рет күрт құнсыздануына наразылық білдірген еді.